Медицина • 14 Сәуір, 2017

Бұл – қоғамға соны серпіліс әкелген байламы жоғары бағдарлама

142 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» га­зетінде Қазақ­станның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: Ру­ха­ни жаңғыру» атты мемлекеттің бола­шағы жайында толғамға толы, тың көз­қарастарға негізделген мақаласы жарияланды.

Бұл – қоғамға соны серпіліс әкелген байламы жоғары бағдарлама

Қазақ елі аяқ басқан бесінші тарихи дәуірдегі рухани жаңғыртуды жан-жақты байыптаған мақалада қайта түлеудің екі маңызды процесін – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды атап өтеді. «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деп бағамдаған Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы межелі мақсатқа жету жолындағы негізгі міндеттер мен басты бағыттарды да белгілеп көрсеткен.

Осы міндеттер аясында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің же­текшілігімен «Мәңгілік Ел» гуманитарлық тұғырнамасы ғылыми бағдарламасы даярланды. Жұмысшы тобының барлық отырыстарын министрдің өзі жүргізіп, сан-алуан ғылыми пікірталас болды. Өйткені, «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасының пас­портын жасау қиындыққа түспегенімен, оны зерделеу қорытындыларын жасау тұрғысында пікірталас та аз болмады. Міне, осы тұрғыда Ерлан Кенже­ғалиұлының принципті мәселелерді шешуде таласа да, келісе де алатын саяси толғамды қайраткер екенін таныдық. Нәтижесінде жобаны жүзеге асыру механизмдері айқындалды. Жоба Ұлттық ғылыми кеңес тарапынан бірнеше мәрте сараптамадан өтіп, қолдау тапты. Кейбір түсіністік таппаған баптар бойынша мәмілеге келу әлі де қажет болар.

Президент «Қазақ елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел» деп атап көрсетті. Ен­деше, ұлы мақсаттарға ұлттың темір бі­легі, халықтың ыстық жүрегі, ғалымның терең білімі керек.

Елбасы айтқандай, «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» атты мем­лекеттік бағдарламалардың орындалуы қамтамасыз етілді. Енді не істеу керек? Еуразия құрлығында бес жарым ғасырлық тарихы бар Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті осындай күрмеуі қиын сауалдар айналасында толғана отырып, тиянақты шешімдерді де өзі ұсынады. Алдағы «Мақсатқа жету үшін біз­дің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғы­руларды толықтырып қана қой­май, олардың өзегіне айналады». Руха­ни жады мықты, әрі жауапкершілігі жо­ғары біртұтас Ұлт болып, болашаққа қалай қадам басып, бұқаралық сананы қалай өзгертуіміз керек?!. Міне, Н.Ә.Назарбаев осы сауалдарға жауап іздейді және ол жолды көрсетеді.

Биік сана мен тарихи танымға негізделген ма­қа­лада ұлттық жаңғыру үшін ірі-ірі бағыттарды жүзеге асыру міндеті тұрғанын ес­кер­теді. Мәселен, мақа­ла­ның «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» бөлімінде 1. Бәсекеге қабі­леттілік; 2. Прагматизм; 3. Ұлттық біре­гейлікті сақтау; 4. Білімнің салтанат құруы; 5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; 6. Сананың ашық­тығы сынды мазмұндас, идеялас басым бағыттарды атаған.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ойтүзер ма­қаласының «Таяу жылдардағы мін­дет­тер» деп аталатын ІІ бөлімінде, атауына сәйкес, ұлттық жаңғыру жолында жүзеге асуы тиіс бірнеше міндеттер алға қойылады. 

Мақаланың екінші бөлімінде атап көр­сетілгеніндей, алдағы уақытта қоғам­дық-гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атауымен жа­ңа жобаны қолға алу міндеті тұр. 2018-2019 оқу жылында отандық студенттер филология, философия, саясаттану, мәдениеттану, психология сынды ғы­лым салалары бойынша дүние жүзінің ең таңдаулы, үздік, әбден сыни сүзгіден өт­кен оқулықтарымен оқи бастауы тиіс. Ол үшін 2017 жылдан бастап Ұлттық аударма бюроларын қалыптастырып, үздік аудармашы мамандар тәржімамен айналыса бастауы керек.

Осы уақытқа дейін рухани салада сан алуан классикалық мәдениет үлгілері жасалғаны айқын. Алайда, баға жетпес үздік туындыларды өз ішімізде жоғары деңгейде танып, насихаттағанымызбен, әлем халқы бейхабар қалып келеді. Аталған мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы Мәңгілік Елді дүние жүзіне таныта алатын әдеби, мәдени жауһарларды сұрыптап, оны өзге елдерге таныту мақсатын алға қойып отыр. Осы жолда «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сынды мәдени жобаларды ұсынып, елдің рухани жәдігерлерін сақтап, насихаттау міндеті туындайды.

Қазақстанның «Киелі жерлерінің географиясын» жасау елтаным ғана емес, мәдени-тарихи орындарымыздың көркеюіне, туризмнің дамуына жол ашатыны сөзсіз. Ал «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміздің озық үлгілерін зерттеуге, жариялауға мүмкіндік береді.

Жақында ғана британдық «The Independent» басылымы 197 елдің әдебиетшілері кірген әлемнің әдеби картасын жариялады. Қазақстаннан Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» роман-эпопеясымен осы әдеби картаға еніп отыр. Сондықтан да «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына заманымыздың сөзін айтып жүрген қайраткерлер мен әдебиет пен өнердің озық тұлғалары туралы зерттеулер жасау қажет. Мұны ҰҒА, Қазақстан Жазушылар одағы, басқа да шығармашылық одақтармен бірлесе отырып, әуелі тізімдеп, сонан соң жариялауға болады. Гуманитарлық ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарының «Ұлы Дала тұлғалары» сериясын жазудағы тәжірибесі бар. Сондықтан да бұл жобаны жүзеге асыру қиынға соқпайды.

Қорыта келгенде, жаһанданудың дендеген кезеңі – ХХІ ғасырда ұлттық құндылықтар мәселесін гуманитарлық ғылымдар саласында қолға алу басты трендке айналып отыр. Экономика, сая­сат, мәдениет, технология салаларын тұ­тас дамыту реформалары салтанат құр­ған өркениет дәуірінде жаһандану нәти­жесінде ұлттық бірегейлік пен этностық бірізділіктің жойылып, жұтылып кету қау­пінің алдын алу процесі үзбей жүр­гізілуі тиіс. Сонда ғана ұлттың әдеби, мә­дени, тарихи үлгілері барынша әлемдік дең­гейде насихатталып, көрсетілетін болады.

Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жаңа көзқарастарға негізделген бағ­дарламалық мақаласы осындай ұлттық жаңғыруға жол салады. Және ол ХХІ ғасырдағы қазақ қоғамының санасына жаңа сілкініс әкелген құбылыс болып табылады.


Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры