Партия Төрағасының бірінші орынбасары барлық жұмыстардың негізгі көрсеткіші айтарлықтай жақсарғанына тоқталды. Атап айтсақ, орталықта да, жергілікті жерлерде де «Нұр Отан» партиясының барлық бөлімшелерінің қызметі жандана түскен. Бұл ретте, әсіресе, конституциялық реформа, Президенттің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы, Агроөндіріс кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, сондай-ақ «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы сияқты күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге ерекше көңіл бөлініп келеді.
Мұхтар Құл-Мұхаммед ресурстарды айқын бөлу мен менеджменттің тиімді үлгісі бар, сондай-ақ барлық деңгейдегі істің нәтижелілігін қатаң бақылауды қамтамасыз ететін партия қызметінің қысқа және ұзақ мерзімге арналған жоспарлауының жаңа жүйесін енгізудің арқасында жұмыс сапасының артып, қамтылу ауқымының кеңейе түскенін атап өтті.
Келешектегі негізгі басымдықтарға тоқталатын болсақ, Мұхтар Құл-Мұхаммед нұротандықтарға өткен аптада қазақстандық жетекші БАҚ-тарда жарық көрген және саяси, экономикалық қайта құрулармен қатар, рухани жаңғырудың жалғасы болып табылатын Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жаңа бағдарламалық мақаласына қатысты жалпыхалықтық талқылауларға белсенді қатысып, оны тиімді жүзеге асыруды тапсырды. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Елбасының жаңа тарихи бастамаларын түсіндіру жөніндегі жұмыстың ерекше маңыздылығына тоқталып, партияның бұл істің басы-қасында болатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар, жиын барысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы ахуал туралы да айтылды. Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отанның» өңірдегі филиалдарына зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсетуді тапсырды.
«Біз – қашанда бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан, кімге де болсын қамқорлық қолын созуға дайын халықпыз. Бұл жолы да сіздерді қиындыққа тап болған отандастарымыздың жағдайына бейжай қарамайды деп сенемін. «Нұр Отан» партиясы бұл қайырымды, сауабы мол істе көпке үлгі болуы тиіс. Су тасқынынан зардап шеккендерге қолұшын созу – біздің азаматтық абзал борышымыз. Сондықтан, жергілікті жерлерде осы бағыттағы жұмысты жедел әрі жүйелі ұйымдастыруымыз керек», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.