Жуырда облыс әкімінің баспасөз қызметі маңызды да қуанышты бір хабарды таратты. Яғни, осыдан оншақты күн бұрын Эр-Риядта Семейде өкпе ауруларын емдейтін балалар ауруханасын салуға 7 миллион АҚШ долларын грант есебінде бөлу туралы меморандумға қол қойылыпты. Екі жақты құжатқа Сауд Арабиясы корольдігі қаржы министрінің орынбасары Сүлеймен ат-Түрки мен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденов қол қойған көрінеді.
Баспасөз парақшасында Сауд Арабиясы тарапынан Корольдің мұндай шешімі Қазақстан басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 29 тамызды Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні ретінде атап өту туралы ұсынысын қолдағанының белгісі және Семей атом полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай бауырлас араб елінің көрсеткен көмегі екендігі атап көрсетілген. Мұның сыртында аталған мемлекет басшылығы Елбасымыздың халықаралық деңгейдегі беделін жоғары бағалайтындықтарын жеткізе отырып, біздің елдің Ислам Конференциясы Ұйымына жемісті төрағалық ететініне тілектестіктерін білдіріпті.
Туберкулез бүгінде жер бетінде кеңінен тараған ауру түрі болып табылады. 1993 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкпе ауруын адамзаттың жаһандық мәселесі деп жариялаған еді. Жер шарының үштен бір бөлігі осы індетке шалдыққан. Әлемде жыл сайын 8,4 миллион науқас тіркеліп, соның 2 миллионға жуығы көз жұмуда.
Семейде де жылына жүзден астам жеткіншек өкпе ауруына шалдығып келеді. Сондықтан мұнда 80 орындық аурухана салу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі таңда құрылыс нысанының орны анықталып, медициналық мекеменің жобалық-сметалық және техникалық-экономикалық құжаттары әзір тұрған көрінеді. Онда науқастарға барлық қолайлы жағдай жасалмақ. 6 қабатты ғимараттағы әр палата 2-3 науқасқа лайықталып жасалмақ. Жеткіншектер осында емделе жатып, сабақтарын жалғастырмақ. Аурухананың әкімшілік бөлігінде конференц-зал, мұрағат, тренаждық зал салу жоспарланған. Бұл – Семей атом полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай осы өңір жеткіншектеріне үлкен қамқорлық.
Енді аталған араб елі Семей қаласында салынып жатқан үш мың орындық жаңа мешіт құрылысына да көмектеспек көрінеді.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.