Қазақстан • 17 Сәуір, 2017

Туыстық байланысты нығайтатын тағы бір маңызды қадам

174 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газетінде 12 сәуірде жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы түркітілдес мемлекеттер – Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінде айрықша ықыласпен оқылып, зор қызығушылық тудырды.

Туыстық байланысты нығайтатын  тағы бір маңызды қадам

Ежелден іргесі ажырамаған құдайы көрші, бауырлас өзбек халқы да Қазақстан Президентінің бағдарламалық мақаласымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен танысып, ондағы айтылған ұлттың рухани жаңғыруына қатысты ой-тұжырымдарды қолдайтындықтарын білдірді. Өзбекстан жұртшылығы, әсіресе, латын әліпбиіне көшуге байланысты қазақ елінде биылдан бастап нақты қадамдар жасалып, дайындық жұмыстары жүргізілетіндігі туралы жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдады. Бұл жөнінде Өзбекстанның бірнеше белді ақпарат құралдары терең мән бере жазғаны соның айғағы деп білемін.  

Осы ретте, бұрынғы ке­ңес­тік кеңістікте болған түр­кітілдес мемлекеттердің іші­нен Әзербайжан мен Өзбек­станның латын әліпбиіне көшіп қойғанын ескерсек, өңірлік интеграциялық үде­рістер қарқынды түрде жү­зеге аса бастаған қазіргідей кезеңде мұндай шешімді бауырлас халықтардың қуана қабылдауы заңдылық. Өйт­кені, көршілік әрі туыстық байланыстардың қарқынды дамуына экономикалық және материалдық факторлар ғана емес, сонымен қатар, рухани және мәдени қарым-қа­ты­настардың күшеюі де тікелей ықпал ететіні шындық. Мұн­дай байланыстар туралы сөз болғанда, бас­ты факторлар ретінде қоғамда ортақ тарих пен ортақ мәдени құн­ды­лықтар жөніндегі са­наны қалыптастыру айрықша маңызды. Ал оны жүзеге асы­рудың негізгі құралы тіл екендігі айдан анық. Бұл рет­те бізде тіл жақындығы бұрын­нан бар, бірақ әліпбидегі айырмашылықтарға байланысты бір-бірімізді оқып, тү­сінуде қиындықтар туын­дай­тыны жасырын емес. Сон­дықтан латын әліпбиін пай­далану арқылы туысқан ха­лық­тардың арасындағы руха­ни-мәдени, ақпараттық бай­ланыстар бұрынғыдан да өрісін кеңейтетін болды.

Қазақстан мен Өзбек­станның латын әліпбиіне өту үдерісінің туыстас екі елдің өзара қарым-қатынастарын дамытуда маңызды орын алары сөзсіз. Әсіресе, соңғы айларда екі ел арасындағы эко­номикалық, мәдени жә­не басқа да салалардағы бай­ланыстардың одан әрі арта түскенін ескерер болсақ, Ор­талық Азияда дербес ма­ңызға ие осы екі елдің ортақ жаз­уды қолдануы барлық жа­ғынан құба-құп болары анық.

Өзбек пен қазақ халқы – түп тамыры тереңнен қабысатын, арғы тегі бір ұлыстан – түр­кі жұртынан табы­сатын туыс­қан елдер. Біздің халық­та­ры­мызды шежірелі тарихпен бірге сан ғасырлар бойы адам­зат өркениетіне сүбелі қазына болып қосылған мәйек­ті мәдениет пен ортақ құн­дылықтар байланыстырады. Кешеден бүгінге дейін ар­қауы үзілмей жеткен осы байланыстар қазіргі Өзбекстан мен Қазақстан­ның жаңа за­мандағы ынты­мақтастығына, тату көршілік әрі стратегиялық серіктестік аясындағы қарым-қатынастарына негіз қалаған болатын. Олай болса, келешекте латын таңбасындағы әліпбиді қолдану осы ынты­мақтастықты жаңа биікке, сапалы деңгейге шығаратынына кәміл сенімдіміз. Тілі мен салт-дәстүрі өте жақын өзбектер мен қазақтар латын жазуы ар­қылы бір-бірінің жазып-сызғанын оңай оқып, түсіне алатын болады. Ал толық тү­сіністік бар жерде ортақ мүдде алға шығып, көптеген ке­дергілер өздігінен-ақ жойылады деп есептейміз.

Сөз соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елінің бас басылымында жарияланған мақаласында ай­тылған жайттарды, соның ішінде латын әліпбиіне көшуге байланысты мәселелерді бауырлас өзбек жұрты айрық­ша ықыласпен, ерекше қуа­нышпен қабылдағанын тағы да атап айтқым келеді. Елдің стратегиялық жоспарына сәй­кес, 2025 жылы латын әліп­биіне толық көшу үшін да­йын­дық жұмыстарының би­ыл­дан басталуын аса байып­ты қа­дам деп бағалаймыз. Бұл қа­дам баршамызға құтты бол­сын!

Ғайбулла БАБАЯРОВ, 

тарих ғылымдарының докторы

ӨЗБЕКСТАН