«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Рахат ЖАҚСЫБАЙ қазір әлемдік жоғары оқу орындарының үздік бестігіне кіретін Лондон Университет Колледжінің (University College London) магистратурасында оқып жатыр. Онымен әңгімеміз британдық оқу жүйесі, білім бизнесі, мамандық таңдау, баспасөз туралы өрбіді. Сөз неліктен көпшіліктің таңдауы Британ білім жүйесіне түсетіндігінен басталды.
– Ағылшын тілді елдерге білім алуға ынталы қазақстандық студенттердің басым бөлігі Британ университеттерін таңдайды. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының шамамен үштен екісі Ұлыбританияда. Меніңше, мұндай таңдаудың қарапайым үш себебі бар. Біріншіден, көпшілік ағылшын тілін негізгі тұнығынан үйренгісі келеді. Екіншіден, Британ университеттерінің білім рейтингіндегі беделі жоғары. Тіпті, Корольдіктің бір қиырында орналасқан университеттің аты беймәлім болар, алайда сол оқу орны тереңірек маманданған бір салада, ғылымы озық, студенті озат шығуы мүмкін. Үшіншіден, Америка не Австралияға қарағанда, Лондон дегенің «мынау тұрған жер», келім-кетімге ыңғайлы. Бұл әсіресе, отбасылы студенттер үшін қолайлы дер едім.
– Ал өзіңіз неліктен Лондондағы оқу орнын таңдадыңыз?
– Алғаш құжат жинай бастағандағы меже, айталық, «Болашақтың» тіл талабын орындауға жетіп алу болса, кейін тіл курсын тәмамдап, университет таңдайтын деңгейге жеткенде, өз-өзіңе деген талап та өсе түседі. Әрине, оқу орны бірнеше өлшем бойынша таңдалуы тиіс. Мамандықтың мазмұны, университет рейтингінен бастап, оқудың ауыр-жеңілдігі, оқитын қаланың арзан-қымбаттығы, орталықтан алыс-жақындығына дейін бір шолып шығу артықтық етпейді. 7-8 жылдай жұмыс тәжірибесінен кейін, үйренген ортаны тастап, қайтадан студент атану оңай емес. Ал атандың екен, мемлекет қайсы білім ордасында оқисың деп таңдау берген екен, ендеше ол мүмкіндікті пайдаланып, үздігінде оқуға тырысқан жөн. Меже алдыңда болғанда одан қиыны жоқ, нәтиже артыңда қалғанда одан оңайы жоқ. Мұның бәрін санамалап, анықтап айтып жатқан себебім, шетелде оқып, үздік тәжірибені елге әкелем деген болашақ студенттердің бірі болмаса біріне дұрыс ақпарат жетсін деген ой. Шама келіп жатса, озығына ұмтылған дұрыс. Лондонды, UCL аталатын оқу орнын таңдаған себебім сол.
– Білім туризмі бойынша Ұлыбритания көш бастап тұр. Осының сырын сіз неден көресіз?
– Британияда білім саласы ғылым-білім құндылығын таратушы, мәдени ықпалдасу ортасы ғана емес, ол сонымен бірге алып бизнес машинасы да. Университеттер өздері ғана табыс тауып отырған жоқ, сол оқу орындары орналасқан қалалардың бюджетіне де кіріс әкеледі. Қаражат пен инвестицияның қомақты бөлігі университеттерде шоғырланған. Ғылыми жобалар мен жаңалықтар да осында ашылып, жарияланып жатады. Мұның бір себебін мен ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жүйемен байланыстырамын. Дамушы елдерде көп мәселе тұлғаларға байланысты болады, ал дамыған елдерде проблемалардың басым бөлігін жүйе шешеді.
Білім индустриясында көп нәрсе жолға қойылған. Мұнда әрбір әлеуетті студент үшін бәсеке бар. Себебі, Британ университеттері автономды, яғни дербес басқарылады. Тиісінше, оқу бағдарламасынан бастап оқу ақысы, оқу мерзімі, емтихан тәртібіне дейінгі шешімдер дербес реттеледі. Барлық оқу орындарына тән ортақ болып келетін ұқсастықтар бар. Мәселен, диссертациялық жұмыс пен эсселерде плагиатқа қатал қарау – барлығына бірдей тәртіп. Мұнда плагиат дегенді біз ойлап жүрген біреудің еңбегін сол күйі көшіре салу ғана емес, біреудің идеясын өз сөзіңмен жазып, алайда авторын көрсетпеу деп те түсіндіреді. Бұл талапты «копи паст» тәсілден арылу, білім алу құндылығын арттыру үшін бізге де енгізу аса қажет деп білемін.
– Шет елде білім алу үлкен ыждағаттылықты қажет ететіні белгілі. Сіз оқып жатқан мамандықтың ең қиын тұстары туралы не айтар едіңіз?
– Жоғарыда сөз еткеніміздей, мұнда мамандық атауы бірдей, ұқсас болғанымен, мазмұны жағынан әралуан болып келеді. Жеке тәжірибем бойынша айтсам көбірек түсінікті болатын шығар. Мен «Болашақтың» бұқаралық ақпарат құралдары редакциясы қызметкерлеріне арналған бағыт бойынша стипендиат атандым. Бакалавриат алған дипломыма және квоталық бағытқа сәйкес мамандық «Болашақ» тізбесінде «Жобаларды басқару. Адами ресурстарды басқару» деп аталады. Бұл бір ғана мамандық емес, осының аясында сізге, мысалы, жобаларды басқаруға жақын келетін отыздан аса магистратура бағдарламасының тізімі қоса ұсынылады. Сіздің де таңдау жасайтын тұсыңыз осы. Қазір мен оқып жатқан курс – «Жобалардың стратегиялық менеджменті» деп аталады. Осы бағдарламаның, әсіресе назар аудартқан тұсы «стратегия» сөзі болды. Себебі, бізге жағдайға тереңірек үңілу мен алысқа қарай көз тастау, ұзақ мерзімді мұраттарға ұмтылу аса қажет. Әлбетте, оқу бағдарламасы көңіл бөлуді, орындыққа жайғасып, кітап оқуды, оқығаныңды сыннан өткізіп, қағазға түсіруді талап етеді. Сенің негізгі бағаланатын тұсың сыни ойлау мен жазу болғандықтан, ыждағат ететін тұсың да осы жазу. Сабақта ана тілінде сайрап отыратын британдықтар да жазуға келгенде көп күш жұмсап жатады. Себебі, жазу, қағазға түсіру деген қай тілде де оңай емес.
– Білімді бизнеске айналдырған ел деп қалдыңыз. Ал бизнестегі қарапайым қағида – «клиенттің айтқаны әрдайым дұрыс» емес пе? Бұл жағынан студент пен университеттің, оқытушы мен студенттің арасындағы қарым-қатынас қандай?
– Университет әрбір студенттің оң бағасын алуға тырысады. Студенттің пікірі университеттің алдағы жоспарына, келетін студент санына әсер етуі мүмкін екенін жақсы түсінеді. Мәселен, UCL университетінде пост-градуейт, яғни PhD мен магистратурада оқитын студенттер саны жалпы студенттің жартысынан асады. Магистратура бағдарламасы бір жыл екенін ескерсек, жыл сайын студенттердің үлкен буыны түлек атанып, келесі тобын қарсы алу қажет боп шығады. Ал оқытушы мен студенттің қатынасы «ағай-апай» емес, көбіне тең деңгейдегі қарым-қатынасқа құрылады. Оқытушы басқа салада білмей қалуы мүмкін, онысын жасырмай айта салады, бірақ өзі беретін курсы мен тақырыбына тыңғылықты дайындалып келеді. Осы бағытта жазған бірнеше ғылыми мақалалары бар болып шығады. Тек қана академияда емес, өндірісте, бизнесте, үкіметте жұмыс жасаған тәжірибесімен келеді. Сосын тиісінше, студенттің алдында бедел пайда болады.
Бұларда да аудитория жетпей қалу, техникалық қиындықтар, бюрократиялық кедергілер баршылық. Ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан бір мәселелер болады. Студент ретінде айтасың, бірақ ешнәрсе өзгере қоймауы мүмкін. Бірақ ең бастысы, сені мектептің (біздіңше, кафедра, мүмкін кейде факультет) жиналысында барлық оқытушы-профессорлар құрамы тыңдайды, мәселе көтергеніңді қуаттайды. Шаруаң шешілмейді, бірақ сен тыңдалдым деп ризасың. Психология ғой. Негізі атап өткеніміздей, жүйе жолға қойылған соң сырт-сырт соққан сағат сияқты жұмыс жасап кете береді.
– Медианың өз өкілінен ағылшын тілді БАҚ туралы да сұрайық. Лондонда не оқисыз, не қарайсыз? Олардың көтеретін тақырыбы қандай?
– Британия дегенде, бірінші еске түсетіні ВВС ғой. Жақында ғана қазақстандық делегациямен бірге осы арнаның BBC World қызметі ұйымдастырған стратегиялық коммуникациялар тақырыбындағы семинарына қатысып, корпорацияның ішкі тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алдым. Сол семинардан бір ғана фактіні айтайын. Соңғы жылдары аудиториясын жүз миллионға арттырып, жарты миллиардқа жеткізген арна көрермен азайып кетті дегенмен келіспейміз дейді. Алайда, алып корпорациялардың онлайн-өмірмен біте қайнасып кеткенін атап өтуіміз керек. Фейсбуктағы 50 миллион оқырманы осыны аңғартса керек. Әртүрлі әлеуметтік сауалдама, Google құралдар, зерттеулер арқылы өз аудиториясын жақсы біледі. Мақсатты аудитория үшін жұмыс жасайды. Телефонға арналған бағдарламалық қосымшалар да соған ыңғайланған. Мәселен, спортсүйер оқырман болсаңыз, бір мәрте осындай жаңалықтарды оқып, өзіңіз туралы ақпар бердіңіз бе, келесі жолы сізді қызықтыратын спортқа қатысты жаңалықтарды ұсынады. Фейсбук желісінің алгоритмі ауысқаны да содан. «Лентаңды көрсет, кім екеніңді айтайын». Себебі, сіздің лентаға бірінші шығатын адамдар мен жаңалықтар – сіз көбірек оқитын, сіз қызығушылық танытқан жандар мен тақырыптар.
Осы арна болсын, басқа да ағылшын басылымдары болсын, негізінен интернет-нұсқаларынан оқимын. Ал Лондонның өз жаңалықтарын жазатын, тегін таратылатын «Evening standard»-ты («Кешкі стандарт») қағаз нұсқасында оқимын. Жалпы, бізде, ұлт, діл, дін деген тақырыптар үнемі назардағы тақырыптар болса, мұнда саяси тақырыптар көбінде алдыңғы кезекте көрінеді. Қазір, мысалы, негізінен Ұлыбританияның Еуропалық одақтан бөлінуі көп талқыға түсіп жатқан мәселе. Лондонның апталық газеті басым бөлігін жергілікті, лондондық жаңалықтарға арнайды.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»