Қазақстан • 05 Сәуір, 2017

«Көшбасшы-2017» анықталды

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент – Елбасының кітапханасында «Көшбасшы-2017» атты мектеп оқушылары арасындағы интеллектуалды сайыс өткізілді. Қазақстан жас­тары конгресінің 15 жылдық мерейтойы және Тұңғыш Президент кітапханасы мен Қазақстан жастары конгресінің бірлес­кен шаралар жоспары аясында ұйымдастырылған сайыстың мақсаты – оқушылар арасында зияткерлік ойындарды насихаттау, талантты оқу­шыларды анықтау.

«Көшбасшы-2017» анықталды

«Көшбасшылық жеке тұлғаға қара­ты­лып айтылатын қасиет болса керек. Бұл ретте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі баршамызға өнеге болады деп ойлаймын. Елбасының саяси шешімдері көшбасшылық, көсемдік тұл­ғасын көр­сетеді. Бүгінгі білім жарысында жүзден жүйрік, мыңнан мықты шығуларыңызға тілектеспін», деді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы кітапханасы ди­рек­торы­ның орынбасары Жапсарбай Ілиясұлы. 

Қазақстан жастары конгресі – жастар мен жастар ұйымдарының мүдделерін қорғау міндетін атқаратын республикалық ұйым. Бүгінде кітапхана мен Қазақстан жастары конгресі жастармен жүйелі жұмыс жүргізу қызметі аясында түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Осы сайыс соның бір дәлелі іспеттес.

«Бұл жарыс тек оқушылардың білімін сынаумен шектелмейді. Олардың жан-жақтылығын, тапқырлығын, шешендігін тексереді. Себебі сайыстың аты айтып тұрғандай, көшбасшы болу үшін білімді болу жеткіліксіз. Одан бөлек ұйым­дастырушылық, белсенділік қабілеттің де қажет екені мәлім. Қазақстан жастары конгресі – 2001 жылы тікелей Елбасының тапсырмасымен құрылған еліміздегі ең үлкен жастар ұйымы. Осы уақытқа дейін жастардың қабілетін арттыруға, патриоттық сезімін күшейтуге өз үлестерін қосып келеді», деді «Қазақстан жастары конгресі» заң­ды тұлғалар бірлестігі атқарушы директо­рының орынбасары Дәулет Ғалымбекұлы.

«Көшбасшы-2017» сайысында 8-10-сы­нып оқушыларының жалпы пән­дер бойынша білімі, көшбасшылық қабілеттері сыналды. Сайыс 4 кезеңнен тұрды. Олар – ойын тренингтері, интеллектуалды сайыс, жұрт алдында сөз сөйлеу – public speech және сұхбат. Сайыс қатысушыларымен сұх­баттасу оқушының өмірлік қа­ғидасы, оқыған кітаптары, із­де­­ністері, және сыни ойлау қа­бі­летін айқындау мақсатында өткі­зілді.

Сайыс нәтижесі бойынша №70 лицей мектебінің оқушысы Айжан Төлебай жеңімпаз атанды.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»