23 Сәуір, 2011

Ақ еркем, Ақ Жайығым

713 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
АШЫҚ АСПАН Аспан шайдай ашық. Мөп-мөлдір көк­те бір шөкім бұлт жоқ. Айнала мүлгіген тыныштық. Бір үп деген леп болсайшы. Көз көрім жер аппақ қар көрпесін жамы­лып сұлқ жатыр. Жаздағыдай көк күмбезін жарып өтпей, еңістей жылжыған күн көзі жомарт шуағын еркін төгіп, жарылқап тұр. Асықпай ақырын басып, шыңыл­тыр аязды күнгі тұнық ауаны кеуде кере жұ­тып, Жайықты бойлап, серуендеп келемін. Қасымда ескі досым Ғазиз Хаймолдин. Бала кезден доспыз. Тағдырдың жолы бізді екі айырып, мен күнгейдегі сонау Жетісай ауданында өстім де, ол осы өңірдегі Тайпақ, қазіргі Ақжайық ауданында жетіліп, ат жалын тартып ел қатарына қосыл­ған азамат. Кезінде партия, совет қызме­тінде болып, Қазақ рес­публикасы Жоғар­ғы Кеңесінің депу­таты – халық қалаулысы қызметін атқарған. Өзі көп біледі. Осы өңірдің тірі шежіресі десе де болғандай. Сол себепті басы­мыз қосыла қалса болғаны, оны-мұны сұрап, ылғи сөзге тартамын. Бірақ, бұл жолы әңгімені Ғазиздің өзі бастады. – Сен Алматыдан келіп үлгермей қал­дың. Бұл өңірдегі соңғы кездегі үл­кен оқиға – Жұбақаңның, Жұбан Мол­да­ға­лиевтің 90 жылдық мерейтойы болды. – Иә, маған хабар кештетіп жетті ғой. – Ұлан-асыр той болды. Тойға қалай әзірлік болғанын өзің де шет-жағасын көр­дің. Әзірлік барысын да, оның өткізілуін де облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы қатты кадағалап, өзі тікелей басқарып отырды. Ақынжанды азамат қой. Әйтеуір, ел бір серпіліп қалды. Және келген қонақ­тарды, келін-балаларымен келген Софья апайды әкім өзі қарсы алғаны Жұбаң жоқта да жоғары деңгейде шын жүректен құр­мет­теу екеніне жерлестері дән риза. Бұдан кейін Ғазиз сәл ойланып, үнсіз қалды. Былтырғы ми қайнатқан ыстық тек егін емес, мал шаруашылығына көп қи­ындық әкелді. Шөп қурап кетіп, қысқа пішен дайындау да үлкен сын болды. Биыл жердің оты мол болып, жасыл шалғын жайқалып тұрса, қане... Бірақ, кім білсін... Енді бәрі де көктемнің мінезіне бай­ланысты болса керек. Егер де көктемде күн бірде жылытып, бірде (түнде деңіз) тоңа­зытып, қар суын Жер-ана баппен бойына сіңірер болса – онда құба-құп. Ал күн күрт ысып, қар бірден еріп, су боп ағып кетсе, онда пайда шамалы көрінеді. Осы күндерде Орал маңай­ын­дағы тасқын су бәрімізді қатты әбігерге түсіріп жатыр. Кім білсін. Үміт бар. Үмітсіз шайтан дейміз. Үмітке еріп, күдік жүреді. Үміттің көлеңкесі тәрізді... – Мен ең бастысын ұмытып барады екем ғой. Ұйқыдан оқыс оянғандай селт ете қалдым. – Иә, бұл тойдың ең бір есте қалар тұсы – Жұбақаңның ескерткіші ғой… Батыр тұлғалы абыз ақынның тік тұр­ған мүсінін көргенде онымен тұпа-тура бет­пе-бет келгендей ғажап әсер аласың. Ақ­жайық ауданының ортасын­да бой көтер­ген бұл ескерткіш мүсін өнерінің озық үлгісі десем, артық айтқандық болмас. Бұл тұста аудан әкімі Абай Иман­ға­ли­евтің еңбегін айрықша атап өткен жөн болар. Бюджеттен соқыр теңге сұ­рамастан қар­жы мәселесін шешкен сол. Жергілікті бизнесмендерді ұйымдас­тыр­ған көрінеді. Сөйтіп, ақын ескерткіші дүниеге келген. ...Осыдан кейін екеуміз де үнсіз қалдық. Мен аспанға көз тастадым. Мөп-мөлдір көк күмбезі шайдай ашық. Сұрапыл соғыстың зардабын шеккен біздің ұрпақ ашық аспанның қаді­рін, бейбіт күннің қасиетін жұрттың бәрінен артық білсе керек. Ішімнен “мың да бір шүкір” деп тағы да бейбіт көгіме көз тастадым. Бейбітшіліктен артық қазына, одан асқан байлық, дәулет жоқ біз үшін... ОРДАҒА ГАЗ КЕЛДІ! Менің көзіме жас үйірілді. Бақты­қо­жа бауырымыз – Батыс Қа­зақстан облысы­ның әкімі Бақтықожа Салахат­динұлы Із­мұ­хам­бетов: «Қай­ре­ке! Ор­даға газ барды. Лен­тасын өзім қидым. Халық қуанып жатыр», дегенде өлгенім тіріліп, өшкенім жанған­дай қатты тебірендім. Көзіме жас келді. Тебіренетін жөнім бар. Бір кезде хандардың ставкасы бол­ған Орда еңбегі еш, тұзы сор болып, мүшкіл хал кешіп келген тұрмысы ау­ыр аудан. Күні бүгінге дейін, яғни айт­қанда жиырма бірінші ға­сыр­дың он­ын­шы жылына дейін тезек пен қи жағып келген. Ал көмір дегеніңіз сонау алыс­тан – алты жүз, жеті жүз шақырым жердегі об­лыс орталығы Оралдан жеткенше бағасы аспан­дап кетеді де, күн­кө­рісі төмен отба­сы­лар сатып алуға қау­қар­сыз. Кешегі кеңес ке­зеңінде бір топ ауданды мешеу аудандардың сана­ты­на жатқызғаны мәлім. Солардың жуан ор­та­сында осы Орда ауданы бар-тын. Орда енді аудан орталығы болуға тиімсіз саналып, күйі қаша бастады. Аудан ор­та­лығы темір жол станциясы – Сай­хынға кө­ші­рілді. Орда совхоз ор­талығы боп қалды. Енді лирикалық емес шегініс жасап көрелік. Өткен ғасырдың орта шенінде Орда атом сынағының астанасына айналды. Ка­пус­тин-Яр, Азғыр, Тайсойған поли­гон­да­ры қауырт жұмыс істеп жатты. Аудан таратылды. Аудан халқы шы­жыған шілдеде сонау Тәшкеннің, Шым­кенттің, Мақтааралдың аржағына – Ильич ауданына көшірілді. Құдық су­ын ішіп үй­ренген халық бақа-шаяны быжынап, құрт-құмырсқасы құжынап жүр­ген арықтардан су ішкен соң, ко­ныс аударып барған халықтың (дұрысы қазақтың дегеніміз мақұл) алпыс пайы­зы қырылып қалды. 1947 жылдан бастап бізге – мектеп жа­сын­дағы балаларға, әсіресе, күніне 4-5 адам өліп тұрғаны қабырғаға қатты батқаны даусыз. 