Қазақстан • 18 Сәуір, 2017

Игерілмеген жердің игілігі жоқ...

382 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қара жердің қойнауы толы құт, болмысы түгел ырыс. Ғасырлар бойы ғаламат сыр бүгіп жатқан сайын даланың арнасынан ақтарылған көл-көсір өнім де елдің дамуына, жердің көркеюіне даңғыл жол ашатыны анық. Жыл сайын әр қазаққа бұйырған несібе де жазира даланың жазығынан табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы дәстүрлі Жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндетін қойған болатын. Сондықтан да жер қатынастары саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру негізінде жер қорының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне көтерілді. Алайда Жамбыл облысында нысаналы мақсатта пайдаланылмай жатқан жерлерді зерделеудің нәтижесінде әлі де шешімін таппаған күрделі мәселелер бар болып шықты. Ен байлық еншімізде болғанымен, ескерусіз қалып жатқан мәселе де жоқ емес екен.

Игерілмеген жердің игілігі жоқ...



Инвестор келсе, мәселе шешіле ме?

Облыстық жер қатынастары бас­қар­ма­сының мәліметінше, өткен жылғы 1 қарашадағы жер есебі бойынша об­лыс­тың жер қоры 14 миллион 426 мың гек­тарды құрап отыр. Ал жер есебіне сәй­кес, облыс аумағында пайдалануға жә­не жекеменшікке берілмеген 1,9 ми­лли­он гектардан астам босалқы жерлер бар. Бұл облыс аумағының 13,4 пайы­зын құрайды. Босалқы жерлердің 41 мың гектары егістік жерлер есебінде тұр­ғанын да айта кету керек. Яғни, осын­­дай үлкен аумақтың иесіз жатуы игі­­лікті істің бастауына кедергі болып тұр­­ғандай. Дегенмен, басқарма басшысы Бейбітбек Жайлыбаев жерлердің орна­ла­с­уын және көлемін нақтылай отырып, жердің кәдеге аспай бос жатуына жол бермеу мақсатында өткен жылдың со­ңында босалқы жерлер түгендеуден өт­кі­зіл­генін айтты. Нәтижесінде тауарлы ау­ылшаруашылық өндірісін жүргізуге қо­лайлы деп табылған, қайта айналымға та­ртуға жататын 25 мың гектар егістік жерлер анықталған. «Бұл егістік жерлерді ин­­весторларға беріп, толыққанды пай­­далануға мүмкіндіктеріміз бар. Осы мақс­атта аудан әкімдіктерімен бір­лесіп аг­рарлық секторға қаржы са­лу­ға ниет біл­дірген инвесторлар үшін ре­зе­рвтік жер қорын қалыптастыру жұ­мыс­тары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Мой­ын­құм, Меркі, Сарысу, Талас және Шу ау­дан­дары аумағынан 293 944 гектар ауыл шаруашылығы жер учаскелері бел­гіленген», деген басқарма басшысы облыстың елді мекендерінің жаңа бас жос­парларын жер ресурстарымен қам­та­­масыз ету мақсатында ауылдық елді ме­­кендер шегіне жаңадан 1,3 мың гек­тар­­дан астам жерлер қосылғанын да ай­тып өтті. 

Әрине, мәселе пайдаланылмай жатқан жер­­де ғана емес. Облыс аумағында 6278 гек­тар бүлінген ауылшаруашылық жер­лерінің бар екендігі де анықталып отыр. Бү­лінген жерлер Сарысу ауданын­да 2,5 мың, Талас ауданында 1,6 мың, Мо­й­ынқұм ауданында 721 гектарды құ­райды. Алайда, 2013 жылдан бері атал­ған аудандарда жерді қалпына кел­тіруге бағытталған шаралар қолға алын­бай келеді екен. Оған басты себеп, ау­дандар бюджетінде қажетті қаржы кө­зі қарастырылмаған. Төрт жыл бойы тұ­ра­лаған тірлікті тіктеуге аталған аудан басшыларының құлықсыздығы да кө­ңіл­дегі күмәнді күрделендіре түседі. Ен­ді иесіз жерлердің игілікке қашан бе­рі­летіндігі – алдағы уақыттың еншісінде.


Аты бар да, заты жоқ шаруашылықтар

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жыл ба­сында Жуалы ауданына бар­ған сапарын­да «Азық түлік нанмен жаб­дықтау» ЖШС-нің басшысы Нұрлан Ор­таев ауылшаруашылық өнімдерін өң­деу жұ­мыстарын одан әрі арттыру үшін жер­дің жеткіліксіз болып тұ­р­ға­нын айтып, пай­далануға қосымша жер қа­рас­ты­рып бе­руін сұраған еді. Сонда облыс басшысы «Әрқайсысы гектарлап жер алып алады. Бірақ ол не елге жоқ, не өзіне жоқ, ақыры пайдаланылмай бос жатады», деген болатын. Расында да, біреуге жер жет­пей жатса, енді біреу бар жерді пайда­ла­на алмайды. Әрине, кәсіпкерлердің ш­а­руасын шалқытып, тірлігін тіктеуге жер керек-ақ. Бұл тұрғыда да бос жатқан жер­лердің басын біріктіріп, пайдалануға бе­ру мәселесі алдымыздан тағы шығады.

Өңірде өндірісімен де, өнімімен де алға шыққан шаруашылықтар же­тер­лік. Бі­­рақ аты бар да, заты жоқ ша­руа­шы­лық­тар да бар екен.

Мәселен, жиында облыстық жердің пай­даланылуы мен қорғалуын бақылау бас­қармасының басшысы Серікбай Тәпеев жекелеген аудандардың жер ба­лан­сында жабылып, тарап кеткен, тіпті бан­крот болған шаруашылықтардың әлі күн­ге дейін көрсетіліп келетіндігін айтқан бо­латын. Бірақ не себепті көрсетіліп ке­ле­тіндігі біз түгілі басшылардың өздеріне тү­сініксіз екен. Атап айтсақ, мұндай ша­руашылықтар қатарына Байзақ ау­да­нындағы «Үшбұлақ» өндірістік коопе­ра­тиві, Меркі ауданындағы «Подхоз», «Сах­комбинат», «Комхоз» ЖШС-лер жа­тады. Байзақ аудандық жер қаты­нас­та­ры бөлімінің басшысы Талғат Қыр­ғыз­баевтың айтуынша, «Үшбұлақ» өн­дірістік кооперативі Ботамойнақ ауыл­дық округіне қарасты екен. Жер көлемі 429 гектар. Бірақ неге екені белгісіз, бұл шаруашылық 2001 жылдан бері баланс­тан алынбай келген. Меркі ауданында да со­лай. Талай жылдан бері тасада қалып кел­ген мәселе енді белгілі болып отыр. Ен­ді мұндай шаруашылықтарға қатысты мә­ліметтер дұрыс болмағандықтан, тек­се­ру жұмыстары да жүргізілмей келеді екен.

Бос жатқан жердің берер пайдасы жоқ. Ал шаруаларға пайдаланусыз жат­қан жерді иелік етудің тиімсіздігі де облыс­тық жер қатынастары басқармасы тарапынан түсіндіріліп келеді. Нәтижесінде өткен жылы барлығы 29266,98 гектар пайдаланылмай отырған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Дегенмен, облыстық жердің пайдала­нылуы мен қорғалуын бақылау бас­қар­масы тарапынан өткен жылы 518 тексеру жүргізіліп, 231 заң бұзушылық анық­талған. Заң бұзушылықтар бойынша 111 ескерту және 120 тұлғаға 19,7 миллион теңге көлемінде айыппұл да салынған.

Сонымен қатар, Сарысу, Талас аудан­дарында егістік жерлердің тексерусіз қа­луы да жер мәселесіндегі өзекті мәселенің бі­рі. Сондай-ақ, бірінші кезекте жылдар бойы айналымнан шығып қалған егістік жер­лерді пайдалану мәселесі өз шешімін тап­пай келе жатқандығын да атап өту керек. Мұндай жерлер Мойынқұм, Талас, Са­рысу аудандарының бұрынғы суармалы егістіктерінде орын алған.


«Геопортал» жүйесі жаңалық әкеле ме?

Жерді пайдалану мен реттеу жұ­мыс­тарында қазіргі заманғы озық тех­но­ло­гия­лардың үлесі айрықша. Облыстық жер қатынастары басқармасының ұйым­дас­тыруымен 12 қаңтар күні «Қазақстан Ға­рыш Сапары» ҰК» АҚ өкілдері Жерді қа­шықтықтан зондтау ғарыш жүйесі бойынша «Геопортал» құру жөнінде семинар өткізген болатын. «Геопортал» жүйесін енгізу облыс көлеміндегі бос жатқан жерлерді, алқаптардың толық игерілуін анықтау, субсидия беру кезінде егілген екпелердің егілгендігін немесе егілмегендігін, сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылар жер учаскесінің өз шегінен артық жерлерді бүлдіргенін анық­тауға мүмкіндіктер береді екен. Атал­ған жүйе облыс бойынша то­лықтай жү­зеге асқан жағдайда, бос жатқан жер­лер­дің де байлығымызға айналатынына се­нім бар. Қазіргі уақытта бұл жүйе Шу ау­данының жер қатынастары бөлімінде қа­натқақты негізде жүзеге асырылуда.

Облыста «Геопортал» жүйесін ен­гіз­уге 44 миллион теңге қаржы қажеттігін «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ растап отыр. Енді басқарма тарапынан қазіргі кез­де аталған жүйені қалыптастыру үшін зер­делеу жұмыстары аяқталып, тиісті ұсы­ныстар дайындалу үстінде екен. Егер «Гео­портал» географиялық жағдайды то­лығымен зерттеп, зерделей алса, онда ие­сіз жерлердің игілікке берілетініне се­ну­ге болады.


Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»


Жамбыл облысы



Соңғы жаңалықтар