Қазақстан • 20 Сәуір, 2017

Имамдар форумы өтті

562 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Ислам және өркениет» тақырыбына арналған ІІ Республикалық имамдар форумы болып өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және т.б. мемлекеттерден 500-ден астам имам жиналды.

Имамдар форумы өтті

Форум жұмысына Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, дінтанушылар қатысып, сөз сөйледі. Осымен екін­ші мәрте ұйымдастырылған фо­рум еліміздегі және аймақтағы Ис­лам дінінің бүгінгі ахуалы мен дамуын ортаға салды. Форум жұ­мысын ашып, негізгі баян­да­маны жасаған ҚМБД-ның  төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өзінің сөзінде алғаш­қы форумның 2015 жылы өткізіл­генін айта келіп, онда «Қазақ­стан мұсылман­дары­ның тұғырнамасы», «Бүгінгі мұсыл­манның бейнесі», «Имам келбеті» және «Дін қыз­мет­­керінің этикасы» сияқты 4 құжат қабылданғанын еске салып, олар имамдардың білімі мен тәжірибесін арттыруға үлкен сеп­тігін тигізгенін атап өтті. 

Одан әрі мүфти-хазірет форум­­да қабылданатын екі құжат туралы айтып, олардың маңы­зы мен мазмұнына тоқ­талды. Бүгін­нің озық талабына жауап бере алатын білімді де білікті имам­дар тобын қалып­тастыру мақ­саты­мен дайын­далған бұл құжат­тар­дың атауы: «Үздік зият­кер имам» және «Дәстүрлі Ислам – Әбу Ханифа мазһабы». Қазақ ұстанатын Әбу Ханифа мазһа­бы­ның озық қырларына тоқтал­ған ға­сыр­лар бойы халқымыз­дың, ата-бабамыздың жан-дү­­ние­­сі­мен үйлесіп кеткен оны уа­ғыздау шараларының үзбей жүргізілетіндігін айтты. Сонымен бірге, Бас мүфти өз баяндамасында «Үздік зияткер имам» тұжырымдамасын дін қызметкерлерінің беделі мен білімін арттыру бағытындағы бірегей қадам деп бағалады.

«Қабылданғалы тұрған тұ­жырымдамада дін қызмет­кер­лерінің, яғни Бас имам, наиб имам, ұстаз, молда, азан­шылардың лауазымдық міндеті мен мәртебесі айқын­далды. Бұдан былай дін мамандары жоғары лауазымды қызметтерге сатылап тағайындалатын болады. Имамның қызметі тек бес уақыт намазға имамдық ету­мен шектелмейді. Оның уағыз айту, діни рәсімдерді ат­қару, мешітке келген әр­бір жамағаттың сұрағына жауап беру, рухани іс-шара­лар ұйымдастыру секілді жауап­кершілігі жоғары көп жұмыс­тары бар. «Үздік зияткер имам» атты құжаттың басты мақсаты – ХХІ ғасырдың имамдарын заман талабына сай жан-жақты білімді, білікті, зайырлылық прин­циптерді ұстану жағынан басқа жамағатқа үлгі ету. Сонымен қатар, бұл тұжырымдама елі­міздің мұсылмандарын бірлік­ке, татулыққа шақырып, халықты ұлтымыздың әдет-ғұрыптарын сыйлауға, зайырлылық прин­циптерді ұстануға, діни экст­ре­мизм мен терроризмнің кез келген түріне төзбеушілікке үндейді», – деп атап өтті Бас мүфти.

Сонымен бірге, ол өз сөзін­де барлық имамдардың аттес­таттаудан өтіп, білімдері жетілдірілетінін де жеткізді. Оның сөзінен қазір 100-ге жуық имамның Египет пен Түркияда білімдерін жетілдіріп жатқаны белгілі болды.

Форум аталған құжаттарды бірауыздан қабылдады және жұмыс қорытындысы бойынша үндеу қабылданды. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында діни экст­ремизмді насихаттаудың ал­дын алу, әсіресе, интернет пен әлеу­меттік желіде оның жолын кесу, радикалды көзқарасқа «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру қажеттігін атап өткені жет­кі­зіліп, оны сөзсіз қолдау қажет­тігі айтылған. Сонымен қатар, бас бостандығынан айы­рыл­ған азаматтарды теоло­гиялық тұрғыдан сауаттандыру, өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қо­сымша қадамдар жасау қа­жет­тігі жөнінде тапсырмалар жүктеді.

«Жолдау жүктеген міндет­терді сапалы орындау мақса­тында діни экстремизмнің алдын алу, тұлғаларды оңалту және оларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жан-жақты білімді, білікті және мемлекет мүдделерін қорғай алатын, діни мәселелер бойынша терең ғылыми ізденістер жасай алатын имамдар корпусын жетілдіруі қажет деп санаймыз.

Біз, ІІ Республикалық имам­дар форумына қатысушылар, Ислам­ның бірлік пен бей­біт­шіліктің, ғылым мен өркениет­тің діні екенін тағы да паш етеміз. Асыл дініміз ғылымды жоқ­қа шығармайды, ол – зама­науи ғылымның негізі, ірге­та­сы. Сондықтан Ислам – бүкіл адамзат өркениетінің көш­бас­шысы. Бүгінгі заманауи өрке­ниет, ғылым қашанда Ислам құндылықтарына қарыздар деп санаймыз», делінген үндеуде.

Форумның екінші бөлігінде шараға қатысқан имамдар үшін семинар ұйымдастырылды.


Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»