Медицина • 20 Сәуір, 2017

Құнды идеяны шетелдік ғалымдар да қуаттады

201 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Архив және қоғам» айдарымен тақырыптық кездесу өткізген Қазақ­стан Республикасы Президенті архиві Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқы­лау­ға арнап, жаңа бастамадағы бағыт­тар­дың құндылығын саралады.

Құнды идеяны шетелдік ғалымдар да қуаттады

Архив директоры, техника ғылымдары­­ның докторы Борис Жапаров жүргіз­ген кездесудің басты ерекшелігі – Ел­басы көтерген идеяға шетелдік ға­лым­­дардың көзқарас білдіруі бол­ды. Ки­бернетика мен жүйелі зерттеулер саласы бойынша Халықаралық озық зерт­теулер институтының директоры және дирек­торлар кеңесінің төрағасы кана­­далық Дж.Ласкер мен Жапониядағы Рицумейкан университетінің құрметті профессоры, экономика ғылымдарының докторы Кей Карасава барша қазақ­стандықтар алдына қойылып отырған рухани талаптарға байланысты бас­қосуға арнайы шақырылған Алматы қаласындағы қоғам қайраткерлерімен бірге ой қосып, Қазақстан ғалым­дары­мен бірлесе атқаратын ортақ жобалар жөнінде әңгімеледі.

Президент архиві директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Қайрат Әлімғазинов бағдарла­ма­лық мақаланың маңызы туралы арнайы баян­дама жасап, ұлттық сана-сезімінің дамуына ықпал ететін негізгі тетіктерді атай отырып,  халқымызға рухани азық болатын терең мазмұнын тарата айтты. Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі идея осы уақытқа дейін жүргізілген рефор­малардың заңды жалғасы болуымен мәнін байытып, құндылығын арттыра түспек.

Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі Әбдіқаппар Әшімов те саяси және халықаралық тұрғыдан көшбас­шылыққа ие бүгінгі Қазақстанның жаңа келбеті туралы әңгімеледі.  

Электртехника мен компьютер ғылымы саласы бойынша мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, әлемнің белгілі университеттерінде дәріс оқып, көптеген ғылыми жобаларға жетекшілік жасаған Е.Ласкер Қазақстанды бұрыннан білетінін, қазба байлығы мол, саяси тұрақты ел ретінде танитынын және Қазақстанға ақпараттандыру жүйе­сі, математикалық және компьютер­лік модельдеу мамандығы бойын­ша білім алып жатқан магистрант­тар мен докторанттарға дәріс оқуға арнайы шақырылғанын жеткізді. Елбасы Н.Назарбаевтың жаңа бағдарламалық мақаласы туралы естіп, мазмұнымен танысқаннан кейін Президенттің елде түбегейлі жаңару үдерістерін жүргізуге бағытталған бастамасын қолдайтынын айтты.

Ал жерінде табиғи қазба байлығы жоқтың қасы болып есептелетін, алайда адам еңбегі аса құнды капитал болып саналатын Жапониядан келген құрметті профессор Кей Карасава Қазақ­станға алғаш рет 1990-жылдары Эко­номика министрлігінің шақыруымен келсе, бұл жолы академик Ә.Әшімовтің ұсынысымен студенттер мен ғылыми ізденушілерге  арнайы дәріс оқуға келген. Кей Карасава болашағы зор жас мемлекеттің әр жетістігі халық сенімін нығайтып, ертеңге үмітін ұлғайта түссе деген тілегін білдірді.


Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»


АЛМАТЫ


Соңғы жаңалықтар