Фашистермен болған соғыста қол бастаған батырдың қазақ топырағында туғаны кеудемізге мақтаныш ұялатады. Әрі-беріден соң Орта Азия елдері арасында тұңғыш генерал-майор атанған батыр Сабыр Рақымов екенін бұл күнде екінің бірі біле бермейді.
Сабыр Омарұлы 1902 жылы 25 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданы, Көкібел ауылында дүниеге келген. 1909 жылы әкесі қайтыс болған соң отбасымен бірге Ташкент қаласы маңындағы нағашысы Рақым тұратын Тақтапул аулына қоныс аударған. Ерінен жас қалған Сабырдың анасы Бахарайым өзбек қызы болатын.
Жиырмаға толғанда әскер қатарына өзі сұранып, Баку қаласындағы әскери училищеге түседі. Оны үздік бітірген соң Самарқан қаласындағы атты әскер дивизиясы полкінің взвод командирі болып тағайындалады. Көп ұзамай іскер командир ретінде көріне білген Сабырды эскадрон командирлігіне өсіреді.
1925-1927 жылдары ол Тәжікстан және Түрікменстанда әскери іс-қимылдарға қатысады. 1936 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. 1937 жылы байдың тұқымы деген желеумен түрмеге түсіп, 9 ай қамауда отырғаннан кейін босатылады. Одан соң Өзбекстанда ерекше химиялық авиациялық ұйымдар кеңесінің ең жауапты бөлімі – жауынгерлік дайындық бөлімін басқарды.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған алғашқы күндерде-ақ ол өзінің қызмет еткен бөлімімен майор шенінде соғысқа аттанады. Сұрапыл соғыс жылдарында ұрысты сауатты ұйымдастыра білгені үшін «Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз», Суворов және Кутузов, «Кавказды қорғағаны үшін» ордендерімен және медальдармен марапатталады.
1943 жылдың наурыз айында Сабыр Рақымовқа жоғары әскери дәреже генерал-майор атағы берілді. Өкінішке қарай, генерал Рақымов Жеңіс күнін көре алмай кетті. 1945 жылы 26 наурыз күні Польшаның Данциг қаласы үшін шабуыл кезінде қаза табады.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен 1965 жылдың 6 мамырында генерал-майор Сабыр Омарұлы Рақымовқа Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Сонымен бірге Ұлы Жеңіске үлкен үлес қосқан генерал Сабыр Рақымов туралы Өзбекстанда «Генерал Рақымов» атты көркем фильм түсірілді.
Кезінде Өзбекстанда С.Рақымовтың есімімен аталған көп нысандар болған. Кейіннен, 2000 жылдары С.Рақымов өзбек пен қазаққа бірдей ортақ толағай тұлғаның есімімен аталған ғимараттар мен нысандарға басқа есімдер мен атаулар беріп өзгертіліп жіберілгені, әрине, өкінішті-ақ.
Қазіргі таңда Сабыр Рақымов әрбір қазақтың мақтан тұтар батыры болғандықтан, оның аты Қазақстанда бірқатар нысандарға берілген. Айталық, Шымкент қаласында Сабыр Рақымов атындағы республикалық әскери мектеп-интернат бар. Сондай-ақ, осы қалада даңқты қолбасшының құрметіне 2012 жылы «Жеңіс» саябағының алдына ескерткіш орнатылды.
Ал 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ауған соғысы ардагерлерінің бастамашылығымен «Кеңес Одағының Батыры – Сабыр Рақымов» атты медаль белгіленді. Алматы қаласында «Құлагер» шағын ауданындағы көше батыр, генерал Сабыр Рақымовтың есімімен аталады.
