Медицина • 10 Сәуір, 2017

Ассамблея – қазақтың кешеден бүгінге жеткен мейірімі

606 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті, 25-сессиясын шақыру туралы өкімге қол қойды. Төменде ұйымның өткен уақыт аралығында атқарған жұмысына орай жасаған шағын сараптамамызды ұсынамыз.

Ассамблея – қазақтың кешеден бүгінге жеткен мейірімі

Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдағы этнос­ара­лық келісімді сақтауға, ұлттық саясатты іске асыруға, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге орасан зор үлес қосып отырған бірегей инс­титут. Осындай ұйым құру керектігін Президент Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1992 жылы болған Қазақ­­стан халықтарының форумында айтқан еді. Ал 1995 жылдың 1 наурызындағы Жарлықпен ол Пре­­зи­денттің жанындағы консультативті-кеңес­ші орган мәртебесі берілген орган ретінде құры­лып, содан бері өзінің өміршеңдігін және нақ біздің полиэт­носты қоғамымызға аса қажеттілігін дәлелдеп келеді. 

Қазір оның тәжірибесін әлемнің көптеген елдері арнайы зерттеп, өздеріне үлгі етуде. 2007 жыл­дың мамыр айында Қазақстан Конституциясына ен­гі­зілген өзгерістер бойынша Ассамблеяға конс­титуциялық орган мәртебесі беріліп, ол Парламент Мәжілісіне өз қатарынан 9 депутат сайлау құқына ие болды. Бұл Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлін арттырып, халық арасындағы беделін еселей түсті. Ал 2008 жылдың басында қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң оның қызметінің нормативті-құқықтық негіздерін нақтылады. Қазір Ассамблея 2020 жылға дейінгі даму тұжы­рым­дамасын жүзеге асыруда.

Осылай, жылдар өткен сайын ҚХА-ның қоғам­дық-саяси маңызы арта берді, ол туралы көптеген зерттеулер жазылды, жүздеген мақалалар мен то­лым­ды еңбектер жарық көрді.

Біздің елімізде 100-ден аса этнос өкілдері тұрып жатыр. Ассамблея осы этностардың этно-мәдени бірлестіктерінің құрылып, Қазақстан халқы бірлігінің сақталуына олардың қызметтері мен мақсаттарын жұмылдырып отыр. Қазір осындай этномәдени бірлестіктердің саны 820-ға жетті. Ассамблея мүшелерінің саны 400 адамдай бол­ғаны­мен оның белсенді жақтаушылары 70 мың адамға жуық. Олардың жасаған түрлі шара­ларына, мерекелік қойылымдарына жыл сайын 3 мил­лионнан астам адам қатысады. Қазақ­стан хал­қының бірлігі − 1 мамыр күні барлық БАҚ-тардан тек Ассамблея жүзеге асырған шараларды тамашалап, оның қандай құдіретті рухани күшке айналғанына көз жеткізесіз.

Бүгін ҚХА-ның 200-ге жуық адамнан тұратын ғылыми-сарапшылық кеңесі де бар. Онда елімізге танымал ғалымдар мен сарапшылар өздерінің ойларын ортаға салып, ұсыныстарын беріп отырады. Қазір еліміздегі этнос өкілдерінің 15 тілінде 37 газет шығып тұрады. Қазақстан халқы Ассамблеясын беделді халықаралық ұйымдар да мойындаған. Олардың қатарында БҰҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК сияқты танымал бірлестіктер бар.

Ассамблея арқылы еліміздің саяси тұрақтылығын сақтауға барлық этнос өкілдері белсенді атсалысу­да. «Қазақстандықтар – болашағы біртұтас ұлт. Қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет. Барлық азаматтар құқықтың бір көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бір жүгін арқа­лауы және тең мүмкіндікке қолжетімділікті иеленуі керек», деген еді Н.Назарбаев Ассамблеяның 24-сессиясында. Сол талап сөзсіз орындалып, оң нәтижесін беріп келеді. 

Этномәдени бірлестіктер көп­теген ТМД елдерінде де, алыс шет ел­дерде де бар, бірақ олардың ұйы­су тетіктері қоғамдық негізде ғана қаланған. Тек Қазақстанда ғана ол конс­титуциялық орган ретін­де қ­ұ­рылып, тұтастық пен тұрақ­ты­лықты сақтаудағы рөлі мен маңы­зы мемлекет деңгейінде жоғары баға­ланып отыр.

Ассамблеяның негізгі мақсаты – қазақ халқының төңірегіне топтасуды түпкі өзегі ете отырып, қазақ­стан­дық патриотизм мен біртек­тілік­ті берік орнықтыруға және этнос­­аралық келісімді қамтамасыз ету­ге қызмет ету. Осы мақсатқа жету жо­лын­да оның жүздеген шара­ла­ры іске асып, қазақстандық тұтас­тық бүгінгі күні күнделікті өмір­лік нор­маға айналып келеді. Қазақ­­стан­ның спорттағы, өнердегі жетіс­тік­теріне, алған табыстарына бар­лық қазақ­стан­дықтар бір үйдің бала­сын­дай қосыла шаттанғанын көргенде Ассамблея жұмысының оң нәтижесін көргендей боласыз. Барлық этномәдени орта­лық­тардың мыңдаған шара­ларындағы этностық дара ерекшеліктер мен өнер­лер көрсе­тілгенде олардың қазақ өнерімен ұйысушылығы қатар жү­ріп, қазақстандық патриотизмнің бұ­рауын қатайта түсуде. Сахналардан түрлі этнос өкілдерінің қазақ әндерін шырқап, күйлерін тартқанын естіп, қазақтың салт-дәстүрлерін көрсеткен қойылымдарын тамашалағанда қазақстандық тұтастықтың ұйытқысы болып отырған осы ұйымға әбден риза боласыз. Сонымен бірге, этно-мә­де­­ни бірлестіктер өздерінің бел­сен­­ді­ліктерін де жылдан-жылға арт­тырып, қазақстандық патриотизм мен біртұтастықты сақтауға өздерінің де үлес қосып жатқанын көрсетуге тырысушылықтары артып келеді. Өзара бәсекелестік пен жарыс та жоқ емес. Өңірлердегі белсенді жұмыс істей­тін кіші ассамблеялар олардың өнер­лерін ұштап, ынталандыру шара­ларын да жасап отырады. Бұрын бар екені көзге ілінбей жүретін аз сан­ды этнос өкілдері енді бірін-бірі та­нып, мәдени орталықтарын құрып, бас­қа әріптестерімен бірге аймақтық ассамб­леяларда өздерінің орындарын табуда.

Кеңес Одағы жылдарындағы ұлт саясаты − ұлттардың өркендеуі және ұлт­тардың бірігуі деген екі түрлі тен­денцияны ұстанды. Бірақ арты­нан екі тенденция қатар және тең жүр­гізілсін делінген әуелгі ұстаным ұмыт­тырылып, Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардан бастап ұлттардың өркендеуінен бірігу тенденциясы басып оза берді. Ұлттық істерге сойыл сілтеген пленумдар мен жиын­дар да қаптады. Соның бір мы­салы, Қазақстандағы ұлт-азаттық көтері­лісті бастап, сырттан келген басқын­шылыққа қарсы 10 жыл бойы күрес жүргізген Кенесарыны өзінің жеке басының мүддесі, қара басының ғана қамы үшін монархиялық билігін ор­натқысы келген деген желеумен тарихтан сызып, ол туралы зерттеулер жүргізген, әдеби шығармалар мен мақалалар жазған барлық ғалымдар мен жазушыларды қуғынға ұшыратты. Ұлттың мүддесін жоқтаған әдебиеттер, баспасөз өнімдері, өнер туындылары біртіндеп жоғала бастады. Аз сан­ды этнос өкілдерінің мәдениеті, тілі мен әдебиетінің өркендеуіне жағ­дай туғызылмағандықтан, олар да бір­тіндеп жұтылып жатты. Мектептер мен мәдени орталықтар болмағандықтан, барған сайын тілдері ұмытылып, өзі­нен өзі жоғалған халықтар көп болды. Осының өзі тілі де, мәдениеті де ерекше талай бірегей халықтарды жер үстінен жоқ қылды. Бұл тарихи әділетсіздік еді. Ал тәуелсіз Қазақстанда кері­сін­ше, барлық аз санды халықтар мәде­ниетінің өркендеуіне жағдай туғы­зылып отыр. «Біздің қоғамда ешкім­нің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар – бір туған жердің балалары. Біз бәріміз – біртұтас Қазақстан халқының әртүрлі және бірдей балаларымыз. Біздің бәрімізді бір-ақ мәселе толғандырады – ол бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір – ол біздің ортақ Отанымыздың өркен­деуі. Бұл біздің ортақ табысымыз, ор­тақ мақтанышымыз. Бұл осы жыл­дар бойына Мемлекет басшысы ретін­де мен жүргізіп келген, жүргізіп отыр­ған және жүргізе беретін сая­сат», деді Елбасы Н.Назарбаев Ассам­б­леяның 2014 жылы болған ХХI cессиясындағы сөзінде. Бұл барлық Қазақстан халқының ойынан шығатын сөз, қазақстандықтар оны жоғары баға­лайды. Соның ішінде көп санды этнос­тарға сіңіріліп бара жатқан аз санды этностар өкілдері де бұл сөздерге және мемлекеттік саясаттың осындай бағыт алуына қуаныш білдіруде.

