Абай «Білімдіден аяман сөздің майын» немесе «Жалын мен оттан жаралған, Сөзді ұғатын қайсың бар» дегенде сөздің керемет бір сырларын, магиялық әсерін меңзегендей. Тегінде, әлем, табиғат, жаратылыс – құбылып құлпырған бояулар мен мыңдаған дыбыстардан, яғни гармониялық үйлесімділіктерден тұрады. Ұлттық санада, атап айтқанда, интеллектуалдық-философиялық, психологиялық, этнографиялық, көркемдік, әлеуметтік құндылықтар жүйесінде сөздің магиялық қасиеттері де қосарлана өмір сүреді.
Қазақ тілінің палеонтологиялық семантикасын, тіл төркінін, ежелгі кеніштерін, архаикалық элементтерін сөз еткенде ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның: «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Дүниеде ешбір тілді бір шешен кісі ойлап шығарған жоқ та, шығара алмайды да. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді. Сонан соң ғана шешендер, «тіл көсемдері», бұл тілді безеп, жолға, жөнге салып, жүйесін айырып өсіреді» дейтін қағидатында тіл төркінін тамаша пайымдаған. Мысалы, сөздік қорымызда «бүргені тағалау» дейтін тіркес бар. Бұл қай заманда шықты десек, мұның 25 ғасырлық тарихы бар. Сақ дәуірі шеберінің қолынан шыққан, бар-жоғы тарының қауызындай, иненің көзіндей, алтыннан құйылған әмбе алтын ілгегі бар зер осыған нақты айғақ. «Шеберлерде шебердің шұбарлап кесте салған бізіндей, қалың орман ішінде қайыңның қайнап біткен безіндей, алтын жүзік қасының жауһардан жарып салған көзіндей» деген теңеулер сол бір дәуірдің куәсі емес пе?! Сонымен қатар, 32 ғасыр бұрынғы боялған әрі қорғасын құйылған 140 шақты асықты айтайық. Бұлар Абай елі Шыңғыстау баурайынан Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің археологы Ұлан Үмітқалиев жетекшілік еткен экспедицияның олжасы еді.
Сөз магиясына жүгіну, көркемдік әсерлілігін туындату, мың қырлы құпиясының сырына тереңдеу, «ел аузындағы тілді» негіз ету – ежелден бергі асыл дәстүріміз. Мысалы: бие құлындағанда:
Шым-шым шымырай,
Шұбар оттың құйрығы-ай!
Жануардың жүйрігі-ай!
Немесе бие сауғанда исініп кетпеу үшін:
Құр-у, құр-у, көк бием,
Ақ сүтіңді төк бием – дейді екен бұрынғылар.
Мәшһүр Жүсіптің «Біздің қазақ тілінің ішінде періштелердің бір сөйлеген сөзі жүр: «Кеткенің келсін, кемтігің толсын» – дегенінде үлкен мән бар. Халықтық ұғым-түсініктердің, сенім-нанымдардың, ырымдар мен ғұрыптардың біртұтас жүйесінде бата сөздердің де магиялық қуаты, электромагниттік әсері ересен. Олар өмірге, өнерге, еңбекке деген жігеріңді, іңкәрлігіңді оттай маздатады.
1. Бақ-ырысқа кенелейік,
Құмырсқадай көбейейік.
2. Босағаларыңа жамандық жетпесін,
Төрлеріңнен жақсылық кетпесін.
3. Бата, бата баудай бол,
Басы биік таудай бол!
Көкала шапан көлдей бол,
Көшіп жүрген елдей бол!
4. Аса бір соққан желдей бол,
Алыстағы сары белдей бол!
Арқаның ақ төсіндегі
Ақ айналы көлдей бол,
Толықсып жатқан елдей бол!
Таза көңілмен, пейілмен түйсініп, жан-тәнімен қабылдап, нақышын келістіре, сүйсініспен айтса, көркемдік әлеміндегі дуа-дұғадай өлшеусіз, бай сиқырлы қырлары, халықтың данышпандық көзқарасы, рухы, мәдениеті, ұлт тілінің әуезділігі, фонетикалық гармониясы, өзіне ғана тән көркемдік-философиялық интуициясы жарқырап танылар еді.
Сөйлеу мәдениетінде, тілді қолдануда бір ғана тапқыр ой мен ұшқыр сөзде ғаламат ұлағат бар. Мұны төрт мыңдай философиялық афоризмдер мен тәмсілдер қалдырған У.Черчилль және Расул Ғамзатов мықтап пайдаланған.
Сократ: «Сөйлеу – адамның өз ақыл-ой өресін қолдану өнері» десе, Нұржан Наушабайұлы «Шешендіктен пайда жоқ, тілден ою оймаған, сөзді орнына қоймаған» деп дұрыс көрсеткен. Қазіргі заман зиялыларының сөзінде магия мен философия жеткілікті деуге болмайды, «ұшқыр жұртшылық» қабылдамайды. Өйткені, іс-әрекетінде, болмысында тұлғалық қасиет жоқ, сөзінде берекелі тағылым, өсиет жоқ.
Сөз магиясын ұлы билерше білімпаздықпен, өнерпаздықпен, кие-қасиетімен қолданып, Мәңгілік Елдің интелллектуалдық мәртебесін асқақтатайық.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері