Қазақстан • 19 Сәуір, 2017

Керекті жәрдем көрсетіледі

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бұқаралық ақпарат құралдары өкіл­дерімен кездесіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсет­кіштерімен қоса, жұртшылықты толғантқан мәселелермен де ой бөлісті.

Керекті жәрдем көрсетіледі

Қалам иелері тарапынан су тасқынынан зардап шеккендерге байланысты сауалдар қойылып, атқарылып жатқан шаралар кеңінен әңгімеленді. Сәуір айы нағыз сын кезеңіне айналды. Биыл ылғалдың мол түсуіне орай жергілікті билік су тасқынының алдын алу жұмыстарына бір кісідей жұмылып отырғанын айта келіп, Құмар Іргебайұлы Ғ.Мүсірепов ауданында орын алған оқыс оқиға ерекше бақылауда тұрғанын, су астында қалған 235 үйдің бәріне қаржылық жәрдем көрсетілетінін, 7 баспананың мүлдем жарамсыз қалғанын, қазір шығын көлемі есептеліп жатқанын жеткізді. Апатты жерлерді қалпына келтіру ісі аяқталып, ол жаққа қосымша күштер жіберілген. Жамбарақ өзеніне таяу орналасқан Рузаевка ауылының су басқан 186 үйі де жәрдемсіз қалмайды. 578 тұрғын қауіпсіз жерлерге көшіріліп, ыстық тамақпен, жатын орынмен толық қамтамасыз етілген. 

Бір шаруа қожалығының қора-қопсысы су ас­тында қалып, жүзге жуық ұсақ ма­лы шығын болды. Оған да материалдық кө­мек бе­ріледі. Облыс әкімінің ай­туын­ша, та­биғи апатқа байланысты арнайы ко­мис­сия құрылып, құрылыс брига­да­лары тар­тылады. Шығын көлемі нақты есеп­телген соң, бюджеттен қаржы қарасты­рыла­ды. Басқа да шұғыл шешімдер қабыл­данады. Қазір қарғын су деңгейінің төмен­де­гені байқалады. Су апатының салдары бо­йын­ша кешенді шаралар одан әрі жалғасуда.

Ақан-Бұрлық өзеніне жақын орналасқан Чистополье елді мекенінде жағдайдың күрделі екені ескеріліп, тұрғындар мен малдар қауіпсіз жерлерге көшірілген.

Қ.Ақсақаловтың сөзіне қараған­да, жағдай жіті бақылауда тұр. Қауіп сейіл­­ген­ше көмек үзілмейді. Осындай қатердің болатыны күнібұрын ескеріліп, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің жеткі­лікті қоры қамтамасыз етілген. Қатерлі аймақтарда техника мен қайықтар саны көбейтілген.


Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы



Соңғы жаңалықтар