Қазақстан • 29 Наурыз, 2017

Бұл бұрынғылардан ерекше шеру болады

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толғалы отыр. Осы айтулы датаға орай, 7 мамырда елордада ауқымды әскери шеру өтеді.

Бұл бұрынғылардан ерекше шеру болады

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, министрлік шараға дайындықты бастап та кеткен. Ведомство басшысы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов көшпелі жұмыс кеңесін өткізіп, әскери шеруді ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. 

Ширек ғасырлық тарихи датаға орай өтетін шерудің өзіндік ерекшеліктері бар. Жұмылдырылған жеке құрам мен әскери техника санының көптігі бойынша бұл шеру бұған дейінгі шерулердің барлығынан асып түспек. 

– Тәуелсіздік алаңында шамамен 30 жаяу парадтық есептоп, яғни құрамында 5 мыңнан астам әскери қызметші салтанатты маршпен адымдап өтеді. 300-ге тарта бірлік әскери техника тартылады. Қазақстандық авиацияның көк аспандағы қуаты мен жауынгерлік әзірлігін еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің шамамен 80 бірлік авиациялық техникасы паш етеді. Бұл ретте, қазақстандықтар алғаш рет өз көздерімен 2016 және 2017 жылдары әскеріміздің арсеналын толықтырған су жаңа әскери техниканы, заманауи қару-жарақ үлгілерін тамашалап, өз бағаларын бере алады, – деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. 

Парадтың тағы бір ерекшелігі, оған Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері, «Жас ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушілері, аумақтық қорғаныс бригадасының ротасы, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектептерінің шәкірттері қатысады. Аталған іс-шараның негізгі түйіні әлі құпия ретінде сақталуда.  

Қарулы Күштер басшылығы әскери қызметшілерді іріктеу және техниканы дайындауды бастап кеткен. Бұл шеру мерекелік іс-шара ғана емес, төл әскеріміздің қуатын, Қарулы Күштердің техникалық тұрғыда жабдықталуын, еліміз бен халқымыздың егемендігі мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін көрсету болып табылады. Бұған дейін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған шеру де көпшіліктің есінде. 

2015 жылғы өткен осы шарада ҰОС жылдарындағы және қазіргі заманғы қазақстандық армияның әскери техникасының үлгілері халық назарына ұсынылған болатын.


Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»





Соңғы жаңалықтар