Бокс • 05 Сәуір, 2017

Сәуірде туған саңлақтар

440 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Спортты зерттеп, ел намысын абыройлы қорғап жүрген өрендердің жетістігін халыққа жеткізіп жүрген соң, статистикаға, әр түрлі фактілерге аздап қызығатынымыз рас.

Сәуірде туған саңлақтар

Спорт-шежірені ақтарып отырып, мына бір қызыққа куә болғаным бар. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде Қазақстан алты жазғы, алты қысқы Олимпия ойындарына қатысты. Допинг дауына ілігіп, төрт жылдықтың басты додасынан еншілеген бес алтынымыздан айырылып қалдық. Дегенмен бізде қазір Тәуелсіздік жылдары топжарған 16 Олимпиада чемпионы бар екен.  Соның ішінде үш чемпион бір күнде дүниеге келген. Мұндай қызық болады. Барлығынан басынан тарқатып айтсақ.

1996 жылы Қазақстан ең алғаш рет қатысқан жазғы Олим­пия ойындарында боксшы Ва­силий Жировке 81 килода тең келер ешкім болмады. «Балқаштың жолбарысы» сол жылы үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын да еншіледі. Жиров 1974 жылы 4 сәуірде дүниеге келген.

Арада 4 жыл өткенде Жиров­тан кейін бокстан екінші алтынды түркістандық жас қыран Бекзат Саттарханов сыйлады. Мар­құм Бекзат та 4 сәуір (1980 жыл­ғы) күні дүние есігін ашқан екен.

Ал былтыр Бразилия жерінде ешкім күтпеген жерден суда жүзуден 200 метр қашықтықта чемпион атанған Дмитрий Балан­дин де Василий мен Бекзат секіл­ді сәуір айының төртінші жұл­дызында өмірге келіпті.

Бір күнде үш чемпионның өмірге келуі сирек құбылыс деп бағалауға болады.

Жалпы, наурыз бен сәуір айларында қазақтың бірнеше талантты боксшылары өз туған күндерін атап өтеді. Мысалы, Василий мен марқұм Бекзаттан бөлек, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен кәсіпқой бокс­тағы жұлдызымыз Геннадий Головкин де осы айдың тумалары. Жәнібек 1 сәуірде, Геннадий 8 сәуір күні дүниеге келген.

Ал 69 килода қазақтың әнұра­­нын қалықтатып, көк туын желбіреткен төрт  чемпионымыз болса, оның екеуі наурызда, екеуі қарашада дүниеге келген. Бақтияр Артаев (14 наурыз) пен Данияр Елеусінов (13 наурыз) наурызда туған болса, Серік Сәпиев (16 қараша) пен Бақыт Сәрсекбаев (29 қараша) қарашада шыр етіп өмірге келіпті. 

Бек ТӨЛЕУОВ,
журналист
АСТАНА