Өңірде үш-төрт жыл қатарынан болған қуаңшылық егіншіліктің тәуекел аймағына орналасқан облыс диқандарының тауын қайтарып тастағаны рас. Ертеңгі күннен үмітін үзбейтін диқан қауымы әр жыл сайын тәуекелге бел буып, белгілі бір мөлшерде егін салып отырды. Өкінішке қарай, ала жаздай жаңбыр тамбай, алқаптар күзге қарай амалсыздан есептен шығарылды. Енді құр тәуекелге ұмтыла беруге болмайтындығын, мүмкіндікті нақты ескеріп қана қимыл жасау қажеттігін ескерген ақтөбелік диқандар биыл егіншілікті жаңаша жүргізуді қолға алып отыр. Бір қуанарлығы, биыл бұрынғы жылдарға қарағанда ылғал мол. Бесқонақ та жауын-шашынды болды. Мұны молшылықтың бастауы деп түсінген ақтөбелік диқандар көктемгі егіске тиянақты әзірлікпен келіп отыр.
– Біз алдын ала ауыл шаруашылығы құрылымдарының тапсырыстарын жинақтағанымызда биылғы жылы облыс бойынша 731 мың га алқапқа егіс саламыз деп жоспарлағанбыз. Алайда, оған өзгерістер енгізуге тура келді. Бұл тұқым мөлшеріне байланысты болып отыр. Өткен жылғы құрғақшылық салдарынан біз қажетті тұқымды жинай алмадық. Осының өзі биылғы егіс алқаптарын қысқартудың бірден-бір себепшісі болып отыр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік бөлімінің бастығы Жолтума Рахметов.
Оның айтуынша, облыста 24 мың тонна ғана тұқымдық астық бар. Мұның сыртында республикалық ресурстан тағы да 30 мың тонна жеткізілмекші. Бұл 505 мың гектарға егіс салуға мүмкіндік береді. Үкіметтік желі бойынша ұсынылатын тұқым қорлары бірінші кезекте ылғал сақтайтын қазіргі заманғы технология бойынша жұмыс істейтін ірі шаруашылықтарға бөлінетін болады. Басты шарт нақты қайтарым болуы керек. Одан кейінгі ескерілетін негізгі өлшем егіс салатын жердің бонитеті 30 баллдан төмен болмауы тиіс. Осындай талапқа байланысты Мұғалжар және Темір аудандары аталған желі бойынша тұқым ала алмайтыны белгілі болды.
Бұл арада айта кететін бір жәйт, егер шаруа қожалықтары өздері тұқым тауып, егіс салып жатса, оған ешкім кедергі келтірмейді.
– Біздің облысымыз егіншіліктің тәуекелді аймағына жатады. Осыған байланысты бізге мал азығындық дақылдарды көбірек егу ұсынылуда. Былтыр 12 мың гектар алқапқа мал азықтық дақылдар өсірілді. Биыл оны тағы да төрт мың гектарға көбейтуді жоспарлап отырмыз. Осылайша жыл сайын мал азығындық дақылдар алқабын кеңейте бермекпіз, – дейді Жолтума Рахметов.
Көктемгі егіске қатысатын тракторлардың 96 пайызы қазірдің өзінде дайындық сапына қойылған. Соның ішінде «Кейс», «Джон-Дир» және «Вест-Блюмер» сияқты шетелдік өнімділігі жоғары егіс кешендері түгелдей дайын. Сондай-ақ, өткен жылы биылғы егіске 300 мың гектар жер дайындалған. Соның 146 мың гектары парлы алқап.
– Негізінде біздің облысымызда Әйтеке би ауданы астықты өңір болып саналатыны белгілі. Биылғы жылы мұнда 150 мың га алқапқа егіс салынбақшы. Ол жақта да тұқым тапшылығы сезілуде. Нақты айтсақ, 6100 тонна ғана тұқым сақтаулы тұр. Жергілікті шаруашылық басшыларының Қостанай облысындағы әріптестерімен өзара келісімі бар. Біраз тұқым сол жақтан алынбақшы. Бір атап өтерлігі, бұл өңірде қыста 40 мың гектарға қар тоқтатылды, – дейді ол.
Соңғы бес жыл бойына мемлекет жанар-жағар майдан ауылдықтарға жеңілдіктер көрсетіп келеді. Биыл облысқа 26 мың тонна өнім рыноктағыдан 11 пайыз төмен бағамен жеткізілмекші. Оның 10 мың тоннасы көктемгі дала жұмыстарына жұмсалады. Шаруалар үшін жанар майдың литрі 68-70 теңге шамасында болмақ.
Соңғы жылдары қуаңшылықтан зәрезап болып қалған егіншілер егіс алқабы дегдісімен техникаларын алқапқа шығаруға әзір отыр. Ауа райының қас-қабағына қарап қимылдайтын диқан қауымы бесқонақтың ырымынан үмітті. Ілгері күнге үміт артатын диқандар табиғат мырзалығынан дәмесін үзбейді. Бұған биылғы көктемнің жауын-шашынды болуы да негіз қалайтындай.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.