27 Сәуір, 2011

Ұрпағының келешегі үшін алға ұмтылған азамат

486 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
«Нағыз жігіт төрт жағдайда басын иеді: өмірге әкелген ата-анасының алдында, сүйікті жарына, қиналғанда иығына сүйенсін деп жан досына, мойнына асылсын деп бала-шағасына», дейді Евгений Ханкин. Ауызбіршілікке де қызмет етіп, қоғамдық жұмыстардан да қалмай, ағайынға да болысып, іскерлікте те алдына жан салмайтын Ахметжан ШАРДИНОВ сондай азамат. Өткен жылы Елбасының Жарлығымен Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары бо­лып сайланған Ахметжан Бәкірұлы Алматыда 20 жыл­дан бері үздіксіз көпір құрылғылары зауыты­ның директоры қызметін атқарып келеді. Еңбекпен көзін ашқан азаматпен тілдесудің сәті түскен еді. – Президенттік сайлауды сәтті атқар­ға­нымызға көп уақыт өте қойған жоқ. Бір үйдің баласындай,  баршамыз дерлік Елба­сы­на дауыс бердік. Елдіктің ертеңіне дауыс бердік.  Менің қуанғаным – халқымыз осы ауыз­бір­шілік пен тыныштықтан айырылмау қажет екендігін әбден түсінді. Мына алмағайып заманда аузымыз бір болса ғана алға жыл­житынымызды көрдік. Қазақ­стан­да жұмы­сын білетін, алдағы күндердің ама­натын түсінген адамның ісі ілгері басады.  Ешкім ұлтына, жынысына бөлініп жатқан жоқ. Жұ­мақты адам  жанкешті еңбегімен жасап ала­ды. Елбасының өзі де «Мысықтың түсі қан­дай болғаны маңызды емес, тышқан ауласа болғаны», демеп пе еді. Қалжыңмен болса да, астарлап айтылған бұл сөздің салмағын жеңілдетпеу керек. Елімізде ешкім де шеттетіліп отырған жоқ. Әркім өз мін­детін адал атқарса, жақсы өмірге ұм­тыл­са, бәріне де қолы жетіп жатыр. Еңбек етіп, бала-шағам­ның несібесін айырамын, елге пайдамды тигіземін деген адамға қолбайлау көріп тұрған жоқпыз. Бизнес саласында да солай. Қоғам­дық қызметтерде де басқаша болып көрген жоқ.  Сондықтан біз осы бай­лықты бағалап, ұрпағымыздың келешегі үшін алға ұмтыл­ғаннан басқа әңгіме бол­ма­уы керек. Елбасы біреу  – қалғанымыз тіреу болайық дегенді бекер айтып жүрген жоқпыз. – Ахметжан Бәкірұлы, атқаратын қыз­ме­тіңізден бөлек, Алматы қалалық мәс­­ли­ха­тының депутатысыз. Қазақстан ұйғыр­лары республикалық этномәдени бірлес­ті­гінің төрағасысыз. Оған қоса, «Атамекен» ұлттық экономикалық пала­та­сы бас­қар­ма­сының мүшесісіз. Осының бәріне қалай үлгересіз? – Сізбен сұхбатты да таң алдына белгілеп отырғанымыз осы ғой. Бәріне үлгеру керек. Пайғамбар жасына да жеттік. Қоғам­дық жұмыстар да шашетектен. Өндірістік жауап­кер­шіліктің де ауыртпалығы жетеді. Біздің мемлекетіміз қарыштап алға жылжып келеді, осы даму үдерісінен қалыспау үшін оның ырғағына бейімделу қажет. Негізгі жұмысты да, қоғамдық жұмысты да үйлестіріп оты­руға күшімді саламын. Ерте тұрамын, кеш жатамын. «Мына шаруа менің міндетім емес», деп айта алмаймын. Бұл істі біз істемесек, кім істейді? Ал, Елбасы мені Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы Төрағасының орынбасары етіп та­ғай­ын­даса, бұл – үлкен абырой, орасан жауапкершілік пен сенім. Мен өзімнің Мемлекет басшысының командасында екенімді мақтан тұтамын. Және Президентіміздің барлық бастамасына шын ықыласпен қолдау көрсетемін. – Егер бүгінде Алматы көпір құры­лы­сы зауытының аты Қазақстаннан тыс­қа­ры жерлерге де танымал болса, онда сіздің де үлкен үлесіңіз бар екендігі айтылады… – Бұл ұжымды 20 жылдан бері басқарып келемін. Оған дейін Қапшағайдағы жол-құрылыс материалдары комбинатын, оның алдында Алматыдағы тас өңдейтін зауытты басқардым. Көпшілік егер бастық болсаң,  басқарып отыра беруге болады деп ойлар. Әсте олай емес. Мұның артында үлкен жауапкершілік жатыр. Кешегі Кеңес өкіметінің құлауын, сомның девальвацияға ұшырап, халықтың өтпелі кезеңде қиналғанын көр­дік. Бірақ, сағымыз сынған жоқ. Осының бә­рі­не қарамастан, сол кезде ұжымда 500-ге тарта адам жұмыс істесе, қазір де сонша адам от­басын асырап отыр. Мұның бәрінде Елба­сы­ның саясаты жатыр. Алдымен Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы экономиканы алға сүйреді, содан кейін саясатты жолға қойды. Бір зауыт­тың жауап­кершілігі оңай болмай отыр­ғанда, бү­кіл мемлекетті басқарудың қиын­дығы қандай екендігін елестете беріңіз. Сондықтан да, біздер әрқайсымыз өзіміздің отырған жеріміздің жауапкершілігімен мемлекетті алға апаруға міндеттіміз. Ал зауыттың жайына келсек, елде де, сыртта да бізге бәсекелестік тудырып отыр­ған­дар бар. Бірақ, біздің темір-бетон мате­риал­дарын шығаратын зауыттардан айырма­шы­лығымыз үлкен. Өйткені, көпір құры­лым­дары материалдарын жасауға деген талап аса жоғары. Бұл бір толайым инженерлік құры­лым. Сондықтан да, көпір салу­шылар құры­лыс саласының ақсүйектері деп текке айтыл­майды. Біз бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағдарламасын жүзеге асырып жатыр­мыз. Және біздің өнімдер бүгінгі ТМД кеңістігіндегі ең сапалысы деп айтуға ұялмаймын. Кеңес өкіметі тұсында да біздің зауыт Ресейдің шекаралық аймақтарын көпір салатын материалдармен қамтамасыз етіп келген. Осы бағдарлама бойынша бізге келген шетелдік тапсырыс берушілер қазір де бізде осындай сапалы құрылғылар шы­ға­рат­ын, заманаға бейімделген зауыт бар екен­дігін көріп таңқалады. Ресей, Қыр­ғыз­станмен де жұмыс істеп келеміз. Кедендік одақтың құрылуы біздің зауыттың келешегіне мұнан да кең жол ашады деп үміттенеміз. – Үлкен ұжымды басқартып, тамаша табысқа жеткізіп, елдегі танымал жан­дар­дың қатарына қосылуға ықпал еткен алды­мен еңбек қой, аға? – Үш ұл өсіріп, ағаш егіп, жетістіктерге жеткен болсам, алдымен ата-анамды ауызға алар едім. Мен өсіп-өнген, тату отбасында   Талдықорған жақта, Жаркентте дүниеге келдім. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау жыл­дар­ға қарамастан, әке-шешеміз бізге жақсы тәрбие берді, жоғары білім алуға септесті. Әскер қатарында шыңдалдық. Үлкенге деген сый­ластық пен патриоттық сезім жетекшілік қыз­метке жетеледі. Кеңес өкіметі кезінде «Тимур және оның командасы» деген әйгілі фильм болды ғой. Расында да біз осындай рухпен өскен ұрпақпыз. 30 жыл үлкен ұжымдарды басқара жүріп ұққаным – қашан да айналаңды ниеттес жандар, жоғары кәсіби мамандар, күшті командалық рух қоршау керектігін түсіндім. Осындай күшті тетік жұмыс істесе ғана екі есе табысқа жетесің. Ең бастысы – ұжымның әрбір адамы өзінің әлеуметтік жағынан қорғалғанын сезіне алуы қажет. Қиналғанда қолұшын беретін, күш-жігері барда отбасын асырай алатын ортасы болуы керек. Зауыттың жұмысы тоқ­та­маса, дастарқанның да берекесі үзіл­мей­ті­нін біздің қызметкерлердің бәрі сезіне алады. – «Жақсы демала білген адам жақсы еңбек етеді» деген де қағида бар ғой? – Жарты мыңға жуық адамның жауапкершілігі, тағдыры, келешегі мені басшы ретінде бей-жай қалдырмайды. Қайда барсам да бір көріп қызығы таусылған соң, өз еліме, от­ба­сыма, жұмысыма асығамын. Әлемде Алма­ты­дай сұлу қала жоқ. Тәуліктің 70 пайы­зын жұ­мыста өткізеді екенмін. Алдыма келген әрбір адамның мәселесін талқылап, реттеп, қуантып шығарып салғаннан ләззат алып, демалып қалғандай, қанағат сезіміне бөленемін. Бізде 500-ге тарта адам жұмыс істейді. Әрқайсысының жеке басының, отбасының мәселелері жеткілікті. Оның үстіне темір-бетон өндірісі – аса күрделі сала. Сондықтан біз әлеуметтік қамсыздандыруға айтарлықтай көңіл аударамыз. Студенттерге білім алуға грант бөлеміз. Тәжірибеден өтуге шақы­рамыз. Қызметкерлерге емдеу-сауықтыру орындарына жолдама бөлеміз. Өткен жылы бізге ТМД-ның барлық елдерінен кәсіподақ қызметкерлері келіп, зауыт­тың әлеуметтік бағдарламасына жоғары баға беріп кетті. – Алматы қалалық мәслихатының де­пу­татысыз. Оңтүстік астана да мәсе­ле­сі бір басына жететін қала емес пе? – Бүгінгі таңда мемлекетіміз дәл осы әлеуметтік саланы жақсартуда орасан шаруа атқарып жатыр. Мұны қаланың қым-қуыт өмірінен, салынып жатқан жолдардан, жаңа ауруханалар мен мектеп, балабақшалардың ашылуларынан ел көріп отыр. Әркім ескі үйін жаңартып, баспанасы жоқ болса, мемлекеттік бағдарламалармен пәтерлерге қол жеткізуде. Талай қоныс тойына куә болдық. Қазір қаламызда көліксіз үй жоқ. Кейбір отбасыларында бірнеше мәшинеден бар. Істеймін деп құлшынған адамның екі қолына бір жұмыс табылады. Жағдайым жаман деп айтып жүрген адамды өз басым көрген жоқ­пын. Мемлекет өзінің әлі жететін жұмыс­тардың бәрін жолға қойды. Кешегі қаржы­лық дағдарыстан қиналмай шығуымыздың да бір себебі осында. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.