Қазақстан • 11 Сәуір, 2017

Қабілетті ұл-қызды қанаттандырған фестиваль

159 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дәл осы өнер додасын мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндердің шектеусіз мүмкіндігі десек те болады. Соңғы жылдары ұйымдастырылып жүрген республикалық «Жұлдызай» мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығының фестивалі елдің түкпір-түкпіріндегі талай қабілетті ұл-қызды қанаттандырды. Өмірге деген, өнерге деген құштарлығын өсірді.

Қабілетті ұл-қызды қанаттандырған фестиваль

Енді сәуірдің алғашқы аптасынан бастап жаңа жұлдыздарын табуға асыққан XII республикалық «Жұлдызай-2017» фестивалі жаңа қадамға барып отыр.

Біріншіден, биыл алғаш рет Алматы қаласының бас сахнасы – Республика сарайында фес­­тивальдің финалы мен гала-концерті өтеді. Өйткені, биыл қала әкімдігі жобаның бас серік­тесі болды. Бұған дейін дәс­­түр­лі фестиваль елордамыз Ас­та­нада өтіп келген-ді. Және бі­рін­ші рет фестиваль жеке­мен­­шік-мемлекеттік форматта ұйым­дас­тырылмақ.

Оған қоса, қазылар алқасы үстіміздегі жылдың 4 сәуірінен бастап жер жерлерде іріктеу турларын өткізу үшін еліміздің 16 қаласын аралап шығады. Бұлар – Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Аты­рау, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Өске­мен, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды қалалары.

Осы жылғы жобаның тағы бір ерекшелігі – ерекше балаларға арналған I республикалық спартакиада фестивальмен қатар бас­талады. Мини-футбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика және асық ату сынды спорт түрлерінің жеңімпаздары Алматы қаласында өтетін жарысқа келеді. Сонымен, 2017 жылдың 26 мамыры мен 1 маусымы аралығына белгіленген спартакиада мен гала-концертке 10-18 жас аралығындағы 700-ге жуық бала қатысады деп күтілуде.

Журналистермен өткен бас­пасөз мәслихаты кезінде биыл жас дарындарды іріктеу вокал, ымдау, аспаптық орындау, хореография, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер түрлері бойын­ша өтетіндігі мәлім болды. Әрине, бұл сыннан өткен балаларды келесі кезекте Алма­тының бас сахнасында өнер көр­сету, шеберлік дәрістері, экс­кур­сиялар, көрмелер, танымал өнер­паздармен кездесу және тамаша мерекелік көңіл-күй күтіп тұр.

Біз жоғарыда биыл бірінші рет «Жұлдызай» фестивалі жеке­меншік-мемлекеттік тұр­ғыда өткелі отырғанын айттық. Яғни, фестивальдің гала-кон­церті мен жүлде қорын және бренд­телген киімдермен қамта­масыз етуді BI Group компания­сы тағы да мойнына алды. Оның үстіне биыл жеңімпаздарға бері­летін жүлде қоры екі есеге көбейтіліп, 30 миллион теңгеге жетіп отыр.

– «Жұлдызай» фестивалі − ерекше талап-мұқтаждықтары бар балалар үшін аса маңызды шара. Ерекше туған таланттар шығармашылық қабілетін, спорттық машығын дамыта алады. Алматының көрікті жерлерін өз көздерімен көреді. Өздеріндей балалармен араласып, дос табады. Танымал өнер адамдарымен дидарласады. Биыл біз де осы фестивальға қолдау көрсетуге шешім қабылдадық. Және мүм­кіндігі шектеулі балалар арасында өтетін спартакиадаға ұлттық спорт түрін қостық. Фестиваль балаларға ұнау үшін барымызды салып жатырмыз, – дейді Алматы қаласы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Донбаев.

BI Group компаниясының «МЖК-Алматы» дивизионының бас директоры Айдос Мұқатаев «BI-Жұлдызай» қорына компа­нияның қызметкерлері 11 жылдан бері ерікті түрде қаражат аударып отырғанын айтады. Аталмыш компанияның қызмет­керлері қазір Қазақстан мен ТМД елдеріндегі 85 құрылыс нысанында жұмыс істеп жатыр. Осы арада қанатсыз құстай кішкентай дарындардың сахнаға шығып, оған қоса сал ауруына ұшыраған (ДЦП) балалардың еміне осы компанияның жұмысшылары септесіп келе жатқанын айту ләзім. Аталмыш компания биыл алғаш рет Алматы қаласы әкім­дігімен бірігіп, фестивальді ауқым­ды деңгейге көтере алған­дары үшін қуанышты.

– Осы фестивальді ұйым­дастырып жүргенімізге он жылдан асты. Біздің жобаға қа­тыс­қан балалардың көпшілігі өмірден жолын тауып кеткеніне қуанамыз. Бірақ біздің көзде­геніміз – дарынды балаларды танытып қана қоймай, өзіне деген сенімді ояту. Осы фестивальдің арқасында көзге түскен талай талантты жеткіншек жоғары оқу орындарына түсті. Олар өз­дерінде жігер мен қабілет бар екендеріне көздері жетті. Ең бас­тысы, «Жұлдызай» фестиваліне қатысқысы келетін ұл-қыздардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірге деген құлшынысын оятуға қол жеткізе алғанымыз үшін қуа­намыз, – дейді «BI-Жұл­дызай» фестивалі директорының орынбасары Алтынай Тәңірбергенова.

Сонымен, «Жұлдызай» рес­публикалық фестивалі дәс­түр бойынша 1 маусымда – Халық­аралық балаларды қор­ғау күнінде үлкен концертпен аяқталмақ. Осы жылы фести­вальдің басты алаңы – Алматы қаласындағы Республика сарайы болады.

Осы арада «Жұлдызай» фес­тивалі Білім және ғылым ми­нистрлігі, облыстық білім беру басқармаларының қолдауымен 2005 жылдан бері үздіксіз өтіп келе жатқанын айтуға болады.

Фестивальдің 11 жылдық тарихында оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 36 мыңнан астам бала қатысқан. 7 мыңға жуық бала елордамыздың ең танымал сахналарында өнер көрсетті. Олардың көпшілігі осы жобаны іске асыру нәтижесінде еліміздің шығармашылық жоғары оқу орындарына қабылданған.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