Құжатты «ҚазАқпарат» агенттігінің бас директоры Асқар Омаров пен Түрікменстан мемлекеттік ақпарат агенттігінің төрағасы Бекдурды Амансарыев рәсімдеді. Асқар Омаров өз сөзінде келісімшартқа Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында қол қойылып отырғанын айтты.
«Келісімнің негізгі бағыты бауырлас екі елдің арасындағы байланыстарды нығайтып, жаңалықтармен бөлісу болмақ. Өздеріңіз де білесіздер, қазіргі кезде Орталық Азия елдерінің арасында интеграциялық үдерістер өте қарқынды жүргізілуде. Түрікменстан мен Қазақстан арасында да бірқатар жоба бар. Мәселен, «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жолы салынған. Мұнан өзге де жобалар іске асырылуда. Солардың барлығын Түрікменстан ақпарат агенттігінде, «ҚазАқпаратта» жариялап отыратын боламыз. Яғни, өзара ақпарат алмасу туралы бұл меморандум екі елді бір-біріне жақындата түсу үшін жасалды», деді «ҚазАқпараттың» бас директоры.
Өз кезегінде Бекдурды Амансарыев агенттіктер арасындағы келісімге қол қою рәсімін екі ел Президенттерінің маңызды келіссөздері аясындағы тарихи сәт деп бағалайтындығын атап өтті. «Біздің халықтарымыз тарихы мен мәдениеті ортақ бауырлас халықтар саналады. Алға қойған мақсатымыз бір, экономикалық байланыстарымыз жоғары», деп атап өтті ол.
Шара соңында Бекдурды Амансарыевқа шапан жабылып, қонаққа сай құрмет көрсетілді. Бауырлас елдің өкілдері де құрқол келмей, құнды кітап тарту етті.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»