Қазақстан • 05 Сәуір, 2017

Дәрігер Добсонның дәрісі

166 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандыдағы Мақажанов атындағы клиникада Ұлыбри­танияның бұқаралық оқиғалар кезінде медициналық көмек көрсету мәселелері жөніндегі төтенше жағдайлар бойынша ведом­ствосының кеңесшісі Роберт Добсон баяндама жасап, дәрігерлерге төтенше жағдайлар, терактілер мен ірі жол-көлік оқиғасы кезінде қалай әрекет ету керектігін айтып берді. Шетелдік маманның дәрісін тыңдауға хирургтер мен ортопедтер келді.

Дәрігер Добсонның дәрісі

Дәрігер Добсон медициналық шараларға емес, жедел жәрдем кареталарының орналасуына және зардап шеккендерді дұ­рыс тасымалдауға назар аудартты. Дәрігерлердің, полиция қыз­­меткерлерінің және оқиға орнындағы дәрігер­лердің қауіп­сіздігін қамтама­сыз ететін және оларға көмек­тесетін құтқарушылар коопе­рациясының маңыздылығын атап өтті. Мысал ретінде жақында Лондонда Вестминстер көпірінде орын алған теракті кезінде түсірілген кадрларды пайдаланды. 

Ол Қарағандыда осымен екінші рет дәріс оқыды. Облыс орталығына бес жыл бұрын келген. Сол кезде жедел жәрдем орта­лығында болып, фельдшерлер жұмысында қолданатын жабдықтарды көрген. Оның айтуынша, британдық мамандар заманауи техниканы пайдаланады. Содан бері біздің дәрігерлер де жаңа реаномобильдер алды. Мақажанов атындағы клиника стационарының бас дәрігері Берік Тілеубаевтың айтуынша, енді британдық жабдықтармен арадағы айырмашылық аса байқалмайды. Шетелдік маман қуанышын жасырмады, өйткені зардап шеккендердің өмірін тасымалдау сәтінен бастап қолға алу керек, көп жағдайда пациент­тің аман қалуы осыған байланысты болады.

– Біз дәрігер Добсон айтып берген жүйені енгіземіз, – дейді Берік Еркебұланұлы. – Әрине, оны құқық қорғау органдарымен пысықтау керек. Бұл біздің клиникада ғана емес, бүкіл облыста да болады. Кеңестік жылдары далалық жағдайларда медициналық көмек көрсету ережелерінің жиынтығы болған. Бүгінде ол ережелер ескірді. Енді жаңалықтар енгізу керек, осы мақсатта Еуропаның тәжі­рибесін қабылдаймыз, – дейді бас дәрігер.


Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