Кейбір мәселелер бойынша әлі күнге дейін әртүрлі пікірлер айтылғанымен, бағдарлама қабылданды, енді оны іске асыруға барлығымыз білек сыбана кірісуіміз керек. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға деген жүйелі тәсіл – аталған бағдарламаның басты артықшылығы. Мәселен, бүгінде бірқатар көрсеткіштер бойынша артта қалған астық кешенін алайық. Бірінші кезекте, бұл астық сапасына қатысты. Жоғары деңгейдегі протеин әрқашан қазақстандық бидайдың әлемдік нарықтағы артықшылығы болған, бұл ұнның сапасын жақсартушы ретінде сұранысқа ие. Егер тарихын еске түсірсек, сексенінші жылдары Қазақстанда жоғары протеинді 1-2 класты бидай 3,5 млн тоннаға дейін өндірілген. Ал 2016 жылдың нәтижесі бойынша, бізде қандай көрсеткіштер бар? Үшінші кластық сападан төмен астық үлесі 60-70%-ға дейін өскен. Отыз жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда, қазір біз, ең жақсы өнім алған жылдардың өзінде жоғары протеинді бидайды 10 есе аз аламыз. Сонымен қатар, біздің негізгі бәсекелесіміз Ресей таяудағы бес жылда бидай алқабын 24,4 млн гектарға дейін кеңейтуді, ал экспорттауды 4-5 млн тоннаға көбейтуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты, басты астық өніміміздің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жұмыстарды жүйелеу туралы аса жауаптылықпен ойлануымыз керек. Өйткені, еліміздің ауыл шаруашылығының қаржылық ахуалы бидай экспорттаумен байланысты.
Ауа райы жағдайына қанша сілтесек те, маман ретінде маған анығы: қазіргі заманғы технологиялар сақталғанда, кез келген ауа райына төзімді сұрыптарға, химияландыру құралдары қолданылғанда, бүгінде егін және оның сапасына қатысты шығындар әлдеқайда аз болуы мүмкін еді. Осы орайда, көрнекті ғалым, академик Александр Бараевтың «Жерді алдай алмайсың, оны түсіну керек» деген сөздері еске түседі. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын оның басшылығымен «егіншіліктің топырақ қорғау жүйесі» әзірленген. Ол тың игеру аймақтарының жағдайына қарай қолданылып, ерте үсік шалу тәуекелдерін төмендетіп, сапалы бидайдан тұрақты өнім алу үшін, егін жинау науқанын 20 қыркүйекке дейін аяқтауға бағытталған. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда аязсыз қысқа аралықта 30% орташа ерте пісетін сұрыптар және 70% орташа пісетін сұрыптар себілетін. Мұнда кеш пісетін сұрыптар туралы сөз болуы мүмкін емес еді. Осылайша, әр аймақ үшін әртүрлі мерзімде пісетін бидай сұрыптарының жиынтығы ұсынылып, ауа райы жағдайына қарамастан, тұрақты өнім және астықтың жоғары сапасымен қамтамасыз ету реттелген.
Ал отандық фермерлер, өкінішке қарай, бұл тәсілді естен шығарған. Оның үстіне аймақтарда кез келген қолайсыз ауа райы жағдайына бейімделген, ауруларға аз ұшырайтын бидай сұрыптарының жетіспеушілігі сезіледі, ал мұндай сұрыптарды қалыптастыру үшін, қазіргі заманғы генетикалық және молекулярлық әдістермен зерттеу жасауды меңгерген білікті селекционерлер керек.
Мысалы, Канада мен Австралияда қолданылатын сұрыптардың сапасына қарай сұрып ауыстыру орта есеппен 5-7 жыл сайын жүзеге асырылады. Ал Солтүстік Қазақстанның егіс алқаптарында көптеген бидай сұрыптары – 20-30, тіпті 40 жыл бойы қолданылуда. Қарағанды облысында әлі күнге дейін 1957 жылы аудандастырылған «Саратов-29» сұрпы егіледі. Бұл отандық селекционерлердің тығырыққа тірелуі дер едік. Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының аймақтық ғылыми-зерттеу мекемелерінде дәнді дақылдар бойынша ғылыми дәрежесі бар небәрі 4 (!) селекционер қалды. Әрі оның екеуі – 70 жастан асқан.
Тұқым шаруашылығының жай-күйі үлкен алаңдаушылық туғызады. Былтыр 2012 жылмен салыстырғанда, себілген жаңа тұқым үлесі 25%-ға, ал элиталық тұқым үлесі 29%-ға азайған. Бұл – соңғы жылдары өндіріске бірінші репродукциялы тұқымдарды дұрыс субсидияламауда жіберілген кемшіліктер нәтижесі. Тұқым шаруашылығындағы мұндай саясат сұрыптарды жаңарту мерзімдерін күрт ұлғайтуға алып келді.
