Әлем • 17 Сәуір, 2017

Біз бірге болуға тиіспіз

140 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан мемлекеті өзін өзі ұлттық мәдени идентификациялау тұрғысынан маңызды қадам жасады. Қазақ елі таяу жылдары латын әліпбиіне көшеді. Бұл мәселе талай мәрте көтеріліп, талқыланғаны мәлім.

Біз бірге болуға тиіспіз

Кез келген шешімді байыппен, асқан көрегенділікпен қабылдайтын Қазақстан Президенті латын әліпбиіне көшу мәселесіне өзінің халыққа 2012 жылғы Жолдауында арнайы тоқталып, оның мерзімін 2025 жылға белгілеген болатын.

Енді міне, 12 сәуірде «Еге­мен Қазақстан» газетінде жариялаған бағдарламалық ма­қаласында елді рухани жаң­ғыр­­тудың алдағы бағыт-бағ­дарын айқындай отырып, латын әліпбиіне көшуге байланысты дайындық жұмыстарын жүргізу үшін нақты тапсырмаларын беріп отыр.

Бұл жаңалық Қазақстанмен көрші мемлекеттерде сол күннің ең басты халықаралық жаңалықтарының бірі ретінде ұсынылып, қызу талқыға түсіп кеткенін бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп отырмыз. Біздің Қырғызстан қоғамы да бұл мәселеде ойланып қалғаны анық. Өйткені, елімізде латын әліпбиін енгізу жайы бұрындары да талқыланып жүретін. Оның үстіне латиница қазақтың да, қырғыздың да жазу тәжірибесінде өткен ғасырдың 20-30 жылдары болған, яғни екі елге де соншалық жат емес.

Сонымен қатар, бауырлас түр­кітілдес елдердің іші­нен Өз­бекстан, Әзербайжан мем­ле­кеттері латын әліпбиіне әлдеқашан көшіп қойғаны мәлім. Енді Қазақстан да жазуын латын әліпбиіне көшіретін болса, Қырғызстан да аса бір қобал­жусыз латын әліпбиіне өтуі мүмкін деп нық сеніммен бол­жауға болады.

Тағы бір жайт. Латын қарпіне көшу – ол түркі әлемі жағын таңдау деген қалыптасқан пікір бар. Белгілі дәрежеде алған­да, бұл олай емес, бірақ ол қалай дегенде де өзге ұлттың таңдауы. Ол – мемлекет тәуел­сіздігінің таңдауы. Ол біздің ата-бабаларымыздың жүз жыл­дықтар ғана емес, мың жыл­дықтар бойғы мақсаты. Сон­дықтан шынымен де пісіп-жетіл­ген істі жүзеге асыру қажет болатын.

Жаңа әліпбиге көшу ауыр бола ма? Олай деп ойламаймын. Сонау 20-30 жылдары араб әрпі латын әрпіне алмастырылды, ал одан кейін кирилл әрпіне көшу міндеттелді. Одан ешкім де ақылынан алжасқан жоқ. Және сәйкес келмейді деп те мәлімделген жоқ. Оның сыртында, өңір елдерінде дәл осы жылдары ең бір елеулі мәдени-білім беру тұрғысындағы секіріс орын алды.

Сондықтан мен Қазақстан Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған қазақ елін рухани жаң­ғыртуға қатысты барлық ой-тұжы­рымдарымен келісе отырып, то­лық қолдай­тынымды білдіргім келеді. Сондай-ақ, бір нәрсеге – ендігі қабылданатын латын әрпін бірегейлендіру мәселесіне назар аударсам деймін. Түріктер оны өз қалаулары мен пайымдауларына қарай бейімдеп алды. Өзбек-түрікмен нұсқасында да солай болды. Бірақ, латын әрпін қазақшаға бейімдеуде қырғыз графикасының ескерілуі де өте маңызды. Өйткені, біз бірге жұмыс істеуге тиіспіз. Және бірге болуға тиіспіз. Қара­пайым тілмен айтқанда, біздің кирилл алфавиті бөліп тастаған тілдеріміз іс жүзінде айтар­лықтай айырмашылықсыз, бірдей тілдік жүйеден екенін ескер­генде, қазақ-қырғыз латыны біртектес болуы қажет деп ойлаймын.

Жаңа әліпби таңдаудың жаңа сынақ екені барынша түсінікті. Бауырлас қазақ халқына бұл жолда сәттілік пен табысқа жетуді шын жүректен тілегім ке­леді.

Осмонакун Ибрайымов,

Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым акаде­мия­сының мүше корреспон­денті, Қырғыз­станның бұрынғы мемлекеттік хатшысы

ҚЫРҒЫЗСТАН