– Сіздің Моңғолия еліндегі өте қадірлі азамат болғаныңызды сипаттап жазатын тарихшы-профессор Зардыхан Қинаятұлының әдемі естелігі бар. Сіздер тәуелсіздік ала сала, алғашқы толқынмен атажұртқа оралғандарыңызда, моңғол министрінен «Қазақтарын көшіріп алып жатыр деп бізге ренжіп жүрген жоқсыңдар ма?» деп сұрағанда, моңғол министрі: «Әр азаматтың өз орны бар ғой, бірақ Қабылаш пен Зардыханның кеткені біз үшін ауырлау болды» деген екен. Ондағы ағайындарыңыз да, моңғол бауырларыңыз да «Қабылаш салған әндер-ай» деп әлі күнге тамсанып айтатын көрінеді...
− Қазақстанға қылшылдап тұрған қырықтың ішінде келіп едім. Елге оралғаныма биыл тұп-тура 25 жыл болды. Қазақ елі тәуелсіздік алып жатқанда, шынын айтайын, шыдап отыра алмадық. Бұл кезде менің жиырма жылдан бері Ұлан Батордың академиялық опера және балет театрының жетекші әртісі әрі бар атағын түгел иеленіп, абырой биігінде жүрген кезім. 1991 жылы қазақ елі талай ғасыр аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізіп, бір жағы мәре-сәре, бір жағы тұралап қалған экономикадан тауқымет шегіп қиналып жүрген кезінде Х.Уртнасан деген әріптесіміз екеуміз Абай атындағы опера және балет театрының шақыруымен гастрольдік сапарға келіп, «Травиата» және «Тоска» операларына қатысқан едік. Ол кездегі Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев, орынбасары Әшірбек Сығай, театрдың директоры Базарғали Жаманбаев еді. Сол сапарда Мәдениет министрлігімен де, театр әкімшілігімен де екі жыл қызмет жасайтын болып, келісімшарт жасастық. Бірақ Моңғолияға келген соң бұл келісім туралы ешкімге тіс жарып айта алмай, талай уақытқа дейін іштен тынып жүріп қалдым. Рас, моңғол елі мені төбесіне көтерді, өнерімді сүйді. Бірақ, менің өз Отаным бар. «Тәуекел, естіртейін» деп елге кету жөнінде өтінішімді жазып едім, театрдың директоры Эрденбулган естіген бойы тулап шыға келді. Екеуміз біресе ұрсысып, біресе татуласып, қызылкеңірдек болып айтысып, күн ұзаққа ырғастық. «Сен айтшы, Қабылаш, театр ұжымы осы күнге дейін сені қазақ деп алалап, шеттетіп ренжіткен кезі болды ма? Талантыңды, өнеріңді бағалауда әділетсіздік көрсеткен жеріміз бар ма? Бар болғаны, сен қазақ болған соң қазағыңа тартып барасың ғой», деп басын қос қолдап ұстап, қатты ренжіді. Ақыры Моңғолия Мәдениет министрінің алдына барып жүгініп, ол «екі жыл Абай атындағы опера және балет театрына келісімшартпен қызмет істеп қайтсын» деген үкімді әрең шығарып берді.
– Сіз Қазақстанға опера түгілі, ой, сана еңбегінің бәрі далада қалып, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дейтін тар кезеңде келдіңіз. Сағынып, өз көңіліңіздің алабұртқаны болмаса, ауыртпалықтармен арпалысып жүрген мұндағылар «Қабылаш келіп қалыпты» деп құшағын аша қоймағанға ренжіген жоқсыз ба?
− Құдайшылығын айтайын, сол қиыншылық туған елдің топырағына табанымыз тиген қуаныштың жанында түкке тұрмайтын еді. Қуаныш құшағында жүргенде сол қиындықтардың бәрі білінбей өте береді екен. Мәдениет министрлігіне қарасты жатақхананың екі бөлмесінде тұрсақ та, сол қуықтай бөлмеге елге белгілі адамдарды қонаққа шақырып, әңгімесін тыңдағанға мәз болып, мәре-сәре болып жататын едік. Несіне намыстанамын? Менің еліме келген қуанышымның жанында тіршіліктің тауқыметі деген не тәйірі? Тап сол күндерде Моңғолияның баспасөзі «Қабылашты Қазақстаны қабылдамапты да» деген желсөзді жариялап жатыпты. Мейлі, айта берсін, жаза берсін, ең бастысы, бақытты екенімді өзім білемін ғой. Ол жақта солай жазылып жатса, бұл жақта «Біз тұрғанда сонау моңғол елінде қаңғып жүрген қазақты несіне алып келді?» деген сөзді де құлағымыз естіді. Ең ауыры, осы болды. Сабырмен қараған жанға Жаратқанның сыйы бар. Бәрі де орнына келді. Қазақстандық өнер ортасынан құрмет пен қошемет таптым. Алғаш біз келгенде театрдың белді әртістері шет елге кетіп жатты. Сол қиын шақта олардың орнын толтырдық, жоқтатпадық деп ойлаймын. «Ер Тарғын», «Абай», «Евгений Онегин», «Қарғаның мәткесі», «Тоска», «Травиата», айта берсек толып жатыр, осы опералардың бәріне мен дайын болып келдім.
– Сіз Еуропада білім алған қазақ екенсіз. Моңғолияның сонау бір түкпірінде қоңыртөбел қазақ отбасынан шыққан қарадомалақ бала София консерваториясында білім алуға қалай қол жеткізіп жүр?
– Осы сауалды маған жиі қояды. Бірақ бұл сауалға жауап бермес бұрын, алдымен, кіріспесін айтайын. Мен өнерге бала күнімнен жақын болып өсіппін. Бірақ «өнерді сүйеді екенмін-ау» деп ол кезде ойламадым. Жөргекте жатып жылағанда, нағашыларым домбыра тартып, сыбызғы ойнап жұбатады екен. Мүмкін, сол дыбыстар құлағыма әбден сіңді ме, Алла тағаланың өзі икемдеп, табиғатымды жақын етіп жаратты ма, өмір жолымды өнерге қарай бағыттай беріпті. Бұлт сүйген Боғда тауларының батысында жатқан Бай-Бесікте балалығым өтті, кейін ішінде біздің де отбасымыз бар, 4-5 үйді бөлектеп, Моңғолияның ішкері жағына қарай көшірді. Мен таза моңғол мектебінде оқыдым, қазақша үйде ғана сөйлесеміз, сондықтан ана тіліме шорқақ болдым.
Кейін біздің үй Баян Өлгейге қайта көшіп кетті де, мен жаңадан құрылып жатқан опера және балет театрының хор класына қабылданып, Ұлан Баторда жұмыс жасап қалдым. Бірақ ән айтуға көңілім соқпады. Театрдың жұмыстан босатпайтынын білдім де, қулыққа көштім. «Үйіме жөндеу жұмысын жүргізу керек еді, әке-шешемнің жағдайы келмейді, мен барып жасауым керек» деп рұқсат алдым. Бірақ менің есіл-дертім театр емес, әкемнің жанында автобазада жүргізуші болып істеу еді. Дәнекерлеуші болып істейтін әкем мені жұмысқа кіргізіп те қойды. Сөйтіп, жүргенде партия комитетінен «Қабылаш қашып кетті, тез келсін» деген шақырту келді. Заңнан хабарым жоқ мен жайбарақат жүрген едім. Зиядабек деген өте зиялы ағам қайту керегін түсіндірді, мен «бармаймын» деп азар да безер боламын. «Ендеше, шу-шұрқан басылғанша сен Өлгейдің қазақ халық театрында істей тұр» деген кеңес айтты. Сөйтіп, жүргізуші боламын деген арманым адыра қалып, тағы да театрға қайтып оралуға тура келді. Менде ешқашан «әнші болайын, классикалық өнердің туын ұстайын» деген арман болған емес. Жұмыс істеп жүргеніме 2-3 жыл болған кезде Моңғолия жастарының ХV съезіне Өлгей жастарының құрамында делегаттыққа ұсынды. Сонымен қатар, Қазақстанда Моңғолияның мәдениет күндері өтетін болып, Мәдениет министрлігінен шақырту алдым. Екі оқиға қатар келсе де, мен Қазақстанға баруды жөн деп шештім.
– Осы сапар сіздің тағдырыңызда шешуші рөл болыпты ғой?
– Мен бірінші рет шет елге сапарлап шықтым. Онда да атын естігеннің өзіне мәз болып қалатын аңсаған атажұртыма сапар шектім. Біз Қазақстанға жазушы және әншілерден құралған шағын құраммен келдік. Жазушылар одағында үлкен кездесу өтті. Онда қазақ әдебиетінің Ғ.Мүсірепов пен Ғ.Мұстафин бастаған ірі ақын-жазушыларының бәрі болды. Солардың ішінде менің есімде қалған кәдімгі Сәбең – Сәбит Мұқанов еді. Басында сол баяғы ақ тақиясы бар, алпысты алқымдап қалған кезі. Аз-кем әңгімелесіп, жағдай сұрады да: «Сен бала, әлі жас екенсің, оқып, білім алуың керек. Алматы консерваториясында оқығың келе ме, біз саған қолымыздан келгенін аямай көмектесеміз», деді. Менің төбем көкке екі елі жетпеді. Атақты адамның осыншама кішіпейілдігі, мейірбандығы мені қатты толқытты. Бірақ елге келгеннен кейін Сәбеңнің тілегінің, менің қалауымның орайы келмейтін болды. Себебі, Моңғолия консерваториясы мен Құрманғазы атындағы консерваторияның арасында келісімшарт жоқ екен. Есесіне, Болгария астанасы София қаласының консерваториясымен екіжақты келісім бұрыннан бар болып шықты. Сөйтіп, мен Еуропаға оқуға аттандым.
– «Қабылаштың кеудесі үлкен, тынысы кең». Бұл пікір сізді табиғатынан тынысы кеңірек болып келетін еуропалық опера әншілерімен салыстыруға жетелейді. Мамандар да сіздің ән мектебіңіздің бөлек екенін, кейбір мықты деп саналатын әншілерден әлдеқайда ерекшелігіңіздің бар екенін айтады.
– Мен студент болған 1970 жылдардың өзінде Еуропада да жақсы ұстаздар тапшы еді. Менің бағыма ұстазым операның отаны Италияда оқып, білім алған халық артисі, профессор Христо Брьмбуров болды. Италия операсы мектебінде шыңдалған ұстаздардың соңғы буынының бірінен тәлім алу мен үшін бақыт еді. Атақты шебердің қойып берген дауысының арқасында өмірлік мақсатымды орындап келемін.
– Сізді Қазақстаннан ең алғаш танып, талантыңызды бағалаған белгілі өнер шебері Дүйсен Қасейінов екен.
– Біз үшін аса қадірлі Дүйсен Қасейінов консерваторияның ректоры болып жүргенде-ақ «бізге Еуропадан білім алып шыңдалған мамандар керек» деп мені консерваторияға шәкірт тәрбиелеуге шақырып жүретін. Жалпы, жақсыны тану, ұлтқа қажетті пайдалы дүниені көре білу Дүйсекеңе тән қасиет. Шүкір, қазір өзімнің де талантты шәкірттерім өсіп келеді. Жас та болса талантты Расул Жармағамбетов Бибігүл Төлегенованың халықаралық конкурсында Гран-при алды.
– Жазушыны қаламы, етікшіні бізі асырайтыны секілді, әйгілі Ермек Серкебаев та «менің связкам қырық жылдан бері асырап келеді» дейді екен. Қанша қашсаңыз да, айналдырып әкеліп өнер жолына салған «связкаңызға» сіздің де өкпеңіз жоқ шығар?
– Менің дауысым – лирикалық баритон. Алғаш театрға келгенімде Еуропа композиторларының шығармаларын түпнұсқа тілде орындау туралы басшыларға ұсыныс жасадым. «Көрермен түсінбей қалады» деген қауіп бекер, оны аударудың қажеті жоқ. Өйткені, классикалық өнердің бір-ақ қағидасы бар: мәселе тілде емес, операны тыңдағысы келетін адам – тыңдайды, қабылдағысы келмейтіні – қабылдамайды. Сол ұсынысымның әсері болды ма, осыдан кейін театр шет елдің классикалық шығармаларын түпнұсқада қойып келе жатыр. Дүние жүзі театрларының тәжірибесі мұның дұрыс екенін қуаттап отыр. Мысалы, «Евгений Онегинді» қазақша тәржімаласа, әнші дауысын шарықтатып, ұзақтау ұстап тұратын жерінде қазақша баламасы сәйкес келмей қалса, ол әнге нұқсан келтіреді.
– Сіз әлемнің көптеген сахналарында ән салдыңыз. Біздің ұлттық операмыздың әлеуетін қалай бағалайсыз, басқасын айтпағанда, өзіңіз жақсы білетін Моңғолия театрымен салыстыра айтқанда...
– Екеуі де көшпенді халық, екеуі де ән-жырға құмар, сауықшыл халық және сырттан келген адамға ерекше байқалатыны, қазақ – интеллектуал халық. Кез келген жаңалықты өте жылдам қабылдайды. Грузин, әзербайжан, өзбек сияқты өзімізбен одақтас болып келген ұлттардың ішінде орыс тілінде өте таза сөйлейтін қазақтан басқа қандай халық бар? Мектепті моңғол тілінде оқып-бітірдім. Мінсіз білемін десем, өтірік емес. Моңғол тіліндегі операларды бір моңғолдай-ақ шырқадым. Сол сияқты мұндағы әртістер де кез келген тілдегі операны жылдам меңгеріп айта алады. Қай елдің сахнасына апарса да, ұялмай көрсетуге болады. Әсіресе, соңғы жылдары жақсы дамып келеді. Әрине, «ешкімнен кем емеспіз» дейміз ғой. Бірақ кемшіліктер жоқ емес. Біріншіден, классикалық шығармаларды қоюшы режиссер тапшы. Жақсы дирижер жетіспейді.
– Дж.Вердидің «Риголетта» операсын қою үшін дирижерді Италиядан арнайы шақырып отырғаны сол екен ғой?
– Оның басқа да себебі болуы мүмкін. Бірақ «Риголетта» мүлде жаңаша келбетпен сахнаға дайындалды. Моңғолия опера және балет театрында өзім де Риголеттаны ойнағанмын. Жалпы, Риголеттаның партиясы, әні сондай әуезді, айтуға ыңғайлы болғанымен, баритон дауысты әншілердің мүмкіндігін қатал сынайтын, табиғи физикалық күші мен шыдамдылығын көрсететін, әншілігінен бөлек актерлік қабілетін жоғары деңгейде шыңдайтын рөл. Талай жылғы тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, кей әншілердің дауысы зор, күшті болғанымен, актерлік жағы кемшіндеу болып, сахна қозғалысы сай келмейді. Ал, кейбір әнші актерлік жағына көбірек көңіл бөліп, эмоцияға беріліп, дауыстың теңдігіне, музыкалық жағына мән бермей, ақсап жатады. Осы себеппен «Риголетта» операсының репетициясына қатысып, әншілерге кеңес беріп, бірлесе жұмыс істеп жатырмын. Мысалы, М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасы» – ұлттық опера өнеріндегі ең кәсіби тұрғыда жазылған дара шығарма. Бірақ тұлғалар азайған соң «театрға тек Біржанды ғана көру үшін келдім», «сахнаны жарқыратып тұрған тек Біржан ғана» дейтіндей Біржан әзірге шықпай жатыр.