1972 жылы аудан қайта ашылды. Сол жылы бұрын Жәнібек ауданын басқарып жүрген соғыс ардагері Рахметолла Егіз­баев қайта ашылған ауданға сұранып, Орда ауданына аупарткомның бірінші хат­шысы болып келгенде таң­ғалғанын ылғи қай­талаудан танбайтын. «Менің қайран қалғаным – Орда ау­даны қайта ашылғанда Қазақстанның түкпір-түкпірінде тіршілік етіп жатқан ордалықтар, тіпті жауапты қызметтер­ді атқарып жүрген­дерін­е дейін Орда­сына қайтып орал­ғандары болды». Көзі ашық, көкірегі ояу ел аза­мат­та­ры­ның арқасында, көненің көзіндей бұрынғы хан казначейі ғимараты қазір­гі кезде кешенді үлкен мұражайға ай­нал­ды. Оны қал­пына келтіру жұмысы әлі де жал­ға­суда. Оған үкімет бюджетінен қыруар қаржы бөлінген. Тарихы тереңде жатқан Бөкей Ордасының қай­та жаңғыруына үкімет тарапынан қо­сылған үлкен қамқор­лық бұл. Бұрын Оралдан Орда ауданына, Жә­нібекке ұмытпасам, чехтың L-400 деген ұшағы қатынайтын. Қайта құру (осы сөздің екінші мағынасынан қорқатын­мын!) кезе­ңін­де ол ұшақ көзден бұлбұл ұшты. Бұрын темір жолмен жолаушылап, Саратов облысында – Урбах станция­сында ауы­сып мініп (анашым немерелерін ертіп алып, Нарын құмға осы жолмен талай сапар шеккен!) Сай­хын­ға жетіп қалатын. ТМД дәуірі бастал­ғалы ол жол да жабылып қалды. Ал асфальт жол болмағандықтан, 600 шақырымнан астам алыста жатқан ауданмен қатынас күзгі жаңбыр мау­сымында, көктемгі лайсаңда үзіліп қа­ла­тыны өзінен-өзі түсінікті жайт. Бірақ, үміт ешқашанда үзілмек емес. Облыс басшылығы осынау қордаланып қалған қат-қабат мәселелер­дің түйінін ше­шудің жолдарын қарастыруда. Өз басым осы мәселеге республи­калық орталықтан қаржы бөлінуін тілеп әр та­ңымды тәтті үмітпен атырып жүргенім рас. Ал газ жағып отырған мекенінен ешкім де ешқайда қоныс аудармасы айдай ақиқат. Бұрын Батыс Қазақстан облысы тұр­ғын­дары 27 пайыз көлемінде газбен қам­тылған болса, енді бұл көрсеткіш 97 пай­ызға жетті. Облыс әкімі Бақ­тықожа Із­мұ­хамбетовтің осы проб­ле­маны шешуде асқан жігерлілік таны­тып, халықтан мың мәрте алғыс алға­нына куә болдым. Тіпті, осы мәселемен Лон­донға да екі рет барып қайтқаны бар. Әкім Сырым, Қара­төбе ауданда­рын­да да, тіпті Оралдың іргесінде оты­рып, газдан мақрұм қалған Теректі ау­данына, тіпті қаланың түбіндегі Под­степ­ное елді мекеніне де газ алауын жақ­­ты. Ха­лық­тың қуанышында шек жоқ. Бөкей Ордасы ауданында ең бірінші газ осы өңірдің байырғы тұрғыны, ел ағасы, Социалистік Еңбек Ері Ескендір Есімов пен Ардақты Ана – Мәрзия, он перзент өсірген әжей шаңырағында, об­лыс әкімі бергізген жаңа үйде тұ­танды. Қариялардың қуа­нышында шек жоқ. Әкімге алғысын жаудырған қария­лар да, жергілікті халық та: «Әкімнің өзі де жанды-жақты үлкен отбасының перзенті, он бала­ның бірі ғой!», десті мәз-мәйрам болып. ҚҰРМАНҒАЛИДЫҢ МОНШАСЫ “Егемен Қазақстанның” тілшісі, қа­ламы қарымды журналист інім Темір Құ­сайын бір кездесіп қалғанымда: «Қай­реке, сізге бір қызық көрсетейін», дегені бар. Қандай қызық болуы мүмкін деп ойланып қалдым да, бірден келісімімді бердім. Ә дегенше бір көшенің шеткергі тұсына кеп тоқтадық. Бір бұрышта сырахана, қарсы бетте – сыпыртқы сатып отырған жез мұрт қария. «Мұның таңданарлық