Баяғы жартас – бір жартас...
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды». Кеше Үкімет басшысы биыл да жыр болған елдегі су тасқыны мәселесіне қатысты дәл осылай деді. Отырыстың негізгі күн тәртібін талқылауға көшпес бұрын Б.Сағынтаев су басу қаупінде тұрған және су басып жатқан облыстар әкімдерінің, сондай-ақ Ішкі істер министрінің есебін тыңдаған болатын. Премьер-Министр «баяғы жартас – бір жартас», жыл сайынғы мәселені шеше алмай отырғандарға қатаң ескерту жасады. Әкімдіктер мен жауапты мемлекеттік органдарға төтенше жағдайларға жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, аталған мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды.
«Жұмыс жүргізіп жатырмыз, қатаң бақылауда деп үнемі айтамыз. Бірақ келеңсіз жағдайлар орын алып отыр. Апат айтып келмейді десек те, соған қарсы өзіміздің іс-шараларымыз дайын болуы тиіс. Көп жағдайда өзімізден кеткен қателіктерден осындай жайттар орын алуда. Сондықтан, әкімдер, Ішкі істер министрлігі жағдайды қатаң бақылауда ұстап, төтенше жағдайдың әрі қарай өршуіне жол бермеуі тиіс», деді Б.Сағынтаев.
52 елді мекен зиян шекті
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, өткен аптаның соңындағы қардың күрт еріп, нөсер жауынның салдарынан су тасқыны қаупі күшейіп, өзендер мен су қоймаларындағы су деңгейі көтерілген. Бүгінгі күні 7 өңірдің 52 елді мекеніне тасқын судың зияны тиген. «Өңірлерде 1949 тұрғын үйді су басып, 120 автомобиль жолын су шайды. Қазір оның 68-і қайта қалпына келтірілді. Ең күрделі жағдай Ақмола облысында орын алуда. Онда 26 елді мекенде 893 үйді су басып, 2 418 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Мұнда күрделі жағдай Атбасар қаласында болып отыр. Бұл жерде Жабай өзенінің су деңгейі күрт көтеріліп, өткен жылы салынған қорғаныс бөгетін бұзып кетті, 269 үй су астында қалды, 130-дан астам үйді су басу қаупі бар», деді министр. Сондай-ақ, ол алдағы аптада Нұра, Есіл, Жабай және Колутон өзендеріндегі су деңгейінің артуы болжануына байланысты Қарағанды мен Ақмола облыстарындағы ахуал күрделене түсуі мүмкін екенін жеткізді.
Еліміздің тасқын су басқан өңірлерінен 6 мың адам қауіпсіз жерге көшірілген. 87 мыңнан астам мал басы қауіпсіз жерге шығарылыпты. Қазіргі уақытта су тасқыны салдарын жою үшін қауіпті учаскелерге 3 мыңнан астам адам жұмылдырылған.
Ішкі істер министрі, сонымен қатар еріген қар суы Астана қаласына қауіп төндірмеуі үшін қандай шаралар жүргізіліп жатқандығын баяндады. «Астана қаласы және оның аумағындағы елді мекендер су астында қалмауы үшін астаналық су реттегішке 132 млн тонна текше метр еріген қар суы жиналды. Су реттегіш 450 млн тонна текше метр суды қабылдай алады. Астана су қоймасына осы деңгейде су жинала беретін болса, тәулік ішінде су реттегіш суға толып кетеді. Салдарынан бөгет бұзылып кетуі мүмкін. Осыған байланысты шұғыл түрде еріген қар суын Астана қаласы мен төмен орналасқан Ақмола облысындағы өңірлерде қауіпсіз түрде шығару мәселесі туындайды. Біз осы сұрақ жөнінде кеше Ауыл шаруашылығы министрлігімен және Астана қаласының әкімдігімен ақылдастық», деді Ішкі істер министрі.
Су тасқынының себептері
Сонымен қатар, министр су тасқынының орын алуының басты себептерін айтып берді. «Біріншіден, биыл қар өте мол болып, шекті нормадан 3 есе асып кетті. Ал өткен аптаның бейсенбі, жұма және сенбі күндері жаңбыр жауып, ол қардың күрт еруіне түрткі болды. Соның салдарынан өзендердегі, су қоймаларындағы су деңгейі көтерілді. Екіншіден, салынған жолдар әрине, бөгет ретінде пайдаға жарады. Бірақ, еріген сулар сол жолдардың бойында жиналып, суағарлардың болмауы салдарынан жолдарды шайып кетті», деді Қ.Қасымов. Үшіншіден, су қоймаларының дұрыс есебі болмаған. Яғни, су қоймаларының иелері жазғы мезгілде суды егіншілікпен айналысатындарға және өнеркәсіптерге сату үшін көп жинап алуға тырысты. Бірақ су қоймаларына судың мол мөлшері түсіп, бөгеттің бұзылмауы үшін мәжбүрлі түрде суды көптеп ағызуға тура келді. «Ал тасқын су өзен арналарының төменгі сағаларына жайылып, елді мекендерді басып қалып отыр», деді министр.
ІЖӨ өсімі – 3%
Кешегі Үкімет отырысында қаралған негізгі мәселе – еліміздің биылғы жыл бойынша І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары. Бұл мәселе бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан экономикасында 2016 жылдың І жартыжылдығында қатты байқалған сыртқы жағымсыз әсерлер бүгінде толығымен жойылғанын атап өтті. Сондай-ақ, ел экономикасының жаңа сыртқы жағдайларға бейімделу кезеңі аяқталып, қалпына келтіру өсіміне қарай ауысқанын айтты.
«Алдын ала деректер бойынша, 2017 жылдың І тоқсанында елдің ішкі жалпы өнімі 3 пайызға өскен, ал өткен жылдың бұл кезеңінде аздаған қысқару байқалған болатын. Өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сауда салалары экономика өсімінің негізгі күшіне айналды. Биылғы жылдың басында тау-кен өнеркәсібі нашар көрсеткіштерден жақсы көрсеткіштерге ауысқан және өнеркәсіптік өндіріс қарқынында үдерісті жалғастыруда. ІЖӨ өсіміне ауыл шаруашылығындағы өндірістің 2,9 пайызға артқаны да оң әсерін тигізген. Бұдан өзге, құрылыс саласы да жақсы ықпал етті», деді министр.
Кіріс көбейді
Ал бюджеттің орындалуы жайында баяндаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың мәлімдеуінше, 2017 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет кірістері жоспарланған көрсеткіштерден асқан. Министрдің мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 116 пайызды құрады. Мемлекеттік бюджет кірістері есептік кезеңде 113 пайызға, оның ішінде республикалық кірістер 105 пайызға, жергілікті бюджеттер 134 пайызға асыра орындалды. Республикалық бюджетке 1157 млрд теңге сомасында кіріс түсті. Бұл жоспардағыдан 52 млрд теңгеге көп, ал өткен жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда 137 млрд теңгеге артық. Асыра орындау импорт көлемінің 25 пайызға артуы, металл бағаларының өсуінен және тауарларды өткізуден түскен айналымдар есебінен орын алған.
Қаржы тиімсіз басқарылған
«Мемлекеттік бюджет шығындары 97 пайызға орындалды. Республикалық бюджет бойынша игеру 98 пайызды құрады, бұл жергілікті бюджеттерге қарағанда жақсырақ. Өңірлік бюджеттер 97 пайызға атқарылды. Республикалық бюджет шығындары 2 065 млрд теңгені құрады», деді Б.Сұлтанов. Ал бұл биыл жергілікті қаржы тиімсіз басқарылып, оны жоспарлаудың сапасы төмендегенін білдіреді.
«Жергілікті бюджеттердің шығыстары 857 млрд теңгеге игерілді. 27 млрд теңге орындалмады. Өңірлердің шоттарындағы қалдықтар 339 млрд теңгені құрап, жыл басымен салыстырғанда екі есе өсті (135 млрд теңге). Өсу барлық өңірлерде орын алды. Бұл жергілікті қаржы-қаражатты тиімсіз басқаруды және жоспарлаудың сапасы төмендегенін көрсетеді. Бюджеттерді уақытында нақтылау кезінде осы қаражат басым шығыстарды қаржыландыруға бағытталатын еді», деді Қаржы министрі. Бұл ретте мемлекеттік органдарда бюджет қаражатының толық игерілмеуіне байланысты сөз қозғаған Б.Сағынтаев мұндай жағдайдың орын алуы негізсіз екенін айтты. «Бізде сол бір нәрсе жылдан-жылға қайталанады – сапасыз жоспарлау мен конкурстардың уақытылы өткізілмеуі орын алады. Орталықтандырылған деңгейде еш проблема жоқ. Демек, мәселе әкімшілер мен жергілікті жерлерге келіп тіреледі», деді Б.Сағынтаев.
Премьер-Министр сондай-ақ, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында қаржыландыруды арттыру арқылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды қаржыландыру жоспарын түзету қажеттігін атады. Сонымен қатар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне мемлекет қаражатын тиімді әрі уақытылы игеру бойынша пәрменді шаралар қабылдау тапсырылды.
Қаржы министрлігіне мемлекеттік сатып алулар бойынша сәйкес заң жобасын уақытылы ұсыну тапсырылды.
Көрсеткіштер көңілден шықпады
Үкімет басшысы сондай-ақ, Энергетика министрі, Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Инвестициялар және даму министрі, Білім және ғылым министрі, Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт министрлерінің баяндамаларын тыңдаған соң Бақытжан Сағынтаев 24 мақсатты көрсеткіштердің 9-ы бойынша артта қалу байқалып отырғанын атап өтті. Бұл орайда мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген қызмет түрлерімен салалар бойынша сарапшылар бағалауына сәйкес, экономиканың қосымша өсімі 0,55 пайыздық пунктке жетуі мүмкін еді деген Үкімет басшысы, мұны экономика өсімін қамтамасыз етуде қолда бар резервтер дәлелдейтінін жеткізді.
«Біз мұндай тәжірибені алғаш рет енгізіп отырмыз, ешқандай себептер қабылданбайды, бізге нәтиже керек. Мемлекет басшысы орташа мерзімде экономиканың 5 пайыз өсімін қамтамасыз ету міндетін қойды. Сондықтан, министрліктер басшыларының назарын әрбір көрсеткіштің орындалуы үшін жеке жауапкершілік жүктелетіндігіне аударамын», деді Б.Сағынтаев.
Премьер-Министр салалық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына мақсатты өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, биылғы жылдың І тоқсанының қорытындылары жақсы нәтиже көрсеткенін, алайда, бірінші тоқсандағы жетістіктер немқұрайдылыққа себеп болмауы тиіс екенін айтып, арқаны кеңге салуға болмайтынын ескертті.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»