Шара негізінен канадалық компанияларды еліміздің қазіргі кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы және екіжақты іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытудың болашағымен таныстыруға арналды. Бизнес-семинарға Квебек провинциясының Экономика, ғылым және инновациялар министрлігі, Канаданың «Export Development Canada» экспортты дамыту бойынша корпорациясы, сондай-ақ, Квебектің тау-кен және инжиниринг саласындағы 20-дан астам компаниясының өкілдері қатысты.
Константин Жигалов өз сөзінде Президенттің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары және «Нұрлы жол» бағдарламасының Қазақстан экономикасын одан әрі трансформациялау, көлік-логистикалық, индустриялық, энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуды қарастыратын негізгі басымдықтарына баса назар аударды.
Шара барысында қатысушылар мен қонақтар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық барысы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі мен басқа да ірі инфрақұрылымдық жобалар туралы хабардар етілді.
Елші қазақстандық экономиканың сәтті түрде трансформациясы Елбасы Н.Назарбаев ұсынған конституциялық реформамен бірге жүзеге асып жатқандығын атап өтті.
Басқосуда канадалық компаниялар Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруға атсалысуға шақырылды.
Семинарға қатысушылар интерактивті диалог пішімінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан экономикалық және саяси реформалар туралы оң пікірлерін білдіріп, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ нарығындағы жоғары беделін атап өтті және еліміздің «Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа Кодексін дайындау туралы шешімін, қазақстандық тараптың инвесторлар үшін жеңілдіктер енгізу бастамасын, оның ішінде ірі инвесторлар үшін визасыз режім орнатуын құптады.