Қазақстан • 05 Сәуір, 2017

Байланыстар көкжиегі кеңи береді

206 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Дулат Бақышевтің қатысуымен брифинг өтті.

Байланыстар көкжиегі кеңи береді

Қазақстанның бұл елмен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасының негізі 1992 жылдың 28 қаңтарында қаланған. 1993 жылы Корея Респуб­лика­­сының Қазақстандағы, ал 1996 жылы Қазақстанның Корея Респуб­лика­­сындағы елшіліктері  ашылды. Сол уақыттан бері екі елдің әріп­тестік әлеуе­тін арттыратын тетіктер ны­ғая түсті. Оған мемлекеттер басшы­ларының жо­ғары деңгейдегі кездесу­лері де ықпал ет­кені анық. 

Қос тарап арасындағы байланыстың бекуіне сауда-экономикалық ықпал­дас­тық­тың қосқан үлесі зор. Мәселен, 2016 жылы Қазақстан мен  Оңтүстік Корея арасындағы  тауар айналымы 676,7 мил­лион АҚШ долларын құраған екен.  Оның 223,5 миллион АҚШ доллары – экспорттың, 453,1 миллион АҚШ доллары импорттың еншісінде. Өткен жылдың қараша айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары аясында болашақта да сауда саласына айрықша көңіл бөлінетіні, сәйкесінше, тауар айналымының көлемі де артатындығы, бұл ретте, қос мемлекет арасында нақ­ты жобалардың қолға алынғаны айтыл­ған болатын. Брифингте сөйлеген сөзін­де Дулат Бақышев те сауда-эконо­микалық және басқа да салалар бойын­ша ынтымақтастықты дамытуға үлкен мүмкіндік бар екенін атап өтті.

«Жалпы, 2017 жыл – екіжақты қарым-қатынастың өрістеуі үшін өте маңызды жыл. Себебі, биыл дипло­матиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толып отыр. Осы  уақыт  ішін­де ауқымды жұмыстар атқарылды. Тарап­тар арасындағы байланыстың нығаюы­на еліміздегі корей диаспорасы да үлес қосуда. Бұлардың барлығы біздің дамудың келесі, жаңа кезеңіне аяқ басқанымызды білдіреді. Қазір эконо­микалық байланыстар белсенді түрде дамып келеді. Бұл бағытта екіжақты жобалар бар. Мәдени-гуманитарлық саладағы әріптестікте де оң динамика байқалады. Осы тұрғыдан келгенде, бізді екі ел президенттерінің, үкімет басшыларының келіссөздері аясында қабылданған құжаттарды іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар күтіп тұр», – деді Д. Бақышев.

Елші Сеулдің Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне де айрықша қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. «Сеул бұл көрмеге белсенді түрде қатысып, баламалы энергетика саласындағы өзінің жетістіктерін жан-жақты көрсетеді деп ойлаймыз», – деді ол.

Негізінен, Корея Республикасына шығарылатын қазақстандық экспорттың басты тауарлары – уран, таза болат, темір, алтын, мыс болса,  ал бізге ол елден келетін импорттық өнімдер  – электроника, көліктердің құрал-жабдықтары. Қазақстанда Оңтүстік Корея капи­талының қатысуымен 900-ден астам бір­лескен кәсіпорын тіркелген. Мәселен, бүгінде елімізде «Samsung C&T», «LG Electronics», «LG Chem», «SK Corporation», «Hyundai», «POSCO» секіл­ді кәсіпорындар мен «Dong Il Highville», «Urim», «Кыкдонг Консоль» сияқ­ты құрылыс фирмалары жұмыс істейді.


Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»