– «Туған жер» бағдарламасын іске асыруда алматылықтардың алар орны ерекше болады деп сенемін, – деп сөз бастаған қала әкімі Бауыржан Байбек одан әрі былай деді: «Біздің қала мен оның жауапкершілікті, әлеуметтің мәселелерінен қашпайтын тұрғындары үшін мақалада көрсетілген идеялар мен үлгілер өте жақын. Мәселен, өткен жылдары кәсіпкерлердің қолдауымен қала аулаларында 100-ден астам спорт алаңқайы ашылып, 10 шақты үлкен балабақша салынды. Мемлекет-жекеменшік әріптестік қағидасымен 600 оқушыға арналған, жаңа талаптарға сай жайлы мектеп тұрғызылды. Тағы біреуінің құрылысы аяқталмақ. Қайырымдылық көмек, меценаттық қолдау қаншама! Осының бәрі түптеп келгенде елге деген перзенттік сүйіспеншілік сезіммен тығыз байланысты».
Тәуелсіздік алған жылдары Алматыда небары 18 ғана, оның өзінде қазақша-орысша тәрбиелейтін мемлекеттік балабақша болатын болса, бүгін оның саны 157-ге жетті. Ал мектеп саны 7-ден 65-ке дейін ұлғайып, ондағы бала саны 11 мыңнан 104 мыңға дейін, яғни 10 есеге өскен. Бүгінде үш тұғырлы тіл саясатын дамытуды көздеген жастардың білікті іс-қимылдары жан сүйсінтеді. Елбасы мақаласында көпшілік талқылауына түскен мәселелердің бірі – 2025 жылға қарай баспа ісін, іс қағаздары мен оқулықтарды латын әліпбиінде басып шығару болатын. Ал латын қарпі күнделікті өмірімізге дендеп кірсе, ақпараттық технология тілін түсініп, әлемнің озық елдерімен тереземіздің теңесе түсуіне мүмкіндік артады.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы шеңберінде қазіргі заманғы мультимедиялық «Алатау» дәстүрлі өнер театры мен «Мультимедиялық дәстүрлі өнер орталығы» мультимедиялық жүйелер арқылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ел мәдениетінің ерекшеліктері жөнінде мағлұмат алуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов: «Елбасымыз сомдаған жасампаз ұлт формуласы – ғайыптан түскен, болмаса ойдан шығарылған қағида емес. Бұл – жалпы әлемдік, баршамызға қатысы бар тарихи шындық», десе, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин: «Біздер әдебиет пен өнер иелері Елбасының рухани жаңғыру ұстанымын қолдаймыз. Бұл бізді, халықты қанаттандырады, бұл Елбасымыз ұсынып отырған ұлы көш», деді. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәмша Беркімбаева «Мақалада көрсетілген Президент ұсынған латын әліпбиіне көшу, білім саласын арттыру және басқа да жобалардың барлығын іске асыруда ұстаздар қауымы әрдайым алдыңғы шепте жүретініне күмәнданбаңыздар», деп ой түйіндеді.
Болашақтың кілті – көздеген мақсатқа кол жеткізу мен заман талабына сай көне мен бүгінгіні қисынды ұштастыру, өзіміздің рухани кодымызға сүйене отырып, рухани жаңғыруда екеніне шынайы көз жеткізген көпшілік алқалы жиында ортақ бір мәмілеге, бір шешімге тоқтап, бәтуалы ұйғарым жасады.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