23 Сәуір, 2011

Жыр падишасы – Маңғыстауда

609 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Көрнекті ақын,  Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынова облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың арнайы шақыруымен Маңғыстау аймағында болды. Маңғыстауда кімім бар осы менің? Алады онда біздерді есіне кім? Қуаттансам деп едім, топырағынан Шығар ма екен алдымнан тосып елім?   Оғыландыны түсімде көрем кейде, Сонда қайғы-мұңымды өшіремін. Пір бабамыз дем беріп жатыр-ау деп Ақ боз атқа мінгендей көсілемін...   Келмей жүрсем бұл жаққа төзім жылап, Жүрегім де сүйрейді, көзім бұлап. Маңғыстауда патшадай сезінемін, Неге екенін білмеймін өзім бірақ.   Міне, осылай деп Маңғыстауын жырға қосатын азамат ақынды аймақ басшылары, өнер-мәдениет өкілдері әуежайда тағатсыздана тосып, алқызыл гүлдермен, ән-жырмен қуана қарсы алды. Аймақ­тағы алғашқы қадам шапағатты Шопан ата арқылы ел иесі, жер киесі Пір Бекет атаның мәңгі дамыл­даған Оғыланды жер асты ғимаратына барып зиярат етуден басталды. Шалғайдағы Тұщықұдық ауылындағы кездесуде: Құмы – мамық бұл жердің, суы балдай, Жүр біреулер киесін ұғына алмай. Балқаймағын, шұбатын тосып алдан, Барсаң бәрі күтеді дымы қалмай. Сонда сенде сезесің Маңғыстаудың Шыңы қандай, шың тектес ұлы қандай - деп жыр төкті ақиық ақын. Қазыналы түбектің түп қазығы Форт-Шевченко қаласында, Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіндегі студент-жастармен кездесулер де әсем, әсерлі болды. Қайраткер ақын аймақтағы тарихи орындар, табиғаты көрікті жерлер мен өр­кенді өзгерістерді де назардан тыс қалдырмады. Ал кеше облыс орталығында «Өлең, мен сені аялап өтем...» атты поэзия кешіне жиналғандар Мәде­ни­ет сарайына сыймай кетті. Алғашқы сөз алған халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы: Фариза Маңғыстаудың киелі топыра­ғынан қуат алған жыр падишасы, қазақ поэзия­сы­ның түндігін желпілдетіп тұрған тұлға. Фаризамен бірге жүріп, өмір кешіп, құрдас қылған тағдырға дән ризамын – деп тебірене, толғай сөйлеп, «Сіздерді қатты сағынып келіп еді. Ел де солай екен, төбелеріне көтеруде», – деп жиналғандарға риза­шы­лық сезімін жеткізді. Облыс басшысы Қырым­бек Көшербаев «Бұл бір өлкемізге ерекше нұр төгілген күндер болып тұр. Айсәуле анамыз «қос құлыным» деп еркелеткен әдебиетіміздің қос алыбының аймағымызға атбасын тіреуі біздер үшін үлкен қуаныш. Жыр алауын жалындата беріңіз. Жан жадыратар жауһар жырларыңыз көп болсын, Фариза апай!», деген игі тілегін айтып, ақынға ұлттық дәстүрмен иығына қазақы камзол жауып, темір тұлпардың кілтін тапсырды. Бұл кеште өлкенің айтулы өнерпаздары Р.Айдарбаева, Т.Асар, Е.Құлиев, Ж.Көшкінов, А.Ерім­бе­това, А.Көшеров Фариза апайдың сөзіне жазыл­ған, ақынға арналып шығарылған әндер мен күй­лер­ді нақышына келтіріп орындаса, айтулы айтыс ақыны М.Қосымбаев өз арнауын, ақындар Ә.Бимағанбетов, Р.Қосбармақов, С.Шортанова, «Жанартау» жас ақындар клубының мүшелері, мектеп оқушылары ақынның шығармаларымен өз туын­дыларын оқыды. Жиналғандар ақынның өзі оқыған Маңғыстау туралы жазылған жаңа жырларын жылы қабылдап, қол соғып қошемет көрсетті. Жырсүйер қауым құшақ-құшақ алқызыл гүл сыйлап, азаматтық әуенге толы асқақ жырлары үшін ақынға алғыс сезімдерін білдірді. Сый-құрметте шек болмады. Қысқасы, маңғыстаулықтар үшін жыр патшайымы атанған Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін тың­дап, онымен емен-жарқын әңгімелесу аймағымыз­дың мәдени-рухани өміріндегі ерекше есте қалатын оқиға болды. Өнерсүйер қауым бір желпініп, бір серпіліп қалысты. Жоламан БОШАЛАҚ. Маңғыстау облысы.