Әлем • 18 Сәуір, 2017

Шетел баспасөзіне шолу: Қытайдың «Бір белдеу, бір жолы» әлем экономикасын өзгертпек

141 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі шолуда: Арабтар үнемдеуді үйренбек. Қытайдың жаңа жобасы қандай мақсат көздейді? Солтүстік Корея АҚШ-пен соғысқа дайынбыз дейді. АҚШ отандық экономиканы қолдаудың жаңа саясатына көшті.

Шетел баспасөзіне шолу: Қытайдың «Бір белдеу, бір жолы» әлем экономикасын өзгертпек

Сауд Арабиясы үнемдеуге көшті

Сауд Арабиясы үкіметі құзіретті министрліктер мен ведомстволарға инфрақұрылым мен экономиканы дамыту бойынша қазір жүріп жатқан миллиардтаған доллардың жобаларын тоқтату немесе қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды investing басылымы ел үкіметіне сілтеме жасап. 

«Бұлар – ондаған жыл бұрын, мұнай бағасы жоғары кезде қолға алынған жобалар. 2014 жылы мұнай бағасы құлдырағаннан кейін мемлекеттің бюджеттік шығыстары да қысқара бастады. Билік қазіргі таңда қатаң үнемдеуге көшуі керек» деп жазады басылым. 

Үкімет жұмысын жақсарту мақсатында өткен жылы құрылған елдегі капиталды және операциялық шығындарды реттеу бюросы кемінде 25 пайызға орындалған жобалардың тізімін жасамақ. 

Шенеуніктер аталған жобалардың өміршеңдігін тексеріп,елдің шикізатқа тәуелді экономикасын әртараптандыру мақсатында қай жобаны соңына дейін жеткізіп, қайсысын тоқтату керектігі туралы шешім қабылдамақ. 

Бюджетке түсетін ауыртпалықты азайту мақсатында ел үкіметі аталған жобаларға жеке секторды тартуды да ойластыруда. 

«Бір белдеу, бір жол» әлемдік экономиканы қалай өзгертеді?

Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» атты ірі бастамасы әлем экономикасының бағытын өзгертпек, деп жазады Синьхуа агенттігі.  

Басылымның хабарлауынша, Қытайдың экспорттық қуатын нығайтуға бағытталған бұл жобада Пекиннің ЕАЭО елдерімен арадағы экономикалық ынтымақтастығы маңызды рөлге ие. «Өйткені, Еуразиялық одақ нарығы Қытайдың ірі тұтынушыларының бірі Еуропаға ашылған есігі» деп жазады агенттік.

Бұл тұрғыда ЕАЭО мен Қытай арасында өзара сауда туралы келісімшарттардың берері сол екені айтылады. 

Осы орайда Қытай ақпарат агенттігі «Бір белдеу, бір жол» мегабастамасының әлем экономикасының бүгінгі бет-бейнесін өзгертетінін болжайды. Сарапшылардың пікірінше, теңіз жолы тасымалына негізделген бүгінгі халықаралық сауда болашақта Ұлы Жібек жолы бойында қайта жанданып, Еуразиялық кеңістік әлем экономикасының күретамырына айналмақ. 

Естеріңізге сала кетейік, алдағы мамыр айында Пекинде «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық форум ұйымдастырылмақ. 

ҚХДР ракеталық сынақтарды тоқтатпақ емес

Солтүстік Корея ракеталық сынақтарын жалғастыра береді, деп мәлімдеді елдің сыртқы істер министрінің орынбасары Хан Сон Рль дүйсенбі күні BBC-ге берген сұхбатында. 

Оның айтуынша, егер АҚШ өз тарапынан әскери шаралар қолға алатын болса, арада соғыс оты тұтанып кетуі ықтимал. «Егер Құрама Штаттар әскери шара қолдануға батылы барса, екі ел арасында басталып кететін соғысқа дайын болуы керек» деп ескертті КХДР сыртқы істер министрінің орынбасары. 

Ал ҚХДР-дың БҰҰ-дағы елшісінің орынбасары АҚШ-пен арадағы қандай да соғысқа дайын екендіктерін мәлімдеді. 

“Құрама Штаттар әлемдегі бейбітшілікке қауіп төндіруде. Олар өзге елдің саясатына араласуын тоқтатар емес. Олардың ойынша, әлемдегі тұрақтылық пен халықаралық құқықтың сақталуына тек солар ғана кепілдік бола алады. Олардың өздеріне деген сенімділігі Корей жартыаралында әскери операция бастауына түрткі болуда» деді елшінің орынбасары. 

Ертеректе АҚШ вице-президенті Майкл Пенс Солтүстік Кореяның ядролық сынақтарын тоқтату үшін Ақ үйдің Пхеньянға экономикалық және дипломатиялық қысымды еселей түсетінін мәлімдеген еді. 

Америка отандық өнім мен отандық еңбек күшіне басымдық береді

АҚШ президенті Дональд Трамп «Америкалық өнімді сатып ал, америкалықты жалда» деп аталатын жаңа протекционистік (отандық экономиканы қолдауға бағытталған) қаулы қабылдады, деп жазады Reuters агенттігі Ақ үйдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Президент әкімшілігінің мәліметінше, қаулы бойынша федералды келісімшарт негізінде мемлекеттік сатып алуларда америкалық тауарлар үлесін арттыруды көздейді.

Қаулы негізінде, құзіретті ведомство жекелеген компаниялардың шетелмен жасасқан сауда келісімшарттарында отандық өнімнің саудалануын бақылайтын болады.

Сонымен қатар, қаулы жұмыс күшіне де өзгерістер енгізбек. Нақтырақ айтар болсақ, АҚШ-қа шетелден жұмыс күшінің ағылуын реттеу мен жергілікті кәсіпорындарда америкалықтардың бірінші кезекте жұмыспен қамтылуы қарастырылған.  

Осы құжат негізінде елдің еңбек министрлігі, әділет министрлігі, ұлттық қауіпсіздік министрлігі мен сыртқы істер ведомствосы елдің көші-қон саясатындағы кемшіліктердің алдын алып, америкалық жұмыскерлердің мүддесін қорғамақ. Осы мақсатта ведомстволар шетелден келетін жұмыс күшіне қойылатын талапты күшейтіп, тек жоғары білікті мамандарға ғана рұқсат бермек.

Дайындаған Бауыржан Мұқанов

"Егемен Қазақстан"

Соңғы жаңалықтар