Қазақстан • 17 Сәуір, 2017

Отбасы құндылығын дәріптейтін «Жол картасы» жасалды

80 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бас прокуратурада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Үкіметтің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Бас прокуратура жанындағы Консультативтік кеңестің мүшелері қатысқан жиында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы мәселелер қызу талқыланды.

Отбасы құндылығын дәріптейтін  «Жол картасы» жасалды

Г.Әбдіқалықова бүгінде әлемнің 124 мемлекеті, соның ішінде біздің еліміз де тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге тікелей бағытталған заңдарға ие екенін атап өтті. Өткен жылы Мемлекет басшысының арнайы Жарлығымен Қазақстанда 2030 жылға дейінгі отбасылық және ген­дерлік саясат тұжырымдамасы бе­кітілгені белгілі. Аталған құ­жат­тың отбасын қорғау жү­йе­сінің тиімділігін арттыру мен жыныстық белгісіне қатысты күш көрсету фактілерін азайтуға бағытталғандығына тоқталған М­ем­лекеттік хатшы, осы күнгі өзекті тақырыптардың бірі – БАҚ пен әлеуметтік желілердегі зор­лық-зомбылық оқиғаларының орын алып жатуына қатысты пікір білдірді.

«Қоғам тарапынан бұл мәсе­леге деген алаңдаушы­лық­тың бар екені де мәлім. Сон­дық­тан, Ұлттық комиссия құқық қор­­ғау органдарымен бірлесе отырып, зорлық-зомбылық оқи­ғаларының алдын алудың заң­дық тетіктерін реттеуі қажет. Со­ны­мен бірге, біз отбасы инс­ти­туты мен бала тәрбиесіне қа­тыс­ты халықтық дәстүрлерді жаң­ғырту арқылы осы дертті жою­ға мүмкіндік алмақпыз. Ендеше, аталған күрделі мәселе­мен күресте мемлекеттік орган­дар­ды, үкіметтік емес ұйым­дар­ды, бұқаралық ақпарат құ­рал­дарын және бүкіл қоғамды жұ­мылдыру бойынша нақты жұ­мыс жүргізуіміз керек», деді Г.Әбдіқалықова.

Жиын барысында Бас про­­ку­­ратура мен Ішкі істер минис­тр­­лігінің отба­сылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарға жол бермеу мен құқықтық қолдану практикасын күшейту мәселелері, соны­мен қатар, отбасылық-тұр­­мыстық қарым-қатынастар сала­сындағы заң­на­маны жетіл­діру бо­­йынша іс-шаралар туралы ақ­па­­ра­ттары тыңдалып, талқы­ланды.

Жиын барысында Бас прокурор Ж.Асанов құқық қорғау ор­гандарының бастамасымен елімізде жуырда ғана отбасылық құндылықтарды дәріптеу мен үйдегі зорлық-зомбылықты азай­туға бағытталған 53 тармақтан тұра­тын арнайы «жол картасы» жасалғанын жеткізді. Қанатқақты жоба аясында мемлекеттік органдар қызметшілерінің есебінен құралған топ Оңтүстік Қазақстан облысының екі ауданында ха­лық­пен кездесіп, құқықтарын түсін­діріп, алдын алу шараларымен ай­на­лысады.

Өз кезегінде, Ішкі істер м­и­нистрлігі тарапынан құқық бұ­зу­шының зардап шеккен адам­мен байланысуын шектеуге мүм­кін­дік беретін қорғаушылық ұй­ғарымдар мен мінез-құлыққа қой­ылатын ерекше шарттар сия­қты әкімшілік-құқықтық әсер ету­дің жаңа шараларын жүзеге асы­рудың қажеттігі айтылды. Бұл от­басылық жанжал тудырушыны бас­панасынан (құқық бұзушының бас­қа баспанасы болған жағдайда) уа­қытша (30 тәулікке дейін)  шы­ға­руға, сондай-ақ зардап шеккен отбасының кәмелетке толмаған немесе әрекет етуге қабілетсіз мүшелерімен қарым-қатынасын шектеуге мүм­кіндік береді.

Сонымен қатар, отырыста өт­кен жылдың сәуірінен бастап отбасылық жанжал шығару­шы­лар­ға алкогольді ішімдіктерді (үйде де) 3 айдан 1 жылға дейін ішуге сот тәртібімен тыйым салуға ықпал ететін заңнамалық норма енгізілгені де айтылды. Осыған орайлас ойын білдірген Бас прокурор мас күйде елдің мазасын алатын жандарды айықтырғыш орнында ұстау мерзімін 3 сағаттан 1 тәулікке дейін ұзартуды заңмен бекіту қажеттігін алға тартты. «Қазіргі қолданыстағы әдісіміз өз нәтижесін беріп отыр деу­ге келмейді. Айықтырғышта ұстау уақытын бір тәулікке созсақ, ол осы аралықта мастығынан айы­ғып, есін жинап үлгерер еді», деді Ж.Асанов.

Отырыс қорытындысы бо­йын­­ша Мемлекеттік хатшы Г.Әбді­қалықова мемлекеттік ор­­ган­дарға тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою бойынша бір­қатар нақты тапсырма берді. Ал жалпы, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заң қолданысқа енген соңғы же­ті жылда елімізде тұрмыстық қылмыстардың деңгейі 10%-ға дейін төмендегені байқалғанын айта кетейік.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»