Алқалы жиынды жүргізіп отырған өңір басшысы Жансейіт Түймебаев күн тәртібіне тоқталып, Елбасының мақаласы мемлекеттік идеологияны анықтайтын басты саяси құжат болып табылатынын айтты.
− Президентіміз үшінші жаңғыру үдерістерінің мақсаттары мен міндеттерін көрегендікпен нақтылай отырып, енді рухани жаңғырудың Жолдауы іспетті дүниесін жариялап, сәулесі бар саналарды дүр сілкіндіріп отыр. «Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді», – дейді Елбасымыз өзінің мақаласында. Сондықтан да, Көшбасшы меңзегендей, бүгінде радикалды идеологиялар ғасырының келмеске кеткенін біржолата мойындауымыз керек, – деді.
«Президент нақты жобалар ретінде біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, екінші, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру, үшіншіден, «Туған жер» бағдарламасын қолға алып, оның ауқымын «Туған елге» ұластыру, төртіншіден, жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын саналарға сіңіру үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау, бесіншіден, мәдениеттің бәсекелестік қабілетін қалыптастыру үшін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру, алтыншыдан, замандастарымыздың жетістіктері тарихына назар аударуы үшін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын қолға алу белгіленген.Мақалада көрсетілген маңызды мәселелерді жетік меңгеру керектігін, бүкіл Оңтүстік тұрғындарына терең түсіндіруге тиіспіз», деді Ж.Түймебаев облыс активімен болған кездесуде.
Жиында алғашқы болып сөз алған Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Мархабат Байғұт бағдарламалық мақаланы Жолдаудың жарасымды жалғасы, рухани сыңары деп сөзін сабақтады. Рухани жаңғыру, ерекше сілкіністі ұлт болашағына алаңдайтын жамағат көптен бері күтіп жүрген. Елбасымыздың кемеңгерлігі жаңа тұрпатты жаңғыруды нағыз пісіп жеткен мезгілінде көтеруі болды. Осылай деген жазушы сонымен қатар, облыстағы рухани салада атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жасай келіп, Ордабасы тауын ұлықтау мәселесі ұмыт қалғанына алаңдаушылығын білдірді.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлімжан Құртаев Елбасының «егер жаңғыру елдің ұлттық – рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген түйінді сөзін басшылыққа алып, жұмыс жасаудың жайын айтты. Мақалада көтерілген мәселелерді халыққа жеткізуде «Нұр Отан» партиясының мүшелері белсенділік танытатындығын білдірді. Жиында сөз алған Шымкент қаласындағы №65 мектеп-гимназиясының директоры Қатира Қадырбаева мен облыстық «Южный Казахстан» газеті бас редакторының орынбасары Кеңес Исмаилов та өз пікірлерін ортаға салды.
Президентіміздің мақаласында айтылған ой-пікірлерді жүзеге асыруда жан-жақты жұмылудың қажеттігін айтқан аймақ басшысы облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібекұлы мен облыстық ішкі саясат басқармасына мақаланы насихаттау бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін облыстық және аудан, қалалық деңгейде іс-шаралар ұйымдастырып, желілік кесте әзірлеуді тапсырды.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік қазақстан облысы