Қазақ халқының рухани бол­мысы ежелден гуманизммен ерек­шеле­неді. Депортацияға ұшырап, аш-жала­ңаш айдалып келген халықтарға ол мейіріммен қарап, қолындағы ба­рымен бөлісе білді. Бүгінгі күні оны депортацияға ұшыраған бар­лық этнос өкілдері алғыспен еске алады. Қазақтың басқа халықтан артық­шылығы да сол, шексіз мейірім мен жан жомарттығында екендігі әбден танылған. 1990 жылы Қазақстанға Германиядан арнайы келген бұрынғы Ақмоладағы «Отанды сатқандар­дың әйелдеріне арналған лагердің» (АЛЖИР) тұрғыны болған Гертруда Платайстың естелігі бүкіл әлемді таң қалдырғанын білеміз. Қамаудағы жандарды аш-арық күйінде Жалаңаш­көлге қамыс дайындатуға апарғанда көрші ауылдың балалары таспен атып­ты. Айдауылдар «сендерді бала­ларға дейін жек көреді» деп масайрағанда өзі де жарым көңіл жандар екі көздеріне ерік беруді ғана біледі. Сөйтсе... тас дегендері құрт екен. Басқалай көмек көрсетуге мүмкіндігі болмаған қазақ­тар осылай тас атқан секілді қылып, аш жандармен қолындағы бары − құрт­тарымен бөліскен екен. «Аштықта жеген құйқаның дәмі аузынан кет­пейді» дегендей Г.Платайс осы оқи­ғаны өмір бойы ұмытпай, артынан АЛЖИР музейінің қызметкерлеріне айтып береді. Кейде тіпті, қамыс ара­сына піскен ет, таба нан, т.б. сияқты қолында бар тамағын тұтқындар үшін тығып кетіп отыратынын да айтады. Өзі де аш-құрсақ жүрген жандардың айдаладағы біреулерге, оның үстіне өкімет қылмыскерлер деп қамауда ұстап отырғандарға осыншалық көмек көрсетуі − тек қазақтарға ғана тән қайырымдылық деп батыл айтуға болады. Гертруданың әңгімесін «Құрт – асыл тас» деген өлеңіне айналдырған ақын Раиса Голубева былай дейді: «Они нас от болезни берегли, Они нас от безверия спасли. Они поняли, что мы не враги, А просто несчастные женщины. И чем смогли — помогли, Поразив нас своей человечностью». Ал қазіргі қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі Ғалым Жайлыбай оны былай деп жырға қосты:

Қасиетін қара тасқа қашатқан,

Тас атпаған кім-кімге де ас атқан.

Мейіріміне мейірленер шөлдеген –

Барактағы баланда емес ол деген

Адамзатқа көңілінің жоқ аласы –

Құрт лақтырған қайран

қазақ баласы.


Жалаңашкөл маңында,

Сол «Алжирдің» жанында –

құрт лақтыртқан

Анасына қазақтың,

құрт лақтырған

Баласына қазақтың –

АЛТЫН КЕШЕН салып

қойсақ қайтеді?

Жарасар ед, әй, тегі...

Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ­тың қанына сіңген сол мейірім­нің жалғасы іспеттес. Ассамблеяның ар­қа­сында түлеп, өзін-өзі таныған ірі­лі-ұсақты этностар өкілдерінің жар­қын жүздерін көргенде солай ой­лай­сың. Сонымен бірге, ол тұрақты­лық, келісім мен бірлікті ту етіп, қазақ хал­қының маңына топтасқан біртұтас қазақстандық ұлттың қабырғасын қатайтып келеді.

Жақсыбай Самрат,

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024