Аймақтар • 14 Сәуір, 2017

Таразда тағы да тұрғын үйлер салынады

200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

​Көне Тараз шаһарынан соңғы жылдары «Астана» және «Бәйтерек» ықшам аудандары бой көтеріп, ондағы тұрғын үйлер ел игілігіне пайдалануға берілген болатын. Өз кезегінде бірқатар отбасылардың баспана мәселесі де шешілген еді. Қазіргі таңда Тараз қаласының автобекет маңынан 14-ші, Ы.Сүлейменов көшесінің соңынан 15-ші ықшам аудандардың іргетасы қалануда. Бүгін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев құрылыс аумағы 100 гектарды құрайтын 14 ықшам ауданының құрылысымен танысты.

Таразда тағы да тұрғын үйлер салынады

Ұлттық құрылыс саласы ассоциациясының президенті Мұхит Әзербаевтың айтуынша, жаңадан бой көтеретін 14-ші ықшам ауданға 49 көпқабатты үй орналасады. Оның ішінде бес қабатты 27, тоғыз қабатты 16, он екі қабатты 6 үй салынады. Жалпы тұрғындарға берілетін 5 460 пәтерге 16 000 адам қоныстанады деп жоспарлануда. Сондай-ақ бұл аумақта тұрғын үйлерден бөлек, әлеуметтік нысандар да көптеп салынады. Мысалы, 250 орындық 3 балабақшаның, 2 орта мектептің, балаларды бейімдеу орталығының құрылысы жүргізіліп, ауысымына шамамен 500 адам қабылдайтын емхана мен онкологиялық диспансер, диагностикалық орталық бой көтеретін болады. Сондай-ақ, тараздықтардың көптен күткен неке үйі де осы ықшам ауданда бой көтереді. Одан бөлек, мұнда мәдени-рухани нысандар да салынып, халыққа қызмет көрсетеді. 

«Бүгінгі таныстырылып отырған 14-ші ықшам ауданның құрылыс жобасы толықтай іске асса, көне шаһардың одан әрі құлпыра түсетіні анық. Дегенмен, жобадағы демалыс орындарынан субұрқақтарды байқамай тұрмын. Сондай-ақ, ықшамауданда салынатын сауда кешендері үлкен жолдың бойында орналасыпты. Бұл өз кезегінде тұрғындарға қолайсыздық туғызуы мүмкін. Осыны қайта қарап, көлік аз жүретін ықшам аудан бөлігіне орналастыру қажет деп ойлаймын», – деді Кәрім Көкірекбаев.

Өз сөзінде Мұхит Әзербаев айтылған мәселелердің шешімін табатынын айтып, алдағы күндері құрылыс жобасын жетілдіру үшін бірлескен жұмысшы кеңесін құру бастамасын ұсынды.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы


Соңғы жаңалықтар