Еліміздің географиялық жағдайы, соған орай оның жүк тасымалдау ауқымы әлем елдерінің көліктік тасымалдау жүйесінен еш қалыспайтыны анық. Ал тасымалдаудың негізгі көзі автомобиль және темір жол жүйелері болып табылады. Бұған бірнеше мың шақырымды құрайтын су және әуе жолдары да қосылады.
Соңғы кездері елімізде тасымалдау жүйесінің маңызы арта түскені белгілі. Бірақ соған орай бұл саладағы негізгі кемшіліктер тасымалдау жүйесінің жүйелі жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, құлашын кеңінен сермеуге тұсау салып отырғаны да белгілі болды. Бұл туралы кеше «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің 19-шы отырысында айтылды.
Отырыста қаралған мәселелер Көлік және коммуникация министрлігі саласына қатысты жайларға байланысты өрбіді. Соған орай баяндама жасаған Көлік және коммуникация вице-министрі Еркін Дүйсембаев министрліктің және оның аумақтық органдарының жемқорлықпен күрес бойынша жұмысы ойдағыдай атқарылып жатқандығын тілге тиек етті. Онда жемқорлық құқық бұзушылық жасауға мүмкіндік туғызатын кедергілерді жою бойынша бірқатар шаралар қолға алынған, қадағалау қызметтерін құқықтық регламенттеу және қызметтерді ұсыну бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылған. Тіпті баяндамашының айтуына қарағанда, WEB-сайтта «Көлік саласындағы жемқорлыққа тосқауыл» атты бөлім де ашылған көрінеді.
Алайда, отырыста сөз алған Қоғамдық кеңес мүшелері еліміздегі автомобиль жолдарының нашарлығы көлік қатынасын мүлде төмендетіп отырғанын көлденең тартты. Бюджеттен бөлінетін мол қаражат діттеген мақсатқа жетпейді, соның салдарынан қысқа жіп күрмеуге келмей, тапшылық қолды байлайды. Әсіресе, қолданыстағы техника мен технологиялардың ескіруі, инфрақұрылым саласының дамымауы салдарынан қазіргі тасымалдау жүйесінің жұмысы қанағаттанарлық деңгейде емес. Жол қауіпсіздігі де халықаралық талап нормаларынан әлдеқайда төмен жатыр. Мұның басты кемшілігі, балық басынан шіриді дегендей, аталған министрлікте сыбайлас жемқорлықтың шектен тыс өсуінде болып отырған көрінеді. Онда тек мемлекеттік сатып алулар саласында ғана 36 миллиард теңге көлемінде заң бұзушылықтар орын алған.
Соңғы екі жылда Көлік және коммуникация министрлігі саласында сыбайлас жемқорлықтың едәуір ұлғайғанын отырысқа қатысқандар түрлі дәлелдер келтіре айтты. Өткен жылы аталған министрліктің қызметкерлері арасында 21 жемқорлық көрінісі анықталған, бұл – бұрынғы жылдармен салыстырғанда 40 пайызға көп. Ал осы келеңсіз қылмыстардың түгелге жуығын, яғни 90 пайызын Көліктегі бақылау комитетінің қызметкерлері жасапты.
Александр ТАСБОЛАТОВ.