Көктемгі егіске дайындық көңілден шыға ма?
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың айтуынша, биыл ауылшаруашылық дақылдарын 22 млн гектар алқапқа себу жоспарланып отыр, өткен жылғымен салыстырғанда 311 мың гектарға артық. Мұның ішінде көктемгі егіс алқабының көлемі 18,5 млн гектарға жуықтайды. Дәнді дақылдар 15,1 млн гектар жерге егіледі, ал бидай 12,1 млн гектар алқапқа себілмек. Бұл дақыл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 339 мың гектар алқапқа азайтылған. Сонымен қатар, су сіңіретін дақылдар алқабын азайту көзделіп отыр. Мәселен, күріш алқабы – 1,9 мың гектар, мақта алқабы 4,6 мың гектарға қысқартылып, басымдықты дақылдар алқабы арттырылады. Сондай-ақ, вице-министр мал азығы дақылдары (арпа, сұлы, дәндік жүгері, бұршақ, ноқат) алқабы 208 мың гектарға, жарма дақылдары алқабы 10 мың гектарға арттырылатынын жеткізді. Майлы дақылдар алқабы 2,1 млн гектарға дейін жеткізіледі.
Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді жоғары сапалы тұқымдармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бағдарлама аясында тұқым шаруашылығын қолдау тетігі жетілдірілді. Айталық, биылдан бастап түпкі және таңдаулы тұқымдарды субсидиялау қайта жандандырылады, ал алғашқы репродукция тұқымдары тек басымдықты дақылдар бойынша, минималды нормаларсыз субсидияланатын болады. Сонымен бірге, жеміс-жидектер мен жүзімдердің таңдаулы көшеттерін, бірінші буындағы гибридтерді субсидиялау жалғасады, деп атап өтті Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі. Биыл сондай-ақ, мемлекет АӨК-тің 1500 субъектісіне көктемгі егіс және оны жинау жұмыстарын жүргізу үшін шекті мөлшерлемесі жылына 6 пайыздан аспайтын қаржыландыру жүзеге асырылмақ. Осы жылы көктемгі егіс және оны жинау жұмыстарын қаржыландыруға 60 млрд теңге сомасында бюджеттік несие бөлінген.
2017 жылдың басындағы жағдай бойынша республикада 153 мың трактор, 83 мың тұқым сепкіш, 292 мың топырақ өңдейтін құрал-жабдық, 5 мың бүркуіш, 3,6 мың заманауи өнімділігі жоғары егіс кешені бар. Ал көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізумен қамтамасыз ету мақсатында дизель отынының 375 мың тонна көлеміндегі қажетті көлемі анықталған.
Премьер-Министр Б.Сағынтаев облыс әкімдерінің де көктемгі егіс науқанына дайындықтары жайында есептерін тыңдап, жауапты мемлекеттік органдарға алдағы жұмыстарды жүргізу аясында бірқатар тапсырма берді.
Премьер-Министр Үкімет тарапынан көктемгі егіс жұмыстарын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шешімдер қабылданғанын атап өтті. Осыған байланысты барлық ауыл шаруашылығы жерлері тиімді пайдаланылуы керек. Бюджетте егістік үшін қарастырылған қаражат қатаң түрде өз мақсатына бағытталуы тиіс, бұл мәселе тұқымдарды субсидиялауға да қатысты айтылды.
Премьер-Министр Б.Сағынтаев өзінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовке Энергетика министрлігімен бірлесе отырып ауылшаруашылық тауар өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, «ҚазАгро» холдингіне ақшалай қаражатты уақтылы бөлу және ауылдықтар үшін оның қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.
Индустрияландыру индикаторы қандай?
Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – 2016 жылдың қорытындысы бойынша 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бағдарлама мен оны іске асыру бойынша шаралар жоспарында 4 мақсатты индикатор және 10 нәтижелер көрсеткіші қарастырылған. Бағдарламада жоспарланған 10 нәтижелер көрсеткішінің 2016 жылғы қорытындысы бойынша 8-і жүзеге асырылған. Нәтижесінде, дәстүрлі секторлардағы кәсіпорындарды жаңғырту есебінен қолданыстағы өндірістерді жаңғырту мен кеңейту бойынша, жалпы сомасы шамамен 68,7 млрд теңге болатын, еліміздің 7 өңірінде 10 жоба іске асырылған.
«Жалпы, бағдарламаның индикаторлар мен нәтижелер көрсеткішінің жүзеге асырылу деңгейі 84,6 пайызды құрады», деді Ж.Қасымбек. Ал, шаралар жоспарының тармақтарын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іске асыру деңгейі 97,6 пайызды құраған.
2016 жылы Индустрияландыру картасы аясында 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылыпты. Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүріп жатқанын алға тартты. «Бағдарламаны жүзеге асыру қорытындыларын оң деп бағалауға мүмкіндік бар деп санаймыз», деді министр.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев баяндамашыларды тыңдап болған соң өнеркәсіптің базалық салаларын технологиялық қайта жарақтандыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Премьер-Министр Мемлекет басшысы өз Жолдауында индустрияландыру мәселелерінің маңызды рөлі көрсетілген Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыруға байланысты тапсырма жүктегенін атап өтті.
«Бізге Индустрия 4.0 элементтерін енгізумен қатар, өнеркәсіптің базалық салаларын технологиялық қайта жарақтандыру бойынша ауқымды әрі көп еңбекті талап ететін жұмыстар істеу қажет», – деді Б.Сағынтаев. Сонымен қатар, Премьер-Министр еңбек өнімділігін одан әрі арттыру мәселелеріне баса назар аудару қажеттігін айтты. Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту және шикізаттық емес экспортты дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Премьер-Министр қазіргі сәтте Үкіметтің инвестицияларды тарту жүйесін өзгерту бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын және биылғы жылдың маусым айының соңына дейін Инвестицияларды тарту бойынша ұлттық стратегия әзірленетінін, сонымен қатар, бірыңғай ақпараттық-мониторингтік жүйе енгізілетінін атап өтті. Бұл шаралар инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Сонымен қоса, Үкімет басшысы жұмыс көрсеткіштерінің бірі инвесторларға ұсынуға болатын пысықталған жаңа жобалар болуы тиіс екеніне назар аударды. Осыған орай индустрияландыру басымдықтарына сай келетін жобаларды сапалық тұрғыдан іріктеуге ерекше көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ, Премьер-Министр Мемлекет басшысы Үкімет алдына шикізаттық емес экспорт көлемін 2025 жылға қарай 2 есеге дейін арттыру туралы міндет қойғанын айтты. Қойылған міндетті жүзеге асыру экспорттық қолдау жүйесін «қайта жүктеу» бойынша жүргізілетін жұмыстарды ескерумен және жалпы экономиканың басым салаларында бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістерді дамытумен жүзеге асырылуы тиіс. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Маминге аталған мәселелерді бақылауда ұстау жүктелді.
Мәселенің бәрі Үкімет назарында
Айтқандай, Үкімет отырысының басында ағымдағы мәселелер жайы да сөз болды. Мәселен, Премьер-Министр бұрнағы күні Қызылорда облысында Сырдария өзенiнде су тасқыны басталғанын айтып, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев пен IIМ басшысы Қалмұханбет Қасымовтан жағдайды баяндауды сұрады. Тиісті шаралар дер кезінде қолға алынуы керектігін баса айтты. Үкімет басшысы сондай-ақ, кешелі бері қоғам назарын аударған тағы бір мәселе − Ақтөбедегі газ тапшылығының туындауына қатысты да мән-жайды сұрады. Бұл ретте Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Энергетика министрі Қанат Бозымбаев сөз алды. Олар аймақтағы сұйық отынның жетіспеушілігінің алдын алу шаралары туралы есеп берді. Премьер-Министр мәселені Үкіметтің назарда ұстайтынын айтып, жанармай тапшылығын жою бойынша алдын ала жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»