Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтауында былай делінген:
Құрметті қазақстандықтар, сіздерді Пасха жарқын мерекесімен құттықтаймын! Бүгін оны барша қазақстандықтар атап өтуде. Қазақстан – көпэтносты және көпконфессиялы ел. Біздің басты байлығымыз – халықтар мен діндер арасындағы бейбітшілік пен келісім. Бізде Наурыз, Құрбан айт, Рождество, Ораза айт, Пасханы бірге қарсы алу бұрыннан жақсы дәстүрге айналған. Қазақстан жерінде барлық этностардың мәдениеті гүлденуде және бір-бірін байыта түсіп отыр.
Қазақстан басшысы, сондай-ақ бүгінгі мереке күні біздің қоғамдағы моральдық қағидалар мен отбасылық құндылықтарды нығайтудағы діннің зор жасампаздық рөлін атап өтеді. Біздің бірлігіміз төзімділікке, адамды сүюге, қайырымдылыққа шақыратын жоғары адамгершілік мұраттарға негізделген, дейді Президент.
Тәуелсіздіктің 20 жылында біздің бірлігіміз бен топтасқандығымыздың арқасында біз өркендеген Қазақстанды құрдық. Және бүгінде біздің республикамыз тұрақтылықтың, бейбітшілік сүйгіштіктің және келісімнің үлгісі болып табылады. Бүкіл әлем біздің еліміздің өркендеген әлеуетін көруде және Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы маңызды және жауапты рөлін мойындайды, дейді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы, сонымен қатар, біздің ортақ парызымыз, Қазақстанды сүйген әрбіріміздің парызымыз – рухани және мәдени құндылықтарды сақтау, елімізде халықтың бірлігі мен тұрақтылықты аялай білу және нығайту екенін атап көрсетеді. Және осы жарқын мереке күні баршаға мықты денсаулық, игілік және құт-береке тілейді. Әр шаңырақта, біздің ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасында бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрсын! Мерекелеріңізбен, қымбатты отандастарым! – дейді құттықтауының соңында Нұрсұлтан Назарбаев.