несі бар ек­ен» деп түйген мен самарқаулық та­ныт­тым. Темір інім мені бір үлкен ғи­ма­раттың ішіне ертіп кірді. Сөйтсем бұл монша екен. Мәс­кеу, Петербор мон­шаларын, өзі­міздің Ал­матыдағы атақ­­ты “Арасан”, “Тауспа­лар­ды” тауысқан басым Оралда мен таңға­ларлық монша қайда болсын деген нық сеніммен батыл басып, ішке ендім. Кәдімгі монша. Темір екінші қабаттағы ерлер бөлі­міне бастап апарды. Таңғаларлық түгі жоқ. Қап­­таған халық. Кейбіреулері қал­ғып-мүл­­гіген қалпы кезегін күтіп, ұзын сәкіде отыр. Мен күліп: – Темақа, осы ма таңғалдырғаның? Ме­ні кезек күткен адамдарды көрме­ген шығар дегенің бе? – дедім. Темір жы­миып: – Қызығы алда. Сабыр етіңіз, – деді қысқа қайырып. Содан кейін менің көзімше кассаға барып, билеттің қанша тұратынын сұ­рап еді, аржағынан «екі жүз теңге» деген дауыс естілді. Мен таңғалып, тосылып тұрып қал­дым. Көке-ау, мына заманда бұл «батпан құйрық, тегіннен тегін жатқан неткен құй­рық» демекші, екі жүз теңгеге сәлеміңді де алмайды ғой! Темір мені осы моншаның дирек­то­ры­мен таныстырды. Құрманғали деген жігіт екен. Толықша келген. Қараторы. Мен тү­сінбегенімді айтып, орысшалап “выле­тишь в трубу” дегенімде ол күліп: «Аға, осы бағамен қанша ха­лықтың алғысын алып жатырмын. Ор­талықта бір монша бар еді, ол жа­былып, бас­қа­ша қызмет ететін болды, оған қалтасы тайыздар жолай алмай­ды», деді байып­пен. Айтса айтқан­дай. Қарасам – қаптаған қарақұрым ха­лық. Оны көріп, ойға қалдым: «Е, мың теңгеге бір адам кіргенше, бес адамның кіргені тиімді екен. Және жалпы халыққа да оңтайлы, сонда – екі есеп, бір есеп!». Мен Құрманғалидың осы заманға лайық қызмет көрсетіп, жұрттан алғыс алғанына және оның жолын тапқанына дән риза болдым. Шіркін, осындай азаматтарымыз кө­­бі­рек болса, қане! ҚАСҚЫР ШАПҚАН АУЫЛ Тападай тал түсте ауылға қасқыр шапты. Бұл жақта қасқырды “жама­науыз” дейді. Оқыс оқиға облыстық теледидар арқылы да халыққа мәлім болды. Қазақ қасқырды қанша жек көрсе де оны есті аң­дар­дың санатына жат­қы­затыны әлім­сақ­тан белгілі. Оны аң­дардың эли­тасы санатына жатқыза­тын жөні бар. Бөрі негізінде текті аң. Оны қазекең «қас­қыр да қастық қылмас жолдасына» деп әнге де қосқан. Ал кейбір адамдар жөнінде бұлай айта алмаймыз. Сол өкінішті. Сонымен, Жаңабұлақ ауылына қас­қыр шапты. Абырой болғанда қасқыр талай жаздаған әйелді көршісі көріп қалып, ажалдан арашалап алған екен. Сөйтіп, ауыл халқы бір қасқырды со­ғып алып, олжаласа керек. Енді бұл жаманауыз неге шапты екен бұл ауылға дегенге келсек, бір қызығы қасқырды кінәлап, айыптаудың мүлде жөні жоқ болып шықты. Енді бұл оқиғаның болу себебіне үңіліп көрелік. Бұл өңірде қөршілес Ресей Федера­ция­сы аңшыларының, балықшыла­рының лек-легімен келіп, аң аулауы, балық аулауы таңсық оқиға емес. Оған өзімнің талай рет куә болғаным бар. Тіпті, сонау Нарын құмы аймағына барғанымда да шыжыған қырық шілде кезінде құмның балпағын аулап жүрген орыс ағайындарды өз көзіммен көрге­нім бар. Балпақтың ол жақта ірі бола­тыны және өте семіз боп келетінін бәрі біледі. Інінің қасында екі аяғымен тік тұрып жан-жағын қадағалайды да адам жақындаса ініне кіріп кетеді. Аңшылар сол індерге су құйып, болмаса ыстап, ақыры інінен атып шыққан балпақтың терісін сыпырып, етін пісіріп жейді. Қазақтардың балпақпен мүлде ісі бол­майды. Ресейден келген сол аңшылар балпақтың бұл ба­ғалы терісін қап-қап қылып арқалап қайтатын еді. Балықшылар да солай. Оралдан тоқсан шақырым жердегі Шалқар көліне қашан бар­саңыз да көл жағалай иіріліп тұрған ресейлік машиналардан көз тұнады. Қан­ша аулаймын десе де, қашан аулаймын десе де еркі. Олардың бұл үшін төлейтін төлемі де болмашы ғана. Осы маңайда жер сілкінгенін бәріміз де білеміз. Жер асты байлығын үңгіп ала берген соң пайда болған қуыстардың сал­дарынан болған зілзала деседі. Өйт­кені, бұл батыс өңі­рінде жер жарал­ғалы сілкініс болмаған ғой. Бұл аймақ – сейс­ми­калық аймаққа жатпайды. Сол зілзаланың зардабынан Шалқар көлінің суы бір шақырымдай кейін шегініп, тартылып қал­ғанын былтыр ба­рып қайтқанымда көріп едім. Бірақ, оған қарап жатқан көрші ел­дің балықшылары жоқ – дүмеп келіп балық аулауда. Биыл қасқырлар жалпы Қазақстан кө­лемінде тіпті көбейіп кетсе керек. Бұл хабар ресейлік аңшылардың құла­ғы­на жетпей ме. Оны естіген аңшы қа­уы­мы жер түбіне де жетері хақ. Ал біз іргелес жат­қан көршілес ел болған­дық­тан саят­шылар бірер сағатта жетіп келмек. Осындай аңшылар қасқыр­дың екі бөл­тірігін атып алады да Жаңабұлақ ауы­лына келеді. Содан өшіккен қас­қыр­дың қан­шы­ғының осы ауылға шау­ып жүр­ген се­бебі де осы. Бөлтіріктері үшін ауылға шап­қан қасқырды еске алғанда, бала­ла­рынан азар да безер болып ат-тонын ала қашқан әйелдер ең болмаса осынау аңнан үлгі алса ғой, шіркін, деген ой келеді. ГОРЬКИЙ КЕЛДІ БІЗДІҢ ҮЙГЕ – Қош келдің, қарағым. Төрлет! Орта бойлы, қараторы жігіт сыпайы амандасты. Біраздан соң шүйіркелесіп сөйлесе бастадық. Бір бастық ініміздің жүргізушісі болатын бұл жігіт. – Атың кім, қарағым? – Горький. – ?!. Мен сәл мүдіріп барып жа­ңа­ғы сұ­ра­ғым­ды қайталап едім, ол тағы да сол “Горькийін” анық та айқын айтып, бетіме қарағанда енді мен үнсіз қалдым. Ішімнен ата-анасы орыс совет әде­биетін сүйіп оқитын адам шығар деп топ­шыладым. Астанада тұрғанымда Сау­ытбек бауырым ана жылы Жапонияда кездестірген бір қазақ жігітінің әкесінің аты Демьян екенін айтып берген еді. Оның әкесі Қытайда туған екен, әке­сінің әкесі, яғни атасы сол Демьян Бедный өлеңдерін жақсы көріп, бала­сына Демьян деген ат қойыпты... Бұдан кейін Мира атты қаламгер қа­рын­дасыммен