Енді генералдың сойына келер болсақ, 7 жасында әкесінен айырылған бала Сабыр анасы (1917 жылы қайтыс болған)және қарындасы (1915 жылы қайтыс болған) үшеуі нағашы ағасының қолына келгенін жоғарыда айтқанбыз. Сол жерде мектепке кіріп оқу керек болғандықтан Сабыр Рақымов (нағашысының атымен) деген тек алып, Тақтапул елді мекенінің (Әйгілі Төле бидің мәңгі мекені Шайхантәуір аймағы) мектебіне оқуға барады. Бұл қадам кейін Сабырдың қызыл империяның қуғын-сүргінінен аман қалуына көмектеседі. Өйткені оның өз атасы, яғни Омарқұлдың әкесі Мәмбетқұл кезінде датқа, бір ауылды басқарып тұрған ақсүйек болған. Осыған байланысты домалақ арыздардың кесірінен («ол –қазақ, атасы бай болған» – деген секілді) әскери қызметте жүрген, Сабыр Рақымов тоғыз ай бойы қамауда болады. Ақыры ақталып шығып, қайтадан әскер қатарына алынады.
Шындық сол кезде ашылғанда Сабыр, бәлкім, атылып та кетер ме еді? Аман алып қалған да құдайдың қаққаны, дәл осы нағашысының атына жазылғандығының арқасы шығар дейміз.
Сабыр Рақымов Бауыржан Момышұлы атамызбен жақын дос болған екен. Баукең оған әрдайым ізгі ілтипатын көрсетіп, ерекше құрметтепті. Батыр ұлымыз 1943 жылы Мәскеудегі академияның тыңдаушысы болып жүргенде олар жиі кездесіп, оқуын аяқтаған соң Бауыржан атамыз Құралай апамыз бен Сабырды Алматыға ертіп келіп арнайы қонақ еткен. Иә, бұл генералдың туған жердің ауасымен тыныстауға мүмкіндік алған ең соңғы сапары еді. Дара генерал соны сезгендей, пойызбен кетіп бара жатқанда Бауыржанға да, Мәлік Ғабдуллинге де қайта-қайта елжіреп қарай береді. Олардан Қазақстандағы өмір туралы сұрап, халықтың тұрмыс-тіршілігі қалай болып жатқандығына қатты қызығыпты.
Халық ауыз әдебиетімен сусындап өскен қос қаламгер Бауыржан мен Мәлік те қарулас дос, тіпті, ағасындай болып кеткен Сабырға өздері білетін барлық мән-жайды жарыса айтып отырды. Бала күнінен батырлар жыры мен ертегілерге қатты әуестенген Сабыр олардың сөздерін ынта-шынтасымен тыңдаудан жалықпайды. Бауыржан мен Мәлік тереңінен толғап атам замандардағы жыраулар туралы айтқанда, генерал тіптен ойға шомып кетеді.
Алматыда төртеуін сол кездегі Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы Ж.Шаяхметов қарсы алып құрметтейді. Құралай апамыздың әкесі, әйгілі революционер Әліби Жангелдиннің үйіне барады. Сонда бір күн қонып, Сабыр мен Құралай ертесіне Қазығұрттағы Көкібел аулына тартып кетеді. Шымкентке келіп, Қазығұрттың баурайымен жүрген бұлар Көкібелге де жақындай түседі. Пай, шіркін, туған жер десейші. Жақындаған сайын
Сабырдың тынысы жиілеп, жүрегі лүпілдейді.
Қазығұрт пен Өгем тауын бөліп тұрған осынау бір асу қысы-жазы жаңбыр мен қар суынан нәр алып, мәңгі жап-жасыл жайқалып тұрады. «Тоғызқұмалақ жотасында» өзі қатарлы ауыл балаларымен бірге талай рет алысып ойнаған еді-ау!.. Ал анау бір қыраттардан кейін «Сүлікті сай» созылады. «Бәйдібек жайлауы» аталған бұл жерді «Еншіалысқан» дейді.
