Шардара ауданы Жаушықұм ауылындағы «Тұрар» шаруа қожалығының басшысы Юрий Анның іске кірісерде қолына күрек пен калькуляторды қатар алғаны байқалып тұр. Шаруа қожалығы инновациялық әдіс бойынша пияз егуде. Бұл іспен соңғы бес жылдан бері айналысып келе жатқан шаруашылық биылғы жылы 30 гектар алқапқа «Ранко» деп аталатын жаңа тұқым сортын егіп жатыр. Диқандар жуаның өнімі бітік боларына сенімді. Бұл орайда олар инновациялық әдісті заманауи техникамен жүзеге асыруда. Өңделіп, толық дайындалған алқапқа тұқым сеуіп бара жатқан әлгі заманауи техникаңыз бір мезетте бірнеше жұмысты атқарып шығады. Талапқа сай қашықтықта, яғни бір-бірінің арасын 3 сантиметрден етіп тұқым тастаумен қатар, тамшылатып суаратын су түтігін қоса көмеді. Шығысы мен кірісін есепшотқа салған Юрий Анның айтуынша, бір гектарға 6 келідей тұқым кетеді екен. Жоғары сортты тұқымның бір келісі 64 мың теңге тұрады. Жерді жыртудан бастап, жиын-терім науқанына дейінгі жалпы шығынның көлемі әр гектарға 1 млн 300 мың теңгеден жұмсалады. Дегенмен, түскен өнім кеткен шығынды еселеп жабады екен. Диқанның есебінше, бір гектар алқаптан ең кемінде 80 тонна өнім алынады. Пияздың бағасы 45-50 теңгеден төмен түспегенін ескерсек, пайданың аз болмайтынын аңғарамыз.
Өткен жылы гектарына 80 тоннадан өнім алған шаруа қожалығы биыл бұл көрсеткішті 100 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Сұрыптаудан өткен жаңа тұқым сортын алған шаруашылықтың техникасы жеткілікті, жер алқаптары бабында болғандықтан диқандар жоспар орындалатынына сенімді. Диқандар сенімін аудан әкімі Болатбек Қыстауов нығайта түсті. Шаруашылықтың жай-күйімен танысуға барған аудан басшысы диқандар үшін өзекті болып тұрған суландыру мәселесі бойынша жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл жұмыс оңтайлы шешімін тапқан кезде «Тұрар» шаруашылығына қарасты 286,5 гектар алқапқа түрлі дақылдар отырғызылмақ. Айта кетелік, Жаушықұмның жуасы оңтүстік тұрғындарының сұранысына ие, облыс орталығындағы сауда орындарында қыс бойы сатылуы сөзімізге дәлел.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»