Аймақтар • 29 Наурыз, 2017

Мұстафа Шоқай мәртебесі

360 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазаққа азаттық әперіп, еншісі бөлек ел қыламыз, өзге халықтармен терезесі тең мем­лекет құрамыз деп атқа қонған Алаш арыстарының жанкештілігі мен жан­қия­р­лы­ғына таң қалмасқа шараң кем.

Мұстафа Шоқай мәртебесі

Міне, осындай ұлы мұрат жолында басын бәйгеге ті­­гіп, қу жанынан безініп, елдік іске екі білекті түріп кіріскен Алаш қоз­ғалысының құ­рылғанына биыл жүз жыл толып отыр. Мерейлі дата аясындағы шаралар басталып кет­ті. Бұл істен Сыр бойындағы ағайын да шет қалмақ емес. Сол сыйдың ең үлкені – Қы­зылорда қаласының қақ ортасынан Алаштың және Түркі әлемінің ардақтысы Мұс­тафа Шоқайға арналып ескерткіш орнатылды.

Еңселі ескерткіштің ашылу салтанатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақ тұрғындарын осынау елеулі оқиғамен құттықтады.

– Мұстафа Шоқай – кез келген ірі тарихи құбылыс секілді біржақты сипаттауға болмайтын, үйреншікті қалыпқа салуға келмейтін тұлға. Ол сол замандағы аса күрделі ғаламдық тарихи процестің бел ортасында, эпицентрінде жүріп, Түркі әлемінің, өз ұлтының мүддесін қорғауға тырысты. Сондықтан, Мұстафа Шоқай ақ пен қызылға немесе қоңырға жақ, я қарсы болды деген қарабайыр түсінікке сыймайды. Ол өзінің бүкіл ғұмырын, күллі қажыр-қайраты мен ақыл-ойын туған халқының, түбі бір тұтас түркі жұртының бірігіп өркендеуіне арнады,– деді Қырымбек Елеуұлы.

Сондай-ақ, салтанатты шарада ҰҒА ака­де­ми­гі, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық тех­ни­калық ғылыми зерттеу институтының профес­со­ры Досмұхамбет Кішібеков, Парламент Се­на­тының депутаты Мұрат Бақтиярұлы ұлы тұл­ғаның ұлағатын айтты.

Ескерткіш Қорқыт ата атындағы Қызылорда ме­млекеттік университетінің, Қызылорда ме­ди­циналық колледжінің, И.Әбдікәрімов атын­­дағы Қызылорда аграрлық техникалық кол­леджінің ғимараттары шоғырланған аумақта ор­наласты.  Ес­керткішті Қазақстан Суретшілер ода­ғының мү­шесі, мүсінші Көшер Байғазиев сомдаған. Шоқай ескерткішінің жалпы биіктігі 12 метрді құрайды.

Мұстафа Шоқай ескерткішінің ашылу салтанатынан соң «Алаш мұрасы және Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция басталды. Алқалы жиынды Қызылорда облысының әкім­дігі, Халықаралық Түркі академиясы және Қор­қыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бірігіп өткізді. Конференцияға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Өзбекстан мен Түркиядан келген жә­­не отандық тарихшы ғалымдар қатысты. Ба­с­­қосуды жүргізген облыстық мәслихат хатшы­сы Наурызбай Байқадамов Алаш қоз­ға­лы­сының 100 жылдығына арналған шараның ма­ңызына тоқталды.

Жиынды ашқан аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев: «Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Өткенді тану, тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді», деген болатын. Сыр өңірі тарихқа тағзым жасау мен тұлғаларды ұлықтауда талай игі бастамаларға ұйытқы болып келеді. Тәуелсіздік жылдарында өмірге келіп, бүгінде ат жалын тартып мінуге жарап қалған ұрпақ осы тағылымнан сусындап, биіктеп барады», деді. Сондай-ақ, ол конференцияның «Алаштың анасы» атаған қа­сиетті Сыр жерінде өтуінің символикалық мә­ніне тоқталды. Сыр бойы – ерте заманнан Алаш жұртының табан тірер тірегі. Қызылорда астана болған уақытта ұлтымыз «қазақ» атауына қайта ие болды, өнер-білім ордаларының негізі қаланды, ұлт зиялылары осы қалаға шоғырланып, мемлекеттің болашақ бағдары шешілді. Әкім Сыр бойындағы шаһардың бүгінгі кейпіне де тоқталды. Қырымбек Елеу­ұлы Қызылорда қаласының жаңа орталығы – Сыр­дария өзенінің сол жағалауына салынатын жаңа қалада ҚазЦИК ғимаратының үл­гісімен музей үйінің ашылатынын айтты. Кон­­ференцияда баяндама жасаған Ш.Уә­ли­ха­нов атындағы Тарих және этнология инс­ти­тутының директоры, профессор Ханкелді Әб­жа­нов Алаш қозғалысы ұлттық тарихымызды интеллектуалдық және бә­се­кеге қабілеттілік өл­шемдері бойынша әлемдік үдерістердің дең­гейіне көтергенін атап өтті. Заманынан озып ту­ған Алаш қайраткерлері ұлтын азаттыққа же­т­-

кізу­дің кешенді бағдарламасын ұсынды. Онда ұлт­тың бірлігі, рухани кемелдігі ұлықталды. Профессор Алаш көсемдерінің ХХ ғасыр ба­­сы­ндағы басылымдарда жарық көрген ма­қа­лаларынан үзін­ді­лер келтірді. Алаш кө­семдерінің Қытайдағы Маньчжур билігін құ­­латқан Сунь Ятсен, Үндістан тәуелсіздігі үшін күрескен Махатма Ганди сияқты елдің азат­тығына өзек болатын өзіндік талаптары бол­ғанын ортаға салды. Алаш кө­сем­де­рінің жалпыадамзаттық және ұлттық құн­ды­лық­тар­ды теңдей қастерлегенін айтты. Профессор Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы Алаш ұстанымымен астасып жатқанына тоқ­тал­ды.

Конференцияда «Егемен Қазақстан» рес­публикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы, та­рих ғылымдарының докторы Дархан Қы­ды­рәлі баяндама жасады. Алаштың және Мұс­та­фа Шоқайдың тағылымын терең зерттеген ға­лым жұртшылықтың көкейінде жүрген бір­неше мәселеге тоқталды. Биыл дүниені дүр сілкіндірген 1917 жылғы оқиғаларға 100 жыл толды. Жалпы, адамзат тарихындағы осы елеулі оқиғалардың қазақ тарихында қал­дырған ізіне жаңаша баға берілуі керек. Алаш арыстарына ақпан төңкерісі аз ғана үміт сыйласа, Қазан төңкерісі қасірет әкелді. Зерт­теуші ғалым дәл осы жылы Петроградта бол­ған Мұстафа Шоқай қабылдаған шешімге, еліне тәуелсіздік алуға жасаған талпынысына баға берді. «Кейбір тарихшылар Алаш пен Түр­кістанды бөліп қарайды. Мұстафа Шоқай Алаш мұхтариятына да, Түркістан үкіметіне де қызмет етті. Оның өмірлік кредосы – «бір бол­ғанда ғана ірі боламыз» еді. Шоқай айтқан,  Мағ­жан ақын жырға қосқан Түркістанның ауқымы кең. Мұстафа бұл ұғымға «түрік елі, жұрты» деген мағына сыйдырды. Бүкіл Орталық Азияны, Қытай қорғанынан бастап Каспийге дейінгі алқапты қосты. Тұтас Түркістан мен Орталық  Азияның азаттығын армандады», деді Дархан Қуандықұлы.

Тағы бір мәселе – Мұстафа Шоқайдың эми­грацияға кетуі. Ол эмиграцияға кетпей тұ­рып, күрестің барлық сатысынан өтті. Тарих оның сырт елге кетіп қалғанының дұрыс бол­ғанын көрсетіп отыр. М.Шоқайдың 12 том­дық еңбектері бізге сол заманның айнасын көр­сетті. Сол дәуірдің ақиқаты мен тартыстарын, бұл­тар­тпас шындығын осы еңбектерден білдік. Бұл – Түркістан тарихындағы ең ал­ғаш­қы саяси эми­грация еді. Кейде Алаш ар­­дақтыларын бөліп-жа­ру, олардың бір-бірі­мен қарым-қатынасы тал­қыланып жатады. Бұл жайында Мұстафа Шо­қай елді алапат аш­тықтан аман алып қалу үшін кейінгі буын жас­тар большевизммен бі­рі­гіп, қарекет етуі керек де­ген ойын жазған. Алаш­­ордашылардың бір-бірін айыптаған ма­қа­лаларының түпкі мақсаты – бір-бірін сақтау, қор­ғау болды. Бұларды негізге алып, пікір айту та­рих­тың әдістемесін білместіктен туындап отыр.

Ғалым «Түркістан легионына» қатысты тү­сі­ніспеушіліктер әлі де кездесетінін атап өтті. М.Шоқай 1940 жылы жазған мақаласында «Ста­лин де, Гитлер де – адамзатқа төнген алапат» деген. Мұндай пікірде болған адамды фа­шистердің аман қалдыруы екіталай болатын. Бү­гінде Мұстафа Шоқайдың арманы толық оры­н­далды. Еліміз Орталық Азияда, түркі әле­мінде игі бастамаларға ұйытқы болды. Елбасы ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясының, ТүркПА-ның негізін қалады. Одан беріде түркі әлемінің бірлігі үшін тер төгіп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлын «Түркі әлемінің ақсақалы» деудің сы­ры да осында болса керек.

Дархан Қыдырәлі Елбасы тапсырмасымен Түр­кі академиясы атқарған жобаларды атап өтті. Соның бірі – түркі әлемінің ортақ тарихы. Бұл тарих алдағы уақытта бүкіл түркі әлемінде оқытыла бастайды. Ғалым жақында жарыққа шыққан «Жойылып бара жатқан түркі тілдері» ту­ралы еңбекті, академия шығарған басқа да кі­тап­тарды жұртшылыққа таныстырды.  

Ғылыми-теориялық конференцияда Пар­ла­­­мент Сенатының депутаты, профессор Мұ­рат Бақтиярұлы Мұстафа Шоқайдың саяси қай­раткерлігін, эмиграцияға дейінгі және эми­­гра­ция кезіндегі өміріне қатысты деректер кел­­­тір­ді. Қайраткердің саяси көзқарасының қа­лы­п­-

тасуына туған топырағының, өскен орта­сы мен шыққан тегінің тигізген әсері туралы әң­гі­­меледі. Ташкент пен Петерборда оқыған және қайраткерлігі танылған кезеңі жайында пайымдарын ортаға салды. Профессор Алаш тарихына шо­­қайтанушы ғалымдар қосқан үлес туралы да то­лымды мәлімет ұсынды.

Конференцияда Түркияның Гази уни­вер­ситетінің профессоры Гүлжанат Құр­ман­ғалиева Ержиласун «Жәдидшілдік және Алаш зиялылары» тақырыбында баяндама жасады. Ғалымның айтуынша, дүние жүзінде Алаш зиялылары мен олардың мұраларына қызығушылық бар. Жапония, Корея, АҚШ, Түркия және Еуропаның бірнеше елінің ғалымдары бұл тақырыпта диссертация қорғаған. Түркияда Қазақстанға байланысты 400-ге жуық магистрлік және докторлық диссертация жазылған. Оның 200-ге жуығы Алаш қайраткерлерінің шығармашылығы мен күрескерлігіне арналған екен. Алаш тарихын түсіну үшін сол кездегі басқа мемлекеттердің тарихына да  үңілуіміз керек. Түркиялық профессор жәдидшілдік  ағымының негізін салушы Исмаил Гаспралының түркі халықтарының бірлігі туралы ойларына тоқталды.

Одан әрі Мирзо Улугбек атындағы Өзбе­к­стан Ұлттық университетінің профессо­ры Ках­рамон Раджабов Алаш қозғалысы мен Түрк­іс­тан аймағындағы кеңестік режімге қарсы қа­ру­­лы қақтығыстар жайында, Мемлекет тарихы инс­­титутының бас ғылыми қызметкері Күлпаш Ілиясова Алаш автономиясы турасындағы саяси ұстанымдар туралы, Қорқыт ата атындағы Қызыл­ор­да мемлекеттік университетінің доценті Ғабит Тұяқ­баев Сыр сүлейлері шығармашылығындағы алаш идеясы хақында баяндамалар жасады. Осы­лайша, Сыр топырағында Алаш қозғалысы мен Мұстафа Шоқайдың өміріне арналған кеңес өз мәресіне жетті.


Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда




Соңғы жаңалықтар