Әлем • 05 Сәуір, 2017

Қазақстан Әзербайжанға қолдау көрсетіп келеді

124 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бакуге ресми сапары туралы ақпарат таратқан Әзербайжан баспасөзіне шолу

Қазақстан Әзербайжанға қолдау көрсетіп келеді

Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжанға ресми сапары туралы екі елдің бұқа­ра­лық ақпарат құралдары жан-жақ­ты ақпарат берді. Соның ішінде Әзер­байжан АзерТАдж ақпарат агент­тігі бұл кездесулер туралы жеті тілде 50-ден аса ақпарат таратты. Мем­лекет басшылары деңгейіндегі кездесуде Әзербайжан Президенті Иль­хам Әлиев «Қазақстан әлемдегі қуат­ты мемлекеттердің біріне айнал­ды», деді.


Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесі­нің тұрақты емес мүше­лігіне кіргенін Әзер­байжан басшысы жоғары бағалады. Қазақ­стан Республикасының тек өңірлік емес, әлем­дік деңгейдегі мәселе­лер­ді шешудегі ара­ағайындық бастама­ларының өз жемісін бере бастағанына тоқталды.  Қазақстан басшысы екі ел арасында ешбір түйінді мәселе жоқ екенін айтты. «Қазақстанда өмір сүріп жатқан 130 мың әзербайжан этносы екі ел арасындағы сауда қатынастарының дамуына үлес қосып жатыр», деді Нұрсұлтан Назарбаев.  


Ал елдің бас газеті «Әзербайжан» басылымы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Гейдар Әлиев орденімен марапатталғанын хабарлады. Және бұл орденнің Әзербайжанға ең жақын мемлекеттер басшыларына ғана берілетінін жазды. Марапаттау рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев: «1979 жылдан бері Гейдар Әлиевпен өте жақын байланыс­та болдық. Кеңес өкіметі кезінде үл­кен саясатта болған тұлғаға деген сені­мім зор еді. Оның қолдауын да сезіне­тін­мін. Биыл қос мемлекеттің диплома­тиялық қатынасының 25 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Мен қазір Гей­дар Әлиевпен өзара жасасқан келі­сімді іске асыру үстіндемін, – деді.  


Әзербайжанның тағы бір беделді басылымы «Мусават» газеті «Назарбаевтың Баку сапарының түпкі мәні» атты мақала жария­лады. «Тәуелсіздік алғаннан кейін түркі мемлекеттері арасында Әзербайжанмен тығыз қарым-қатынас орнатқан жалғыз мемлекет болса, ол – Қазақстан. Қазіргі таңда қос мемлекет барлық саладағы қарым-қатынасты жоғары деңгейге жеткізді. Бұған Нұрсұлтан Назарбаев пен марқұм Гейдар Әлиевтің арасындағы достық, дипломатиялық қарым-қатынас негіз болды. Осы уақыт аралығында Қазақстан әр салада Әзербайжанға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Соның бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі мемлекеттері арасында ортақ нарық құру туралы бастамасы. Әзербайжанның мемлекеттік шекарасын мықтауына да Қазақстан Президентінің қос­қан үлесі зор. Сонымен қатар, сау­да-экономикалық салаларда да Нұрсұлтан Назарбаев қос мемлекеттің қаты­насына басымдық беріп келеді. Бұл тұрғыда Қазақстаннан аларымыз мол. Экономикалық қатынастар уақыт өткен сайын жаңа деңгейге көте­рі­ле бермек», деп жазады басылым.


Ал Publika.az сайты Нұрсұлтан Назарбаевтың Баку сапарына ерекше назар аударған. Ондағы мақалада Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі мен Еуразиялық экономикалық одақта маңызды орынға ие ресми Астананың қолдауын Әзербайжанның ерекше сезініп отырғаны айтылады.  Әзербайжанның мемлекеттік ақпарат құралдарынан бөлек Sputnik, «Азаттық радиосы», BBC Azeri, «Америка дауысы» секілді шетелдік басылымдар да қос мемлекет арасындағы байланысты жоғары бағалап, Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапарына ерекше көңіл аударды. Соның ішінде Елбасының бауырлас мемлекеттер тәуелсіздігін нығайту жолындағы еңбегі ерекше аталған. Жалпы, Қазақстан Президентінің түбі бір түркі мемлекеттерінің бірлігіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқаны сөз болған.


Физули МЕДЖИДЛИ,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін