Жапония үкіметі ағымдағы қаржы жылының бюджетін толықтыру жөнінде шешім қабылдады. Осы елдің «Киодо» агенттігінің хабарлауынша, Жапония үкіметі наурыздағы зілзала мен оның салдарынан болған апаттардың зардаптарын жоюға 4,02 триллион иен (50 миллиард долларға жуық) бөлді.
Агенттіктің атап өтуінше, 11 наурыздағы 8,9 баллдық жойқын зілзала Жапония экономикасына екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі аса зор көлемде шығын келтіріп отыр. Ал 1995 жылы Хонсю аралында болған қуатты зілзала зардаптарын жою үшін бұл ел 3,23 триллион иен бөлген еді. Жапония қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, мемлекет қосымша құнды қағаздар шығармай-ақ, зардап шеккен аймақтарды қайта қалпына келтіре алады.
ЖАРЫЛЫСТАН 16 АДАМ ОПАТ БОЛДЫ
Пәкстанның Карачи қаласындағы құмар ойын притонының бірінде болған жарылыстан 16 адам мерт болып, 40-қа жуық адам жарақат алған. Бұл туралы «Франс пресс» агенттігі қалалық полицияның мәліметтеріне сілтеме жасау арқылы хабарлады.
Пакет ішіндегі қолдан жасалған бомба бейсенбі күні кешкісін жарылған. Жарылыс кезінде ғимарат та айтарлықтай бүлінген көрінеді. Жергілікті полицияның мәліметтеріне қарағанда, бұл Румми клубындағы құмар ойыны заңсыз жұмыс істеп келген. Ал мекеменің өзі жергілікті қылмыстық топтардың меншігінде болса керек. Құқық қорғау органдары жарылыстың жасалуы қылмыстық топтардың өзара есеп айырысуларынан болған деген болжам айтуда.
ОҚИҒА СЕБЕП-САЛДАРЫ ТЕКСЕРІЛУДЕ
«Вашингтон пост» басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың федералды азаматтық авиация басқармасы елдің бірінші ханымы мен вице-президент ұшақтарының әуе кеңістігінде ұшуы кезінде оларға авиадиспетчерлер бақылауды күшейту туралы шешім қабылдады.
Азаматтық авиация басқармасының осындай шешім қабылдауына АҚШ президенті Барак Обаманың зайыбы Мишель ханымның ұшағы әскери көлік ұшағымен соқтығысып қала жаздағаны себеп болып отыр. Бұл оқиға 18 сәуірде болған. Авиадиспетчерлердің қателігінен болса керек, әуе кеңістігінде АҚШ-тың бірінші ханымының Боинг-737 ұшағы мен С-17 әскери-көлік ұшағының есепті ара қашықтығы тым жақындап кеткен. Қазір осы оқыс оқиғаның себеп-салдары тексеріліп жатыр. Бұған дейін авиадиспетчерлер АҚШ президентінің ұшағы әуеге көтерілген кезде ғана бақылауды күшейтілген режімде жүзеге асырып келген екен.
ОН ЖЕТІ ЖЫЛДАН СОҢ АҚТАЛДЫ
Ирактың бұрынғы вице-премьері Тарик Азизді осы елдің Жоғарғы соты ақтау туралы үкім шығарды. 2009 жылдың наурызында сот оны өлім жазасына кескен болатын.
«Франс пресс» агенттігінің ақпараттарына қарағанда, 1994 жылы Ирактың экс-президенті Саддам Хусейннің жақтастары ретінде Тарик Азизбен бірге, барлау қызметінің бұрынғы қызметкерлері Хади Хасуни, Абдул Хасан әл-Маджид және Фарук Хиджазиге Ирактың ежелгі тайпасының ұрпағы Бану Тамимді өлтірді деген айып тағылған еді. Ал кезінде аты-жөндері аталған бұл үшеуі өлім жазасына кесіліп, үкім орындалған болатын.
МЭРИЯНЫҢ ҒИМАРАТЫН БАСЫП АЛДЫ
Қырғызстанның батысындағы Майлысу қалалық мэриясының ғимаратын 50-ден астам адам басып алды. Бұл ақпаратты «АКИпресс» агенттігі таратты.
Аталған агенттіктің хабарлауынша, басып алғандар қаланың бұрынғы басшысы, қызметінен жақында босатылған Тұрғыналы Ариповтің жақтастары. Милиция қалалық мэрияның ғимаратын басып алғандығы жөніндегі ақпаратты жоққа шығарып отыр. Дегенмен, жергілікті әкімдік агенттікке 22 сәуірде қала мэриясын Т.Ариповтің жақтастары шынында да басып алғандығын хабарлаған. Ал олар қала басшысы Рысбек Ызабековтің қызмет бөлмесіне кіріп алып, одан облыс губернаторымен, Премьер-министр Алмаз Атамбаевпен кездестіруді талап еткен. Сондай-ақ Р.Ызабековті бөлмесінен күштеп шығарып, оның орнына өз жақтастары Т.Ариповті отырғызған.
УКРАИНАНЫҢ КЕДЕН ОДАҒЫНА КІРГІСІ ЖОҚ
ИТАР-ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Украина Кеден одағына кірмейді. Бұл туралы 22 сәуірде елдің сыртқы істер министрі Константин Грищенко парламентте депутаттардың сұрақтарына жауап беруі кезінде мәлімдеген.
Министрдің пікірінше, Украина Кеден одағымен өзара іс-қимыл жасауы ықтимал. Ресей Украинаның Кеден одағына мүшелікке кіру жағдайын қойып отырған жоқ. Бұл мәселе екі елдің премьер-министрлері Н.Азаров пен В.Путиннің кездесуінде де қозғалған. Бұған Еурокомиссияның басшысы Ж.М.Баррозудың 18 сәуірде Украинаға келген сапарында елдің бір уақытта екі одақпен интеграциялануы мүмкін емес, дегені әсер етсе керек.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
Мексиканың солтүстігіндегі Тамаулипас штатында бір жерде жерленген адамдардың мүрделері тағы да табылды. Бүгінде олардың жалпы саны 177-ге жетті.
Венгрияның №1 телеарнасы интернетке Адольф Гитлерді туған күнімен құттықтаған роликті орналастырды. Онда Гитлерді «неміс саясаткері» деп атаған.
Францияның Нант қаласында алты адамнан тұратын отбасы ұшты-күйлі жоғалған. Полиция оларды ұрлаған, одан кейін өлтірген деген жорамал жасап отыр.
Ливия жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, НАТО күштері Ливияның мұнай танкерін басып алған. Танкерде мұнай бар, не жоқ екендігі қазірге белгісіз.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.