Қазақстан • 29 Наурыз, 2017

Қазақстанда сатылған билеттерге жеңілдік қарастырылған

140 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай арнайы баспасөз мәслихаты өтті.

Қазақстанда сатылған билеттерге жеңілдік қарастырылған

Қалашық аумағында ұйым­да­с­тырылған басқосуда «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Коммер­циялық департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев жарты әлем көз тіккен шараға дайын­дық жұмыстарын әңгімеледі. Ол алдымен бас­талуына жетпісшақты күн қалған көрменің билет­терін тұрғындардың сатып алуына барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді. Ал кешеге дейін көрменің 670 мыңнан астам билеті иесін тапты.  Оның 13 пайызы шетелдіктердің еншісінде.  

«Наурыз айында Қазақстанның барлық өңірінде, нақтырақ айтсам, облыс орталықтарында билет сататын кассаларды аштық. Өткен жылдың 10 желтоқсанында Астана мен Алматы қалаларында кассалар өз жұмысын бастады. Осы жылдың 8 нау­рызында төрт өңірде билет сататын орталық ашылды. Кейін, 20 наурызға дейін бес облыста және 25 наурыздан бастап бес өңірде билет сататын кассалар тұрғындарға қызмет ете бастады», деді Д.Еркімбаев.

Коммерциялық департамент ди­рек­торының сөзіне сенсек, билет мә­се­­­лесіне қатысты қиындықтар туын­­­да­майды. «Халықаралық шара­­ның би­лет­т­ері еліміздің 16 өңі­­­рінде де сатылуда. 6 наурыз күні «MEGA Silkway» сауда ойын-сауық орта­­лығында тағы бір касса ашыл­ды. Қазіргі таңда біз­дің билет­тер 15 нүк­­теде және «Қазпошта» ком­па­­ния­­­сының мың­нан астам бө­лімін­­де сатылуда. Осы ап­тадан бас­­тап ЭКСПО-2017 көрме­сінің билет­тері те­мір жол билет­тері­мен бірге еліміз­дің бар­лық облысын­дағы 220 кассада са­ты­лады», деді департамент басшысы.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің билеттері Ресейдің 7 қаласында сатыла бастаған. Билет құны – 850-1650 рубль шамасында. Дәулет Еркімбаевтың мәліметінше, Мәскеу, Санкт-Петербург, Сочи, Қазан, Новосібір, Нижний Новгород және Екатеринбург қалаларында ЭКСПО көрмесінің билеттерін сататын 45 орын бар. «Мұнымен жұмыс тоқтап қалмайды. Біз билет сату аймағын кеңейте береміз», дейді ол.

Департамент директоры халық­ара­лық көрменің ең қымбат билеті 8 мың теңге тұратынын атап өтті. Сондай-ақ, бағасы 20 мың теңге бо­латын лимиттелген естелік билет­тер бар. Оны алған азамат көр­меге кез келген күні кіре алады. Сон­дай-ақ, билетте тағы басқа жеңіл­дік­тер қа­рас­тырылған. «Алай­да, лимит­т­ел­­ген билеттер Ресей Федера­циясы аумағында сатылмайды, тек Қазақ­станда ғана ұсынылады. Өйт­кені, ол шектеулі көлемде ғана басыл­ған. Жеңілдіктер де тек еліміз­дің ішін­де сатылған билеттерде қа­рас­­ты­рылады», деді Д.Еркімбаев. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ өкілі сөзінің соңында бұл бағытта Қытай­дың ірі туристік компанияларымен жұ­мыс жасалып жатқандығына тоқталды.

ЭКСПО-2017 көрмесі билет­тері­нің бағасы жұмыс күндеріне – 4000 теңгеге, демалыс күндеріне 6000 теңгеге сатылуда. Белгілі датасы қойылмаған билеттер құны алғашқыларымен салыстырғанда, 2000 теңгеге қымбат.

Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар