16 Сәуір, 2017

Туған жердің топырағына тізе бүк!

679 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бақытыңды барында бағалай алғанға не жетсін! «Туған жер – тұғырың» деген. Ал, өзіңнен кейін сан ұрпақ, іні-қарындастарың сол сен түлеп ұшқан тұғырдан қанаттанады. Туған жердің перзенті ретінде соларға қолұшыңды созу деген қандай бақыт, қандай мерей, шіркін!

Туған жердің топырағына тізе бүк!

«Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды», деп жазыпты Елбасы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында. Туған жердің жырын бір кісідей-ақ жырлаған ақын ретінде де, туған жердің қадірін бір адамдай-ақ сезінген азамат ретінде де бұл бағдардағы «Туған жер» бағдарламасы маған айырықша әсер етті. 

«Жақсының бары білінбейді, жоғы білінеді», дейді ғой, ауылдың шаңын аспанға көтеріп, шалғынына аунап өскен қазақ баласы үшін туған жердің орыны тіпті бөлек. Ауылың аттам жерде болса, аунап-қунап қайтарсың, алыста, оның үстіне замана сызықтарының арғы жағында болса қайтерсің? Оны Жайырды елу жыл жырлаған Жәркен біледі. Туған ауылымнан бозжігіт кезімде кетіп, қысқа уақытта қайырылып бара алмай қатты зарыққан адаммын. Жақының, туыс-туғаның жаныңды аңсатпай тұра ма?

«Бергі бетте балам бар,

Арғы бетте анам бар

Мен балама алаңдап,

Анам маған алаңдар», деп қамыққан жүректі қақ бөліп жыр жазған сәттер аз болған жоқ. Ал, сол туған жеріңді аңсап-сусап барғанда орынында жоқ баса ше? Оны да көрдік... Тауды былай алып тастап, таудан биік там тұрғызғыш елдің техникасы туған жеріңді күрей салады екен. Содан кейін оның бала жүрегіңде қалған елесін қағазға қашайсың. «Жайыр деген Жәркеннің ескерткіші» дегенім сол емес пе!?

Бақытыңды барында бағалай алғанға не жетсін! «Туған жер – тұғырың» деген. Ал, өзіңнен кейін сан ұрпақ, іні-қарындастарың сол сен түлеп ұшқан тұғырдан қанаттанады. Туған жердің перзенті ретінде соларға қолұшыңды созу деген қандай бақыт, қандай мерей, шіркін! Мінеки, осы тұрғыдан келгенде Мемлекет басшысы ойдағыны қозғап, қазақ ауылының қасиетін түсініп, ардақтауға үндейді. «Туған жер» бағдарламасы көп азаматтарға сол бақыттың, сол мерейдің дәмін татуға шақырып отыр, шабыттандырып, мүмкіндік туғызып отыр. Қолы ұзын,  өресі биік азаматтарға бұдан артық не керек? 

Осындайда аузы дуалы, ақиық Мұқағалидың:

«Сен де кеттің,

Мен де

кеттім,

Ол да кетті ауылдан.

Осынымыз ұят болды-ау,

ұят болды-ау, қауымнан!

Ұят болды-ау,

Бауырлар», деп басталып келіп:

«Момын елдің,

Арқа сүйер, Азаматы біз едік,

Жеке-жеке бақыт іздеп,

Жеке өмір түзедік,

Жетер енді!..

Туған жердің топырағына тізе бүк!», дейтін ағылып-төгілген, баса нұсқап, батыра айтқан өміршең өлеңі ойға оралады. Елбасы айтқан рухани жаңғыру дегеніміз де осы. Ақында жырдан артық не болушы еді, ертеректе

жазылған:

«Туған жердің қар-мұзы,

Аязыңмен жуындыр.

Туған жердің бал қызы,

Бұрымыңмен буындыр.

Туған жердің бұлағы,

Толқыныңмен ат мені,

Туған жердің жыланы,

Шырылдатып шақ мені.

Туған жердің шеңгелі,

Тырна аямай бетімді.

Туған жердің желдері,

Аузыма құй өтімді.

Туған жердің доңызы,

Қанжоса ғып жарып кет.

Туған жердің қоңызы,

Домалатып алып кет.

Туған жердің қасқыры,

Кемір ақын сүйегін.

Туған жердің тас-құмы,

Сені осылай сүйемін!», дейтін өлең жолдарын еске түсірудің де реті осы

жерде келіп тұрғандай. 

Ұшқан құстай зымырап бара жатқан осынау алмағайып уақытта туған жер тағылымын қайыра, қайта еске салған, құндылығын құнттаған бұл бағдалмаға неге қуана үн қоспасқа!? Кез келген азамат хал-қадерінің келгенінше туған жеріне қол ұшын беретін болса, оның өркендеуіне үлес қосатын болса, Елбасы қозғаған бағдарламаға қосқан елеулі үлес болмақшы. Ендеше, Елбасы айтты, ендігі сөз – ел азаматтарында. 

Жәркен БӨДЕШҰЛЫ,

ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты