Инфографика • 11 Сәуір, 2017

Медициналық сақтандыруды енгізудің мәні түсіндірілді

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Келесі жылдан бастап, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілетін болады. Елбасы осы реформаны алдымен халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берген болатын. Қостанайға іскерлік сапармен келген Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу және оған дайындық, ұйымдастыру жұмыстарын түсіндіруді мақсат етіп қойды.

Медициналық сақтандыруды енгізудің мәні түсіндірілді
Аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстағы ден­саулық сақтау саласы қыз­мет­керлері, жекеменшік меди­­циналық ұйымдар басшы­лары қатысқан кездесуде облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев алды­мен міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыруды енгізу туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүр­гізу жөніндегі облыстық штаб­тың құрылғандығынан, оған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жетекшілік ете­тінінен хабардар етті. Осын­дай штабтар сәйкесінше аудандар мен қалаларда да құ­рылды. Өткен жылы облыста барлығы 900 кездесу өткізіліп, оған 20 мыңдай адам қатысты, 400-ден аса ұйымдар мен кәсіпорынды қамтыды. Биыл жыл басынан бері 130 кездесуге 5 мыңнан аса адам қатысты.

Кездесуде Алексей Цой міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру рефор­масының жалпы міндеттері мен мақсаттарына, оның ен­гізу сатылары мен заң­дық негіздеріне тоқталды. Соны­мен қатар, медицина және денсаулық сақтау саласында осы реформаны жүзеге асыру барысында жергілікті атқару органдары мен медицина саласының атқарар міндеттері мен бірлесіп істей­тін жұмыстарын да атады.

Мұнан кейін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүніс міндетті әлеу­меттік медициналық сақ­тан­дыруды енгізудің нақты механизмдеріне тоқталды.

– Міндетті әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыруды енгізу барысында құжат­тар­ды барынша қысқарту біз­дің бүгінгі мақсатымыздың ең бастысы болып табыла­ды.Түрлі ведомстволар мен ұйым­дардан, мекемелерден рұқсат беретін түрлі құ­жаттарды барынша азайтып, қарапайымдандыру керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің құжаттар пакеті өте жұқа болуы тиіс, −деді Ерік Әбенұлы.

Алексей Цой мен Ерік Байжүніс кездесуге қа­тысу­шылардың сұрақ­тарына жауап берді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