Рәсімге Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов, Біріккен Корольдіктің Сауда және инвестициялар мемлекеттік министрі Грег Хэндс, Ұлыбританияның ЭКСПО-2017 Ұлттық комиссары Чарльз Хендри, павильонның бас дизайнері Асиф Хан, сондай-ақ, британ үкіметінің және парламентінің, іскерлік және сарапшы топтарының өкілдері қатысты.
Ұлыбритания – өзінің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуын алғашқылардың қатарында растап, Ұлттық комиссарын тағайындаған және өз павильоны дизайнының тұсаукесерін өткізген елдердің бірі. Біріккен Корольдіктің бұл жаһандық форумға қатысуы оның Қазақстанмен ұзақ мерзімді серіктестік құруға және оны дамытуға бейілділігінің айғағы.
Е.Ыдырысов Қазақстанның мұндай халықаралық көрмені өткізетін Орта Азиядағы және ТМД-дағы тұңғыш мемлекет болатындығын атап өтті. Оның айтуынша, ЭКСПО-2017 біздің еліміз үшін тарихтағы аса маңызды жаһандық форумдардың бірі болады.
Өз кезегінде Біріккен Корольдіктің Сауда және инвестициялар мемлекеттік министрі, Қазақстан-Ұлыбритания ҮАК тең төрағасы Г.Хэндс екі ел арасындағы қатынастардың жоғары деңгейде дамып келе жатқандығына баса назар аударып, іс-шараға қатысушыларды осы жылғы 13-16 сәуірде Лондон алаңдарының бірінде өтетін Қазақстанның «Керуен-ЭКСПО-2017» роудшоуына қатысуға шақырды.
Сонымен бірге, Ұлыбританияның ЭКСПО-2017 Ұлттық комиссары Ч.Хендри де британ тарапы үшін бұл көрме Қазақстанмен және көрмеге қатысушы өзге елдермен бизнес саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған айрықша мүмкіндік екендігін тілге тиек етті.
ЭКСПО-2017 көрмесіндегі британдық павильонның тақырыбы – «Біз – энергиямыз». Бас дизайнер Асиф Ханның шешімі бойынша британдық павильон қазақтың киіз үйі пішіндес болатын көрінеді.