та­ныстым. Ол – Орал қала­лық “Жайық үні” газетінің бас ре­дакторы екен. Қабылдау бөлмесіне қо­ңы­рау шалып едім, тағы бір қыз бала трубканы көтеріп «Алев­тина­мын» деп таныстырды. Көр­шім­нің аты – Лю­ция екен. Бір заман­дасымыз әйелі­нің аты Екатерина екенін түсіндіріп жатты. Ал Клара, Валентина, Роза, Елизавета, Люция, Маргарита, Нина, Светлана, Ирина, Лариса, Тамара тәрізді есімдерге құла­ғы­мыз үйренгелі не заман. Ерлердің есіміне келсек, біздің өмір­де басқалардан жиірек кездесетін Николай, Борис, Вячеслав, Константин, Макар, Владимир, Максим, Александрлармен қатар, заманына қарай амалы болса керек, сол дәуірден хабар беріп тұрғандай Маркс, Эн­гельс (қыз болса Энгельсина), Мэлс, Морис, Ким, Молотов, Виль (Владимир Ильич Лениннің қысқартып алғаны), Макс, Даздраперма (Да здраствует первое мая), Трактор, Нарсотбай (народный судья), Съезд, Октябрь, Теңдік, Лән (Ленин әлемінің нұры), Январьбек, Совхозбек, Колхозбек, Мтсбек, Космонавт, Гамлет, Клим тәріздес есімдер баршылық. Бұл – ғасырлар бойы санамызға сіңіп қалған құлдық психологияның нә­ти­жесі, соның жемісі. Дей тұрғанмен де біз пессимистер емеспіз. Қазір егемен ел болдық. Тәуелсіз мем­лекеттер қатарына қосылғаны­мыз­ға да, құ­дай­ға тәубе, міне, жиырма жыл­дың мұғдары. Ендігі оң бетбұрысты бүгінгі таңда баршамыз да көріп-біліп, сезіп жүрміз. Өмір сапарында “киімшең” табыл­ған, туған бауырымнан кем көрмейтін інілерім бар. Солардың өз перзенттеріне берген есім­деріне дәйім көңілім толатыны рас. Нұрлан, Серік, Есенбай, Шыңғыс, Жан­тас­тардың ба­лаларына Мирас, Айымгүл, Нұ­ралы, Ләйлі, Мән­шүк, Әлия, Алаш, Нұр­сұлтан, Дана, Айзере деп атаулары қатты қуантады. Мен де былтыр туған не­меремнің атын Алан деп қойдым. Осының бәрі де тәуелсіздіктің ал­тын күрегі ескен кезеңнің арқасында мүмкін болып отыр. Мен осыған шүкіршілік етемін. АНАЛАР ДОСТЫҒЫ Менің өмір бақи таңғалатын нәрсем – аналарымыздың достығы. Қазір өзім де біраз жасқа келген адаммын. Бұл өмірде мен де ащы мен тұщының дәмін таттым. Алыс пен жақынды, бар мен жоқты да бір адамдай көріп, біліп бақтым. Бірақ, ана­ларымыздың досты­ғын­дай адал достықты көрмедім және көрмейтін де шығармын. Бүгінде Әбіш Кекілбайұлының ана­сы Айсәуленің, Асқар Сүлейменовтің анасы Айтотымның және менің ана­шым Жаңыл­ғаным үшеуінің достығы ел ара­сына кең тарап кеткен тәтті аңыз. Үшеуі де сұрапыл соғыстың қаһарына ұшырап, жастай жесір қалған. Бірақ, “қарағайға қарсы біткен бұтақтай тағ­дырдың талапайын көрсе де иілмей” қарсы тұра білген үшеуі де жал­ғыз тал ұлдарының қас-қабағын бағып, тек солардан үміт күткен. Жалғыздың маң­­дайы­нан ешкімге шерткізбеген. Сол себепті, үшеуі де қайтып тұрмыс құрмай, перзенттері үшін жастығын құрбан етіп, бар ғұ­мырын сол бір тал бала­ларына арнаған. Үшеуі