«Домалақ ана Албан, Суан, Дулат үшеуіне енші беріп, бөлек шығарған еді» деп атасы Мәмбетқұл датқа үнемі айтып отыратын. Көкібел асуынан Ташкент те, Шымкент те көрініп тұрады. Әне-міне дегенше Көкібелге келіп жеткен генералдың аяғын жерге тигізбей күтіп алған көкібелдіктер ұлан-асыр той жасады.
Амансың ба, Көкібелім,
Өзіңді аңсап жетті ерің.
Генерал боп келіп тұрмын,
Бала болып кетіп едім.
Сол кеткенде, Көкібелім,
Өрт боп жанды көкірегім.
Құшағыңа қорған болып,
Оралам деп бекіп едім.
Пай-пай, менің Көкібелім,
Саф ауаңның есіл емін.
Өгем менен Қазығұртты
Жалғайтұғын көпір едің.
Жасыл кілем шөбің шалғын,
Бұлақтарда суың балғын.
Ұлыңмын деп мақтан еттім,
Қасиетті ұлы таудың,
– деп туған жерінде Сабыр аға толғанып тебіренген.
Ертесіне Сабыр мен Құралай ел-жұртпен қош айтысып, Ташкентке тартады. Сол жақтан қайтадан майданға аттанады. Бұл Сабыр Рақымовтың туған еліне келген соңғы сапары еді.
1945 жылы С. Рақымов 37-ші гвардиялық атқыштар (десанттар) дивизиясының даңқты қолбасшысы болып жүргенде Оңтүстік өңірден концерт қоюға әншілер барады. Солардың арасында Роза Бағланова апамыз да бар екен. Келген бойда әнші қыз оларды жылы қарсы алған ұзын бойлы, ірі денелі, келбетті, жасы қырықты алқымдап қалған қолбасшының батырлық сымбатына тәнті болады. Розаның қазақ екендігінен хабардар генерал онымен туған қарындасындай қауышып қазақ тілінде сөйлеседі. «Жауынгерлерді рухтандырып, еңсесін тіктеуге келген өнер тобы көңілді жұмыс жасадық. Біздер жаудың жауып тұрған оғына да қарамастан, сарбаздардың көңілі үшін небір әсем әндерді орындадық. Күніне үш реттен концерт қойсақ та шаршауды білген жоқпыз. Себебі, әйгілі Сабыр Рақымовтың дивизиясында ән айту үлкен бақыт еді. Оның қол астында нағыз ерлер ғана болатын. Генералдың өнерге жаны жақын адам екендігі оның әрбір салған әнімізді бар ынтасымен тындағанынан көрініп тұратын. Өте көңілді жүрді. Тіпті, бір рет ән салуға мені танктің үстіне шығарып қойғаны да есімде. Сонда тұрып әндерді бар көңіліммен айтып едім», деп, батыр өмірінің соңғы күндерін Роза апамыз осылайша әңгімелеп еске алған.
И.В. Сталиннің өзі «Темір генерал» атап, батырлығы мен батылдығына, қайт-
пас қайсарлығы мен бірбеткей, тік мінезділігіне қайран қалған батыр Сабыр мен Құралай апамыздың артында бір ұл, бір қыз қалған.
Қызы Дариға (Дарико) Рақымова генерал-полковник Павел Иванович Батовтың ұлына тұрмысқа шыққан. Мәскеуде тұрады екен. Ұлы Рахметолла (Роман) Ташкентте тұрады, кезінде «Өзбекфильмнің» директоры болып қызмет атқарыпты. Құралай апамыз Алматы қаласында тұрып, сонда көз жұмыпты. Кезінде батыр ағамыздың ерліктері туралы біршама кітаптар шыққан. Енді Отанымыздың жүрегі Астана қаласынан бір көше батыр ағамыздың атымен аталып, ескерткіші тұрса, мектептерге аты беріліп жатса, жас жеткіншектерді әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпал шарапаты керемет болар еді-ау дейміз.
Жүрсінәлі МЫРЗАХМЕТ,
№40 мектеп-гимназиясы
алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы
ШЫМКЕНТ