Келесі мәселе – егістік құнарлылығының апатты жағдайға ұшырауы. Мамандарға белгілі, топырақ – бұл күрделі биологиялық нысан, оның жекелеген көрсеткіштері төмендесе, қалпына келтіру мүмкін болмайды. Ғалымдардың мәліметі бойынша, Солтүстік Қазақстанның егістік топырақтарында 20 жыл ішінде қарашірік құрамы 20-30%-ға, ал кейбір жағдайларда 40%-ға дейін төмендеген. Осыдан 30 жыл бұрын егістіктің бір гектарына минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейі 29 кг NPK құраған. Бүгінде тек 4 кг, яғни қажетті мөлшерден 15 есе аз мөлшерде. Басқаша айтқанда, қолданылған минералды тыңайтқыштардың мөлшері бойынша біз өткен ғасырдың 60-шы жылдары деңгейінде қалып отырмыз. Минералды тыңайтқыштар астықтың өнімділігін ғана емес, тұқым сапасын жақсартуға да мүмкіндік береді. Егер біздің диқандарымыз фосфорлы тыңайтқыштарды жеткілікті мөлшерде қолданатын болса, онда бидайдың пісіп-жетілу кезеңін шамамен 5-7 күнге қысқартуға болар еді.
Жаңа бағдарлама жоғарыдағы мәселелерді шешуге қалай көмектеседі?
Біріншіден, аграрлық ғылымды түбегейлі реформалар күтіп тұр. Астана мен Алматыда еліміздің екі ауыл шаруашылығы университеттерінің базасында халықаралық деңгейдегі зерттеу университеттері құрылады. Біз Қазақстан үшін жаңа, бірақ дамыған елдерде кеңінен қолданылатын іргелі және қолданбалы сипаттағы зерттеулерді бірыңғай жүйеде біріктіретін академиялық ортаны (зерттеу университетін), шетелдік технологиялар трансфертін, кадрлар даярлау мен қайта даярлауды, инновацияларды коммерцияландыруды қалыптастырамыз.
Екіншіден, биылдан бастап жоғары өнімді тұқымдарды субсидиялау қалпына келтірілді. Біз бірнеше жыл бұрын бұзып алған тұқым шаруашылығын жүйелі қолдауды қайтадан қалпына келтіреміз, сондықтан шаруаларды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету жағдайы жақсарады деген үміт пайда болады.
Үшіншіден, мемлекет тыңайтқыштарды арзандату жолымен пайдалануға қолдау жасау шараларын күшейтуде. Жер ресурстарын басқару жөніндегі функциялардың Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілуімен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануда мемлекеттік бақылауды күшейту бойынша уақыты жеткен реформалар басталатын болады.
Төртіншіден, экспорттық саясаттың тәсілдері айтарлықтай күшейтіледі. Бұл мәселемен жүйелі негізде жеке құрылым – агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық орталығы айналысатын болады. Айта кету керек, Үкіметтің белсенді ұстанымының нәтижесінде, қазақстандық бидай экспортының географиясы кеңейтілуде. Мысалы, Қытайға отандық астықты экспорттау шарттарын айтарлықтай жеңілдеттік және алғаш рет Вьетнам нарығына шықтық.
Жаңа бағдарламаны талқылау кезінде «өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға басымдық беру біздің басты экспорттық дақылымыз – бидайдың өндірілу көлемін қысқартуға алып келеді» деген пікірлер айтылды. Шын мәнінде, бағдарлама бидайдың жалпы өнімін қысқартуды көздемейді, керісінше, өнімнің шығымдылығын және сапасын арттыруға бағытталған. Әртараптандыру отандық аграрлық секторды неғұрлым тұрақты ету, жиі өзгеретін өнім бағасына шаруалар табысының тәуелділігін әлсірету үшін қажет.
Осылайша, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы ресурстарды ауыл шаруашылығының нақты проблемаларын шешуге және саланы стратегиялық мақсатпен дамытуға кешенді түрде шоғырландырады. Астық кешені төңірегіндегі мәселелерді талқылай отырып, Қазақстанды өңірлік және жаһандық ауқымдағы «астық себетіне» айналдырудың қалай жүзеге асырылатынына куә боламыз.
Қазір, ең бастысы, жергілікті жерлерде бағдарламаның басты өзгерістері туралы қарапайым, түсінікті және сапалы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Әр фермер, ауылдың әр тұрғыны қандай мүмкіндіктер ашылатынын анық көріп, оны өзін өзі дамытуға пайдалануы керек. Сонда Президентіміздің отандық агроөнеркәсіп кешенін елдің экономикалық дамуының драйверіне айналдыру керек деген тапсырмасын орындай аламыз.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
С.Сейфуллин атындағы
Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор, ҰҒА корреспондент мүшесі