Қазақстан • 19 Сәуір, 2017

Арт-орталық өнер жетістіктерін паш етеді

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында әлемдік өнер жетіс­тіктеріне және танымдық оқу-ағарту мәселелеріне ар­нал­ған шаралар да мол болатын сы­ңайлы. Оған кеше көрме қала­шығы аумағында шаңырақ көтер­ген «Astana Contemporary ArtCenter» орталығы павильо­ны­ның тұсаукесерінде көзіміз жетті.

Арт-орталық  өнер жетістіктерін паш етеді

Бұл павильонда ТМД мемле­кеттерінің өнерінің озық үлгі­лерін топтастырған «Garage» атты бүгінгі заман өнері орталығының және «Grand Palais» атты Фран­ция ұлттық музейі бірлестігінің жетістіктері паш етілмек. Ол туралы ЭКСПО-ның жаңа медиа орталығында осы Арт-орта­лықтың ашылуына арнал­ған тұсаукесерде «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының кон­тент және шаралар ұйым­дастыру департаментінің директоры Марат Омаров баяндады. 

ЭКСПО Арт-орталығы екі қабатты ғимараттан тұрады. Мұнда шаралар негізінен – ағарту және мәдениет бағыты бойынша жүргізіледі. Орталықтың бірінші қабатында кинозал, шығар­машылық шеберханалар, көрме қойылымдары, Қазақстанның 12 жас суретшісіне арналған «Жа­ңа медиа» атты зертхана жұмыс істейтін болады. Екінші қабатта «Grand Palais» атты Франция ұлттық музейі бірлестігі шеберлерінің өнер туын­дылары орналастырылмақ.

«Арт-орталықтың екінші қабатында 13 мемлекеттен келген 17 суретші өздерінің өнерпаз роботтарын көрсетеді. Бұл роботтар көрмеге келушілердің көз алдында әртүрлі аспаптар мен неше түрлі өнер туындыларын жасайтын болады. Мәселен, бойы 4 метрге жететін Кука атты робот тұтас кесек тастардан көз жауын алатын неше түрлі мүсіндерді жасайды», деді департамент директоры Марат Омаров өз сөзінде.

Оның айтуы бойынша, ЭКСПО-2017 қалашығындағы Арт –орталықтың жұмысын бір сағатта 400-ге жуық адам тама­шалауға тиіс. Сөйтіп, Астанада көрме жалауы желбірейтін 93 күннің ішінде бұл орталыққа 432 мың адам келеді деп күтілуде. Орталық 4 жастан асқан балалардан бастап ересектерге дейінгі көрермендердің сұранысын толық қанағаттандыруды жоспарлап отыр.

Әлем жұртшылығы 2019 жылы ғана танысуға мүм­кіндік алатын роботтар ЭКСПО-2017 көр­месінің аясында осы Арт-орталыққа келушілерге алғаш таныстырылады.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар