Бүгін – Дүниежүзілік кітап күні
Қазіргі таңда аға буын өкілдері тарапынан «Кейінгі жастар кітап оқымайтын болып барады» деген пікірді жиі еститін болдық. Замандастарымыздың қолынан қолдан-қолға өтіп тозған том-том кітаптарды көрмейтін болғандықтан, бұл пікірдің жаны бар.
Енді соңғы кезде қалыптасқан «Кітап оқымағанның не зияны бар, онсыз да мал тауып, адам боласың ғой» деген сыңаржақ пікірді терістеп көрелік. Біріншіден, кітап оқып, ілім іздемеген адам міндетті түрде, ақша табуға, кез-келген нәрседен пайда табуға үйір болады. Бар ақыл-есі қалайда мал тапсам деген ниетке ауған мұндай адам аяныш, өкініш деген ұғымдарды сезбейтін, өркөкірек, менмен, сауатсыз күйінде қалатыны белгілі.
Осыдан отыз-қырық жыл бұрын қазақ кітапты көп оқитын. Ел аузында жаңадан шыққан кітаптың аты жүретін. Жұрттың бәрі жаппай соны іздеп, тауып алып оқуға құмартатын. Алдыңғы ұрпақ адал махаббатты бастан кешіп, шынайы сезімнің не екенін түйсініп өскен. Өзгелердің алдында білімсіз көрінбеу үшін, намысқа тырысқан. Қысқасы, олар кітап оқығандықтан, мінездерінде биязылық, баянды өмірге ұмтылатындай жұмсақтық, елгезектік бар еді.
Енді кітап оқу кісіге не береді дегенге келсек, кітап – ең алдымен, адам тағдырына алаңдауды үйретеді. Ондағы сандаған кейіпкерлердің тартысты өмірі, шытырманға толы тағдыры ойлантады. Өзгелердің өміріне бейжай қарамайды.
Кітап – бейбітшілік орнықтырушы құрал. Егер біз осы қалпымызбен кітап оқымай кете беретін болсақ, көкірегінде өмір өрнегі азайған, идея, мораль қайыршылығына ұшыраған ұрпақ өсіп шығуы мүмкін.
Ендігі бір мәселе – бізде оқитын кітап бар ма? Әдебиетшілер аңсайтын бұрынғы әдебиеттің алтын дәуірінде туған туындыларды да қазір ешкім оқымайды. Халықтың кітап оқуға құлқы жоқ. Абай мен Шәкәрімді, Махамбет, Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповті, Ілияс Есенберлин мен Бердібек Соқпақбаевты, Мұқағали Мақатаевты, Мұхтар Мағауин мен Тахауи Ахтановтарды оқымаған адам – бүгінгі әдебиет өкілдерінің де туындыларын оқымайды. Ал, әдебиет бұқараның ығына жығылса, бүгінгі жастар жабылып оқитын «дүниелер» жазыла берсе, онда рухани құлдырау басталар.
Енді нақты не істеу керек дегенге келсек: егер, сізді бейбіт өмір мен отбасыңыздың ертеңгі бақыты алаңдататын болса, бүгін бірінші «құрбандығыңызды» шалыңыз. Ол «құрбандық» 1-2 мың теңгенің мөлшерінде ғана болмақ. Барыңыз да, кітап дүкенінен «Батырлар жырын» немесе Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» сатып алып, балаңызға оқытыңыз. Оқымаса, «Ертеңгі қасіреттен жақсылыққа бастайтын бүгінгі айғай артық», деп жолын табыңыз. Күні бойы теледидар мен компьютерден көз алмайтын баланы ұзақ отырып кітап оқуға бір үйретсеңіз, отбасы бақытының кепілі сол. Рухани тұрғыда байыған, қазақтың салиқалы мінезін ұнатқан бала – ертең бәле-жаладан аман болады.
Шыңғыс ҮМБЕТАЕВ, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының қызметкері.