− Ғаламтордан Батыс елдерінің сахналарындағы операларды тамашаласаң, заманауи техника мүмкіндігімен жарақтандырылып, кең ауқымда қойылған спектакльдер драмалық жағынан күрделендіріліп, тартысты, шытырман оқиғалы кино көргендей әсерде қалдырады...
− Шет елде әрбір жаңа спектакльді сахнаға қоярда өте кірпияз қарайды. Ал, орыс мектебі үлгісіндегі театрларда солистер дирижердің жоғары-төмен қалықтаған таяқшасына қарайлай береді. Дирижер пәрмен бермесе, әнші тіпті дауысын ала алмай қалады. Батыс елдерінде сәл басқаша, дирижер әншінің жетегінде жүреді. Әнші сахнада еркін, дирижер оның сол еркіндігіне еріп кетеді. Мысалы, ілгеріректе жасым отызды енді орталап қалған кезде, мені «Болгарияда оқыған» деді де, сол елде қойылатын «Карменнің» операсындағы Эскамильо рөліне ойнауға шақырды. Олардың жаңа қойылыммен қалай жұмыс істейтінін сонда көрдім. Операға қатысатын барлық әншілер, хор әншілерінің сыртында сол операға жауапты режиссер, дирижер, көмекші режиссерге дейін бүкіл партияны сөзімен жатқа білуі тиіс екен. Дирижерге телміріп тұрған бірде-бір әншіні көрмедім. Қызық болғанда, Карменнің рөлінде ойнайтын әнші Чехословакиядан дәл уақытында келе алмай қалды. Сонда жап-жас дирижер жігіт Карменнің партиясын бастан-аяқ француз тілінде жатқа айтып тұрды. Дирижер әншіден оқ бойы озық тұруы тиіс. Қалай дегенмен, Батыста операның дамығанына бес жүз жылдан асты, ал тарихы сексен жылды енді құраған қазақ опера театрын олармен салыстыруымыздың өзі оғаш. Кештеу дамыса да, үлкен өнердің соңынан ілесіп келе жатыр. Бұл үлгі аларлық мысал.
– Театрда тұлға болуы керек. Кешегі Ермек ағамыз бүкіл қазақ операсының айбыны сияқты еді, сол қатар сирей бастаған соң классикалық өнерде де салқынқандылық салтанат құрғандай. Ал тұлғасыз жерде өнер де тұлдыр жетім сияқты болмай ма?
– Халық әртісінің бәрі тұлға емес. Ал, Ерекең, Ермек Серкебаев нағыз тұлға еді. Өзі өте талантты, сәні де, салтанаты да келісті адам еді. Бірде-біреудің көңілін өсіріп, жақсы сөзін айтып, көңілін көкке самғатып жіберетін, ұнамаса, біреулерге қарсы шығып, бетің, жүзің бар демей, айтып салатын. Өнерге қазір осындай мінез жетіспейді. «Көп айтса, көнді, жұрт айтса, болды», жаялық болып төселіп, алдына түсіп алып, жорғалайтын жігерсіз адамдар тұлға туралы түсінікті де жоюға шақ тұр. Әншейін мақтағаннан өнер адамы өспейді. Болгарияда бірге оқыған моңғолиялық әріптестерімнің шеберханасынан білім алған 25-30 жас аралығындағы баритондар бүгінгі күні дүние жүзінің театрларын жаулап алып жатыр. Бәрінің кеудесі ашық. Ең дарынды опера әншілері саналатын халықаралық байқауларда солар жүлденің басын бермейтін болды. Классикалық өнерде, әсіресе, опера өнерінде тұлға көп болуы керек, себебі, олардың сахнада сомдайтын рөлдерінің өзі тұлғалардан тұрады ғой. Тұлға қоғамнан биік тұруы тиіс. Ой азаттығымен, сана сергектігімен. Өз басым тіл мәселесіне өте жауапты, өте кірпияз қараймын. Сондықтан болар, бес балам бес тілдің маманы болып, өмірден өз орындарын тапты.
Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»