де дүниеден озды. Бірақ, ара­ларынан қыл өтпестей татулығына адал қалпында өтті өмірден. Жалғыздарын жеткізді арып-ашып, адасқан қаздай жадап-жүдеп жүріп. Үш ананың ішіндегі ең ұзақ ғұмыр кешіп, ғасыр жас­а­ған Айсәуле шешеміздің жарық дүние­мен қоштасар­дағы соңғы тілегі: «Әбі­шімді ренжітпе­ңдер», болыпты. Міне, Ана атты құдіретке табынатынымыз да сондықтан. Туған топыраққа табаным тиіп, ел-жұр­тымның құрметіне бөленген соң ша­быт­та­на жыр жазуға кірісіп кеткен ша­ғым бо­латын. Біздің үйге бір бейтаныс әйел келді. Біздің үйді тауып келген әйел – Жамал шешейдің немересі боп шықты. Аты – Сәбира. Мұнда мені шақырта жіберіп отырған сол шешейдің өзі екен. Бірден есіме түспей, Сәбира түсін­дір­ген соң барып еміс-еміс жадыма өт­кен жылдар елесі орала бастады. Жамал шешей – анашымның замандас досы болған. Біздің колхозда жа­уап­ты қыз­меттер атқарған Бақыт Әжіға­лиевтің әйелі. Сонда барып бәрін де ұқтым: ше­шей­дің үлкен ұлы Ибадатпен бірге оқығаным, кейін оның қайтыс болғаны жадымда жаңғырып шыға келді. Менің Астанадан Оралға қоныс ау­дарғанымды, Батыс Қазақстан облы­сы­ның әкімі Бақтықожа Ізмұхамбе­тов­тің мені арнайы шақырып, үй бергенін, жұмыс бергенін теледидардан кө­ріп-біліп, жергілікті “Орал өңірі”, “Жай­ық үні” газеттерінен хабардар бол­ған тоқ­сан­­нан асқан кей­уана өз ба­лалары осын­­дай марапатқа ие болған­нан бетер есі шыға қуанса керек. «Япы­рай, мұн­дай да әкім болады екен-ау! Айна­лай­ын, өркені өссін! Екі дүниеде жаман­дық көрмесін! Баяғыда полигоннан зардап шегіп, сонау Тәшкеннің ар­жағына Мақтаарал, Жетісай деген жерлерге жер ауғандай боп кетіп еді. Әкім соның қиуазын қайтарған екен. Мәрте­бесі үстем болсын! Мың жасасын!» деп көзіне жас алып, қатты тебіренсе керек. Менің қуанышымда шек жоқ. Ша­қыр­ған күніне жетіп бардық. Қалаға іргелес жат­қан Подстепное деген ауылға қоныс­тан­ған екен. Жамал шешей өзінен өрбіген ұрпақ­тарын да түгел шақырыпты. Көптен көр­меген шешемізді – анашымның заман­дасын көріп, дас­тарқанынан дәм татып, мәре-сәре болдық. Анашымның құрбыласының оны ұмыт­­пай, оған деген пәк көңілінің сол қалпында сақталғанына әрі таңғалып, әрі қуанып, Жамал шешейдің кемеліне келіп, кемерінен асып, күрпіп отырға­нын, шып-шырғасы шық­пай шырпып отыр­ғанын көріп мен өзімді бақытты сезіндім. Кіші ұлы Бақты­байының қам­қорлығына бөле­ніп, үлкен ұлы марқұм Ибадатының тұяғы Уәлиханның шаңы­рағын­да қолын жылы суға малып отырған кейуана әл­ем­дегі ең бақытты ана боп көрінді маған. Әке туралы мақалды сәл өзгертіп, анаң өлсе де анаңды көрген өлмесін дегім келді. Жамал шешей әлі тың екен, анашым туралы, менің балалық шағым туралы әң­гімелерін ұйып тыңдадым. Оның үстіне інісі Қадемнің әйелі Хансұлу әдебиетті сүйетін, өзі өлең жазумен әуес­­тенетін өнер сүйгіш адам екен. Дастарқанның көр­кін келтіріп, шырай­ын шығарып отырды. «Екі қолын қамшы, екі аяғын ат етіп жүріп, арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп сені жеткізді ғой мамаң. Немере, шөберелерін көріп кетті. Ба­ғына жақсы келін тап болды ғой. Жаңылғаным бақытты адам», деп түйді Жамал шешем сөзін. Тіпті, кейін ән шырқап берді. Мұндай қуанышқа кенелермін бе?! ...