Қазақстан • 11 Сәуір, 2017

Табиғатпен тілдескен талант

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Табиғат тылсымын, адамның жан дүниесін ұғып, оны сурет өрнегіне келістіріп түсіру кемел таланттың ой өлшеміне, бітім-болмысына қатысты екені әлімсақтан белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде қазіргі сурет өнерінің белді өкілдерінің бірі ғана емес, бірегейі Шыныбай Пірімбаевтың шығармашылық қарымы мен қабілеті озып тұрғаны анық.

Табиғатпен тілдескен талант

Оның қандай туындысын алсаң да, Қазақ елінің байтақ даласы мен қаласы, тіршілік иелері жарасым тауып тұрады. Өткен аптада елорда төріндегі Оқушылар сарайының «Астана Арт Лайн» галереясында өнер иесінің «Шабыт» атты көрмесі ұйымдастырылған еді. Оған Шы­ны­байдың 56 туындысы қойылған.  

Бұл туындылардың негізгі желісін табиғат тылсымдары құ­райды екен. Әсіресе, төрт мез­гілді тү­гендеген шығармалар, Алма­­ты­ның табиғаты, Алатау бау­райын­­дағы ботаның көзіндей Есік көлі ерекше көрініс тапқан.

Қазақстан Суретшілер және Еуразия дизайнерлер одақтарының мүшесі, Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің оқытушысы Шыны­бай Пірім­баевтың кіндік қаны тамған жері Арал өңіріндегі Қара­терең ауылы десек, сол туған топы­ра­ғына арнаған туындысы сурет­шінің өзегін өртеңге өнген гүлдей жарып шыққаны айдай анық. Ой мен бояуды ұштастыра отырып, қылқаламды ақ қағаздың бетіне апар­ғанда әдемі шығармалар дүниеге келіпті. Жалпы, жоғары дең­гейдегі кәсіби қылқалам шебе­рі Шыныбай шынайы шабыт иесі, сондай-ақ, классикалық акаде­мия­лық деңгейге жеткен суретші деуге болады. Шебердің сүйікті мо­тиві – туған жер таби­ғатының сұ­­лу­лығын көрсету басты мақ­са­ты еке­нін жо­ғарыда айттық. Сол туын­­ды­ла­ры­ның басты ерек­шелігі – түс­терге өте бай, бояуы қанық шы­­ғып, қа­рап тұрғанда айызыңды қандырады.

Мәскеудегі Суриков атын­дағы көркемсурет академия­сын бітірген суретшінің бұл көрмесіндегі туындылардан қазақ жұртының бүкіл тыныс-тіршілігі мен мұндалап тұрғандай. Көрменің ашылу салтанатында қазақтың зиялы қауым өкілдері Шыныбайдың шымыр талантына тәнті болуларымен қатар, суреттерінің терең мазмұнын тал­дап, дән ризалықтарын біл­діріп жатты. Көрме соңында Мәдениет сала­сының үздігі Еуразия дизай­нерлер одағының медалімен ма­ра­патталғанын Ермек Асылхан жет­кізді.

Бекен Қайратұлы,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан»