− Қазақы нақыштағы киімдерді заманауи стильмен үйлестіру, әсіресе қыз-келіншектер арасында сәнге айналып келеді. Университет студенттері ішінде қазір күнделікті киім сыртынан қазақы қамзолды киіп жүретіндер көп. Өздеріне өте жарасады. Аруларымыз қазірден ұлттық бейнемізді бірізді етуге ықыласты. Заманаға сай сәнді келбет қалыптастырып, оны нәзік әшекей бұйымдармен айшықтай түсуде. Ұлттың ұрпағын тәрбиелейтін қыздардың сырт келбетінің мәніне өнегелік тұрғыдан қарағаны дұрыс,− дейді «Қыз Жібек» клубының төрайымы Қазына Яхудаева.
Жақсы істі «Қыз Жібек» клубынан кейін осы оқу орнының Ғылыми кітапхана ұжымы, одан кейін студенттерге ұлттық салт-дәстүр, қолөнерді: ши, гобелен, кілем тоқу, кесте тігу, тоқыма тоқу, түрлі ұлттық киімдер үлгісін тігуді үйрететін «Кәсіптік білім» кафедрасының ұстаздары қуана жалғастырды.
«Кәсіптік білім» кафедрасының меңгерушісі Рахия Дәрменова Қыздар университетінің қолөнер шеберлері, тігінші, дизайнер болам деген студенттері бүгінде түрлі ісмерлік байқаулардың жеңімпаздары екенін айтады.
Игі бастамаға қатысты белгілі этнограф-ғалым, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі Ғалия Қайдауылқызы: «Бұл акция өтетін де кететін шара болмауы тиіс. Киім – әрбір адамның келісті келбетін қалыптастыратын, әрбір ұлт пен ұлыстың арғы тегін, бергі талғамын, танымын үйлестіретін, соны басқа жұртқа танытатын жай ғана бозбүршік емес, халықтың жан дүниесі, өмірлік ұстанымы және сол халықтың өзіне ғана тән бет-келбетін айқындайтын белгісі. Киіне білу деген денеңді, тәнді ғана жабу емес, өзіндік өнегенің бір саласы болуы керек», дейді.
Университет қабырғасында «Қыз қылығы», «Бұлбұл қыздар», «Шебер қыздар», «Назқоңыр», «Ізденіс», «Інжу-маржан», «Үміт» сияқты үйірмелер жұмыс істейді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