Жарты жылдан соң Жамал шешей дүниеден өтті. Айтар сөзінен жаңыл­май, ақыл-есі бүтін қалпында. Мен жөн­деп араласуға да үлгермей қалдым. Өйткені сүйегі асыл кейуананы қайтыс боп кетеді деп тіпті ойламайды екенсің. Көне көкі­рек­тің көп сырын біле алмай қалдым. Біз­дің балалық шағымыз туралы, ата-ана­ла­рымыз жөніндегі телегей теңіз сырды өзімен бірге ала кеткені өкінішті-ақ. Бір медет тұтатын жайт, Батыс Қа­зақ­стан облыстық телерадионың бас­шы­сы Асланбек Ғұбайдуллиннің қам­қор­­лығы арқа­сын­да осы өңірдегі ұзақ жа­са­ған қариялар­мен қа­тар Жамал Әжі­ға­лие­ва шешей туралы телехабар бей­не­таспаға жазылып қалды. Шешейді са­ғынғанда соны көріп отыратын боламыз. Аналардың достық дәстүрін біз, солар­дың ұрпақтары, әрі қарай жал­ғастыруға тырысудамыз. Олай деуіме негіз бар. Былтыр мен Қазақстанның күнгейі­не орналасқан Шардара ауданына ба­рып қайттым. Өзім де сол балалық ша­ғым өткен өлкені бір көріп қайтсам деп аңсап жүр едім. Құдай жарылқап, са­пардың сәті түскеніне қатты қуандым. Бұл жолы анашымның тағдырлас құр­бы­ласы Кермеқас шешейге сәлем беріп шы­ғудың сәті түсті. 1952 жылы қаптаған полигондар ашылып, Орда ауданы тара­тылып, бізді күнгей өңір­дегі Жетісай (ол кезде Ильич ауданы) ауданына көшірген болатын. Арып-ашып, азып-тозып барған­да мен Режеп Тәжібаев деген баламен дос болып кеттім. Режептің анасы осы Кер­меқас шешей бір тілім нанға жарымай жүрген кезімізде талай рет тандыр нанын, жаппа нанын, бауырсағын құшақтатып жі­беретін. Өзі анашыммен сырлас бо­лып, жақын жегжаттай араласып кеттік. Кермеқас шешейді көрмегеніме тура елу жыл болып еді. Мені ұмытқан шығар деп едім. Ұмытпапты. Достым Режеп те, зайыбы Қуаныш­күл де әдемі қартайып келеді екен. Режеп екеу­міз балалық шаққа саяхат жасап қайт­қан­дай болдық. Ол бала кезінен басынан на­қақ бір ауыз сөзді ас­ыр­майтын өр бола­тын. Сол қалпында, өзгермеген екен. Тағы өзі әзілқой. III-Интернационал атындағы мектепте оқ­ып жүргендегі өз қылық­та­рымызды еске алып, мәз-мәйрам болдық. Математик Әубәкір Жиенбеков, әдебиетші Ша­­жалы Сағымбеков сияқты сүйікті ұс­таз­дары­мызды, Тағай, Бәкір сияқты құр­дас­тарымызды құрметпен еске алдық. Кермеқас шешейді көріп, көзайым бо­лып, оны аялап, саясын саялап отыр­ған Ре­жептің отбасының дәмін таттым. Бақыт­ты отбасын көріп, «тәубе!» дедім. Тек Алла ­тағала ұзағынан сүйін­діргей! Қайрат ЖҰМАҒАЛИЕВ.