Менің депутаттық сауалыма түрткі болып отырған http://masa.kz/article/view/id/1327 интернет-газетінде жарияланған «Жар басында жалғыз үй» атты арнайы фоторепортаж. Бұл репортаж басқа мемлекеттік органдармен қатар, Парламент депутаттарының назарына да жолданған екен.
Фоторепортажда Алматы қаласы Алатау ауданында Тереңқара өзені ағып жатқан сайда қоңыс тепкен маскүнем, жезөкше келіншектердің және олардың отбасыларының күнделікті өмірі бейнеленген.
Онда балалардың қарапайым құқықтары тапталып жатқаны көрсетілген. Маскүнемдікке салынған, жезөкшелікпен айналысатын ата-ана бүлдіршіндеріне қайдан қарасын. Осының салдарынан балалардың денсаулық сақтау, қажеттi тұрмыс деңгейi мен жағдайы болуға құқықтары бұзылып, тиісті мемлекеттік көмектен қағылып отыр. Жан түршігерлік жағдай кімді де болса бей-жай қалдырмас.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабына сәйкес балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрі мiндетi екені белгілі. Дегенмен, ата-анасы маскүнем болып, ондай міндетті сезінбеген жағдайда мемлекет балаларды өз қамқорлығына алуы тиіс. Конституциямыздың жоғарыдағы бабына сәйкес бала мемлекеттiң қорғауында болуы шарт.
Қазақстан Республикасының балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясатының мақсаты – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету, оларды кемсiтушiлiкке жол бермеу, құқықтары бұзылған жағдайларда оларды қалпына келтiру.
Балалардың құқықтарын қорғаудың құқықтық, заңды іргетасы қаланған. Қолданыста «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы», «Неке және отбасы туралы» заңдар бар. Сонымен қатар, 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
«Неке және отбасы туралы» Заңның 59-бабына сәйкес баланың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төнгендiгi туралы, оның құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылғандығы туралы белгiлi болған ұйымдардың лауазымды адамдары мен өзге де азаматтар ол жөнiнде баланың iс жүзiнде тұратын жерi бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға мiндеттi. Мұндай мәлiметтердi алған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiнде қажеттi шаралар қолдануы тиіс.
Алайда бұл жағдайда жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдары, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері өз өкілеттіктеріне немқұрайлы қараған.
Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мамандар қызметінің басым бағыты отбасымен және балалармен жұмыста отбасылық сәтсіздіктің бастапқы кезеңінде дер кезінде анықтау мен түзетуге жағдайлар жасауды көздейтін профилактикалық жұмысты ұйымдастыру болып табылады.
Балалардың құқықтарын қорғауға жауапты органдар фоторепортаждағы балаларды ерте анықтап, ата-анасымен жұмыс жасап, болмаған жағдайда балалар үйіне, интернатына тапсыру керек еді. Аталған ұйымдарда балалардың өмірі қиын болғанымен, түскі ас, ыстық тамақты білмейтін балаларға қажетті тұрмыс қамтамасыз етіліп, жағдайлары жасалатын еді.
«Прокуратура туралы» Заңға сәйкес егер адам физикалық жағдайларына байланысты өз құқықтарын қорғауды жүзеге асыра алмайтын болса, прокурор оны қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi. Бұл ахуал прокуратура органдары қорғауға тиісті жағдай деп есептеймін.
Осы ретте, жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдары, білім беру органдары, денсаулық сақтау органдарының балалардың құқықтарын қорғау бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген міндеттерін орындауларын жан-жақты тексеруді және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыруды сұраймын.
Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты.