Қазақстан • 12 Сәуір, 2017

Ғалымға құрмет – қауымға міндет

356 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлт­тық техникалық уни­вер­ситетінде акаде­мик Әбдіқаппар Әшімов­тің 80 жылдық мерей­тойына арналған «Макро­эконо­микалық талдау мен эко­но­микалық саясаттың математикалық әдістері мен ақпараттық техноло­гиялары» атты халық­ара­­лық ғылыми-практи­ка­лық конференция өтті.

Ғалымға құрмет – қауымға міндет

Екі күнге жоспарланған айтулы шара көрнекті ғалымның елеулі еңбегін, ғылым саласындағы жаңа бағыттар мен шығармашыл жас ғалымдардың ізденістерін паш етуге бағытталды. 39 жасында іргелі оқу ошағына жетекшілік етіп, ел тарихындағы ең жас ректор ретінде танылған қайраткердің том-том кітапқа арқау болатын ғылыми ізденістері, зерттеп-зерделеген ұшан-теңіз еңбектері мен зерттеу жұмыстары өз саласындағы таптырмас құнды әдебиетке айналды. Әбдіқаппар Әшімов – республикаға еңбегі сіңген көрнекті ғылым қайраткері, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының толық мүшесі, профессор, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ақпараттық және басқару мәселелері институтының жүйелі анализ және басқару зертханасының меңгерушісі. Еліміздің ғылым саласының көшбасында жүрген талай-талай азаматтарды қанаттандырған ұстаз. Ғылым жолындағы жетістіктері, шәкірт тәрбиелеудегі ерекше ыждақаттылығы әріптестері тарапынан кең көлемде айтылды. 

«Әбдіқаппар аға осы уақытқа дейін ғылым жолында шәкірт тәрбиелеуден қол үзбей келеді. Ғылымға көзқарасы өте жоғарғы деңгейде. Университетімізді басқарған жылдары да қарқынды еңбек етті. Елуден аса ғылым кандидаттарын, жиырма шақты ғылым докторларын дайындап шығарды. Шәкірттері елімізге ғана емес, сырт мемлекеттерге де танымал ға­лым­дар. Ол кісінің оқу ордамызға ғана емес, елі­міз­дің ғылым саласына еткен ең­бе­­гін ескере келе осындай шара ұйым­дас­ты­­рып отырмыз. Шараның негізгі мақ­саты − айтулы ғалымға құрмет көрсету, жас ғалым­­дарымызды қанаттандыру. Бүгінгі кон­ференция үш секциядан тұрады. Ал­ғаш­қы бағыт − параметрлі реттеу, екінші секция − ағамыздың макроэкономикаға қатыс­­ты ғылыми жұмысына негізделді. Ал, үшінші бағыт − институтымыздың негі­­­зін қалаушы ақпараттық технология­лар­­мен математикалық модельдеу секциясы. Осы үш секция бойынша көп­теген жұмыстар қабылданды. Польша, Украина, Канада, Жапония, Ресей, Өз­бек­станнан келген ғалымдар қаты­сып ғы­лыми жаңалықтарымен бөлісу­де – дейді Әбдіқаппар Әшімов негізін қала­­ған «Ақпараттық технологиялар» ка­фед­ра­сының меңгерушісі Нұрбек Сапарходжаев.

«Кішкентайынан тағдырдың тауқы­метін тартып, ата-анасынан ерте айырылып, буыны бекімеген балаң шағынан ауыр еңбекке араласқан Әбдіқаппар, бір үлкен романға арқау болатын азамат. Өз білім-білігімен, адал еңбегімен осы абыройға жетті. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Бір істі бастаса оған жан-тәнімен беріліп, соңына дейін жеткізбей тынбайды. Адалдық пен жауапкершілікті ұстанып келеді. Отбасына да уақыт таба біледі», – дейді ғалымның жары Бақытжан Айсақова. Сондай-ақ, конференция барысында қазақстандық және шетелдік жетекші университеттердің академиктері мен профессорлары жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. Шараның қорытынды күні көрнекті-геолог ғалым Қаныш Сәтбаевтың туған күніне тұспа-тұс келуіне орай жиынға қатысушы барлық қонақтар ғалымның ескерткішіне дәстүрлі түрде гүл шоқтарын қойды.


Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ



Соңғы жаңалықтар